Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құран жарысы өтті

13.04.2014 4442 0 пікір

Орал қалалық мешітінің бас имамы Әлімхан Нұрмаханұлының ұйымдастыруымен сәуірдің 10-ы күні Орал қалалық мешітінде Құран Кәрімнің соңғы екі (29,30 жүз) парасын тәжуид ережелеріне сай жатқа мәнерлеп оқу мен азанды әуенді дауыс ырғағымен айтудан байқау өтті.

 Іріктеуден өткен 45 азамат қатысқан мұндай ауқымды сайыс қаламызда алғаш рет өткізіліп отыр. Жас ерекшеліктеріне қарай шектеу қойылмаған бұл жарысқа бақтарын сынау үшін ҚМДБ-сы «Орал» медресесі студенттері, діни сауат ашу курстарының шәкірттері, мешіт жамағаты және аудан мешіттерінде сауаттарын ашып жүрген азаматтары мен БАҚ өкілдері де қатысты.

Құран Кәрім мен азанды жүрегіне қондырып, оның асыл сөздерін оқып, жаттаған үміткерлерге медресе ұстазы, Мысырлық Мухаммед Шушан қари, облыстық орталық мешітінің найб имамы Мұратбек Қыстаубаев, Орал медресесінің ұстазы Әл-Азһар университетінің түлегі Әсет Раманқұлов, Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Мейрамбек Абрахманов қазылық етті.

Қазылармен ақылдасу арқылы бұл жарысқа арнайы талаптар қойылды. Құран оқыған кезде тажуид ережелерін толық білген, кемінде 20 сүре жаттаған, азанды айтқанда дауысы көркем болғаны, азанды мәнерлеп айтқанда қате жібермеген жас білімді таланттарды анықтау .

Алғашқы болып сөз сөйлеген Орал қалалық мешітінің бас имамы Әлімхан Нұрмаханұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс талаптарын түсіндірді. Мешітке жамағат лық толды, көрермендер де соңына дейін қатысып, бағаларын беруін сұрады.

Сөйтіп жарыс басталып кетті. Ең алғаш Құран жаттағандар бақ сынасты. Олардың ең жасы Жанақала ауданынан келген он екі жасар Каспий Әлімбек болатын. Әр қайсысы бірінен асқан үміткерлер екен. Тіпті, отыз бен жиырма тоғызыншы параның кез-келген жерінен сұрағанда, мүдірмей жауап беріп жатқандары да бар.

Азан жарысында 22 азаншы бақ сынасты. Оған мешітіміздің ақсақалдары да қатысқан болатын.

Бесін намазынан соң бастау алған жарыс аср намазына таяғанда қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар белгілі болып, оларды марапаттау рәсімі өтті. Құран жарысының қорытындысы бойынша 1 орын – Битеуов Рахымжанға (90.000 теңге), 2 орын - Сидалиев Казыбекке (60.000 теңге), 3 орын – Темірболатов Әділбекке (40.000 теңге) берілді. Ал, азан жарысында 1 орын –Қанатқали Саятқа (35.000 теңге), 2 орын – Каспий  Әлімбекке (25.000), 3 орын – Абжанов Ержанға (15.000 теңге) тиесілі болды. Қалған қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен қасиетті Құран Кәрім сыйға тартылды.

Құран және азан жарысында озып шығып, өзінің алғыр да білімді екенін байқатып, жеңіс тұғырынан көрінген жастарымызға мешітіміздің ақсақалдары баталарын беріп, сыйлықтарын табыс етті. Осылайша Орал қалалық мешітінде Құран Кәріммен азан айту байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жамағатымыз дән риза болды.

Болашақта мешітіміз фиқх, ақида және хадис ілімдерінен де осындай сайыстар өткізуді көздеп отыр.

Нұрлан Саматұлы,
ҚМДБ-ның БҚО бойынша
баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру