Үстіміздегі жылдың сәуір айының 7-ші эұлдызы күні ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов елорда имамдарының басын қосып, кезекті жиын өткізді. Онда бас имам Н.Тағанұлы алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысын пысықтады.
Сондай-ақ, айлық жұмыс жоспарын іске асыру, мешіттерге тазалық жұмыстарын жүргізу, қалалық сенбілікке қолдау көрсетіп ұйымшылдықпен қатысу, жергілікті ақпараттық насихат жұмыстарын жандандыру, әрбір мешіт имамдары жамағатпен жұмысты күшейту, имамдардың білімін жетілдіру семинарын ұйымдастыру жайын сөз етті.
«Намаз өткізген кезекші имам намаздан кейін михрабтан кетіп қалмай, қайта сәл кідіріп, отырғаны жөн. Яғни, жамағаттың сауалдарына жауап беріп, дұрыс бағдар көрсетуі тиіс. Заң бойынша тыйым салынған жат ағымға ерген бауырларымыз болса, оларға түсіндірме жұмыстарын жасау да қажет. Бір сөзбен айтқанда, жамағатқа мән берейік. Себебі, жамағатқа қарап жұмысымыз көрінеді. Жамағат жақсы болса, имам да жақсы болмақ», – деді бас имам Наурызбай Тағанұлы діни жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін еске салып.
Қала имамдары қатысқан жиында мешіттер арасындағы жамағаттың бауырластығын арттыру мақсатында үстіміздегі сәуір айында «Салауатты жамағат» атты спорттық ойындар жарысын өткізу туралы да сөз қозғалды. Өйткені, Елбасы Н.Назарбаев әрдайым халыққа арнаған жолдауларында бұқаралық спортқа көңіл бөліп келеді. Осыған орай жамағат арасында өткізілгелі жатқан спорттық шараның негізгі мүддесі Елбасы жолдауын қолдау болса, екіншіден Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен биылғы жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп аталуына орай дәстүрмен біте қайнасқан ұлттық ойындарды жаңғырту болып табылмақ.
Жиынды қорытындылаған Астана қаласының бас имамы Н.Өтпенов елорда мешіттерінің дін қызметкерлеріне күн тәртібінде қаралған мәселелерге бей-жай қарамау керектігін айтып, біршама тапсырмалар да жүктеді.
«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.04.2014
4592
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру