Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен еліміздің барлық аймақтарында уағыз-насихат жүргізу мақсатында арнайы теолог, дінтанушы мамандар мен имамдар аудандар мен шағын елді-мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, ақиқат асыл дініміз Исламды уағыздауда. Осындай игі істердің бірі Сыр елінде жүзеге асырылды. Қызылорда облысының өкіл имамы Талғат Сейіткәрімұлының бастамасымен аудандарда 4 күннің ішінде 40 кездесу ұйымдастырылды.
Дінімізде уағыз-насихат жүргізуге ерекше мән берген. Әсіресе рухани құндылықтарға сусап жүрген ауыл тұрғындарының діни сауатын ашуда ақпараттық насихат тобының алар орны ерекше.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінде 2012 жылы екі ақпараттық насихат тобы құрылды.
Бүгінде өкіл имам Талғат Омаров бастаған алағашқы топ «Уағыз айтылмаған елді-мекен қалмасын!» деген ұранмен, шалғайда жатқан ауылдарды аралап, насихат айтып қайтты. Бұл насихат тобының құрамында орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамдары Абжанов Нұрлан, Гаджиев Мұхтар, қалалық «Айтпай» мешітінің бас имамы Тлеубергенов Алпамыс, «Хазрет Әли» мешітінің бас имамы Пернебеков Нұрлан бар.
Жаңақорған, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш аудандарындағы 4 күндік іс-сапарда бұқара халыққа, асыл дінімізді атам заманнан бері ұстанып келе жатқан қазақ халқы өзінің ізгілігінен, қайырымдылығынан, татулығынан, сабырлығынан ешқашан да айнымауы қажет екендігін көкейлеріне сіңіру мақсатында кеңінен насихатталды.
Сондай-ақ, дініміздің асыл құндылықтары, атап айтар болсақ, ата-ананы құрметтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет, көркем мінезділік жайында кеңінен айтылды. Жиналған қауымда көкейлерінде жүрген яғни, өсімге ақша беру және алу, жаназа намаздарындағы ысырапшылдық, өзге ағымдар турасында басқада көптеген сансыз сұрақтар қойып жатты. Сұрақтардың баршасына білікті имамдарымыз дәлел-дәйектерімен тұшымды жауап берді.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы білім алған Тереңөзек кенті Иса Тоқтыбаев атындағы №35 қазақ орта білім ордасында оқушылармен кездесу барысында да сансыз сұрақтар қойылып, діннен көптеген хабарлары бар екені, ұстаздарының да біраз мәлімет беріп жатқандығы айқын көрініп тұрды.
Ал, Жаңақорған халқынан имамдарға үлкен ұсыныс түсті. Алдағы уақытта осы ауданның мектеп бітірушілерін жинап, жат ағымдардан сақтану жолдары туралы уағыз жүргізу турасында тілектерін білдірді. Бұған түрткі болған сол ауданның Алматы қаласында оқып жатқан студент баланың кезінде имамдардан тыңдаған уағыздарының әсерінен, өзге ағымдардың сөзіне арбалмағандығы екен.
Іс сапар барысында Жаңақорған ауданыдағы тұрмысы төмен 3 отбасына жалпы 150 килограмм ұн берілсе, Шиелі ауданы бойынша 2 отбасыға 40 000 теңге көлемінде азық түліктей көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, әрбір кездесуде Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы да насихатталып, таратылды.
Жалпы өте тартымды әрі қызықты бұл кездесулер аудандық жергілікті халық пен әкімшіліктерінің тарапынан оң бағаланды.
Бұл алғашқы топтың жүргізген уағыз насихаттары болатын. Қалалық «Ибраһим» мешітінің бас имамы Асқар Жұбанов бастаған екінші топ, Аллаһ қаласа жақын күндері қалған аудандарды аралауға шығады.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы
өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.04.2014
3922
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру