29 наурыз. «Астана» медресесінде «Білімді мыңды жығар» атты қыз-келіншектер арасында иләһи ілім сайысы өтті. Елордалық мешіттеріміздің сауат ашу курстарында білім нәрімен сусындап жүрген әйел жамағаты діни сауаттылықтарымен көрерменді тәнті етті.
Қаламыздың үш мешітінің атынан қатысушы «Әзірет Сұлтан», «Нұр Астана» және «Ғылмани» командалары 5 кезеңнен тұратын сайыста өзара бақ сынасты. Аталған мешіттердің демеушілігімен өтіп отырған конкурсқа мешіттеріміздің баспасөз қызметі мен Асыларна телеарнасы ақпараттық қолдау білдірді. «Нұр Астана» мешітінің ұйытқы болуымен өткен шараның негізгі мақсаты – ислам құндылықтарын насихаттау, діни сауаттылықты көтеру. Сонымен қатар, қазақ қыз-келіншектерінің рухани һәм дүнияуи білімдерін шыңдау мен эстетикалық тәрбие беру де аталған іс-шараның көздеген мұраты.
Сайыстың «Таныстыру» айналымынан кейін «Ахлақ» пәні бойынша қойылған билет сұрақтарына «Әзіреті Сұлтан» тобы белгіленген уақытынан оза жауып беріп, қазылардың көзіне түсті. Бұдан кейінгі «Фиқһ» пәні айналымында үш топтың білім бәсекесі қыза түсті. Бұл бәсекеден кейін қазылар алқасының ой қорытып, көрерменнің көңіл сергітіп алуы үшін сауат ашу курсының шәкірті Вазира Абдуллаева қара домбырадан күй төгілтті.
Ал төртінші «Ақида» айналымында тапсырмаға жауап беру кезінде «Ғылмани» тобының кідірген сәтін «Нұр Астана» шәкірттері ұтымды алып кетіп, басымдық танытты. Ұзаққа созылған сайыстың бұл айналымынан кейін «Астана» медресесінің 2-3 курс шәкірттері жүректен шыққан жауһар жырларын қалың көпшілікке ұсынды. Әсіресе, Мұратхан Адалбекұлының:
«Бисмиллә деп тоғыз тілек айтайын,
Терең ойлап, шамамды бір байқайын.
Деген екен болмасаң да ұқсап бақ,
Бұқар жырау салған жолды жалғайын»
деп бастаған «Тоғыз тілек» өлеңі залдағы дүйім жұртшылыққа рухани ләззат сыйлап, әр көкірекке тоғыз түрлі ой тастады.
Соңғы шешуші сайыста, яғни, «Құран мен тәжуид» пәні бойынша болған айналымда үш топтың берген тұщымды жауаптары қыздарымыздың тыңғылықты дайындықтан өткен шәкірт екендіктерін байқатты. Олардың білім деңгейлеріне көңілдері толған имамдардан құралған қазылар алқасына топ деңгейін анықтауға келгенде біраз ойлануға тура келді.
«Құрметті қауым, бүгін міне бәріміз ізгі ілім сайысын көрдік, қыздарымыздың білім деңгейіне қарап, қуанышымызды жасырай алмай отырмыз. Алла тағала құранда: «Білімділер мен білімсіздер тең емес» деп, білімділердің дәрежесінің жоғары екенін айтады. Баршамызға білім алуға бұйырды. Аллаға шүкір, бүгінгі күнде тәуелсіз елдің көк туының астында бейбіт өсіп-өніп жатқан елміз. Осы елдің ертеңгі болашағына барлығымыз да жауаптымыз. Сол себепті, бүгінгідей танымдық, тағылымдық мәні бар игі істерді сіз болып, біз болып, жүйелі түрде өткізуге атсалысайық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, сіздердің әрқайсыларыңыздың ой-пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, елдік, ұлттық мұраттарға қосар идеяларыңыз болса, мешіт есігі әрқашан ашық» деген Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамда орын алып жатқан түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.
«Бүгінгі күнде кейбір жастарымыздың асыл дінді желеу еткен жат ағым жетегінде жүргені де жасырын емес. Осы жастарды үйіріне қайтару, иманын отанын сүю секілді патриоттық түсінік-ұғыммен көтеру – баршамызға ортақ мақсат. Жастарымызға діни ілімді мешіт сыртында емес, мешіт ішінде алуға, Діни басқармамыздың ұстанымына құрмет көрсете білуге тәрбиелеуіміз керек. Бұл ретте отбасы тәрбиесінде сіздер, ата-аналар, өз міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарай білсеңіздер, біз қол ұшын созуға, дұрыс бағыт беруге әрдайым дайынбыз. Қажет болса, мүдделіміз. Себебі, артымызға тарам-тарамға бөлінген жол емес, бір мақсат, бір мүддеге біріккен жалғыз ғана тәуелсіздіктің даңғыл жолуын қалдыруымыз керек» деп ойын қорытты.
Осылайша асыл дінді ардақтаған сайыс өз мәресіне де жетті. Қазылардың ортақ ұйғарымымен 30 мың теңге сыйақы тағайындалған бірінші орынды «Әзірет Сұлтан» шәкірттері қанжығасына байлады. Екінші орынға табан тіреген «Нұр Астана» тобы арнайы сертификатпен марапатталып, 20 мың теңге сыйақы табысталды. Ал, ақ жаулықты апалардан құралған «Ғылмани» тобы үшінші орынды (10 000 теңге сыйақы) қанағат тұтты. Сондай-ақ, жүлде иегерлеріне қасиетті Құран кәрім, "Дін мен дәстүр" және өзге де діни кітаптар сыйға тартылды.
Сайыс соңында әр топтың жетекші қыздарымен тілдескен едік. Сөз соңын қыздарымыздың сөзімен түйіндеуді жөн көріп, пікірлерін ұсынып отырмыз.
Әсем Мелдебекқызы, «Әзірет Сұлтан» тобы: «Әзіреті Сұлтан» мешіті ашылғалы сауат ашу курстарында білім алып келеміз. Сайыста, шыны керек, өзге топтардан өзгешеміз деп айта алмаймын, апаларымыздан құралған «Ғылмани» тобы да жақсы дайындықпен келген».
Шәріп Темешқызы, «Ғылмани» тобы: «Соңғы үш жылдан бері сауат ашу курсында қасиетті құран кәрімді үйреніп, оқып келемін. Сайыс өте жақсы өтті. Менің негізі айтқым келетіні – осындай ақыреттік пайдасы мол шараларды көптеп өткізіп тұрса. Ертеңгі ұрпағымыздың болашағын ойласақ бүгінгі қыздарымыздың тәрбиесі мен біліміне қатты көңіл бөлу керек деп білемін. Ұлттық негізі мен діни тірегін тең ұстай білген қыз қашан да өмірден өзіне лайықты орын табады».
Рабиға Еркенқызы, «Нұр Астана» тобы: «Сауат ашу курсында 5 айдан бері оқимын. Жарыс өте қызықты өтті. Барлық апа-қарындастарымыздың білім деңгейі көңіл қуантарлықтай».
«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
31.03.2014
4086
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру