Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ мүшелерінің баянды шаралары

28.03.2014 3882 0 пікір

«ҚМДБ-ның ұйымдастырған  РАНТ мүшелері  Павлодар облысына келуі арқылы  атадан қалған асыл дініміздің баға жетпес құндылықтарын насихаттау, халыққа түсіндіру, хақ дініміз туралы дұрыс түсініктер қалыптастыру  бағытында біршама игі шаралар қоса атқарылуда. Қазақ, араб, орыс, түрік тілдерін  діни шешендік өнерімен қоса меңгерген, білімі мен білігі арқылы қияндағыны қиып түсер қылыштай жарқылдаған жас мамандар өңіріміздегі үшінші жұмыс күнінде де көптің көкейінде жүрген талай сауалдарға жауап беріп, көңілдеріне үлкен әсерлер қалдырды»,-дейді ҚМДБ-ның өкіл имамы Нариман Исенов.

27-наурыз күні  түске дейін облыстағы  барлық ауыл, аудан, қала имамдарымен кездесіп «Заман және имам» тақырыбында кең көлемде уағыз-сұхбат жүргізген  Рүстем Мәлікұлымен Бауыржан Болатжанұлы, түстен кейін «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының «Дін мен дәстүр» бағдарламасына қатысты. Сонымен қатар «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде өткен облысымыздағы танымал журналистер, ақындар, спортшылар, әншілер, талантты жастардың басын қосып  3 сағатқа ұласқан сұхбаттасуда олардың көкейіндегі күмән мен күдіктің бұлтын  дөп тауып, ақиқаттың  ақ самалымен сейілте білді. Келесі кезекте дінтанушылар, ақшам-құптан намазы аралығында «Мәшһүр Жүсіп» мешітімен қалалық «Ақмешіт» мешіттері жамағаттарымен жолықты.

РАНТ мүшелері Ел Тәуелсіздігінің  баянды болуы  ұлт, дін, тіл тұтастығы және азаматтық бір мақсат, бір мүддеге тікелей байланысты екендігін баса айтуда. Иләһи біліммен қаруланған насихатшыларымыздың жүректен шыққан уағыздары жүректерге жол табары хақ.

Ендігі кезекте РАНТ мүшелері жұмысын Екібастұз қаласында жалғастырады.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру