ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Дін мен дәстүр» кітабының тұсау кесері болып өтті.
Аталған шараға көптеген ұстаздар, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, өзге ұлт өкілдері мен студенттер қатысты. Сөз басын Дін істері басқармасының басшысы Бақытжан Камалов бастап, «Дін мен Дәстүр» кітабының тұсаукесерімен құттықтады.
Сондай-ақ, шарада сөз алған өкіл имам Талғат Сейіткәрімұлы: «Биылғы жылды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен Дәстүр» жылы деп жариялағанын, осы бағытта көптеген шаралар, дәстүрлі дініміз бен ұлтымыздың қайнар көздері насихатталатынын тілге тиек етті. Осындай игі бастамалардың басты шарасы бүгінгі «Дін мен Дәстүр» кітабы десек қателеспейміз. Себебі бұл кітапта тілге жеңіл, әрі дініміз бен дәстүріміздің біте қайнасқан тұстарын анық әрі тұшымды түсіндіріліп өткен», – деп кітаптың маңызды тұстарына тоқталып, әрі аталған басылым дәстүрімізді діннен бөліп қарайтындарға үлкен өнеге екенін баса айтты.
Қызылорда облысы бойынша Шешен ұлтының диаспоры Исаев Мавлади: «Бұл оқулық оқыған жанға жылу сыйлары хақ. Мүфти хазреттің бұл кітапты жазғандағы мақсаты дұрыс бағыт-бағдар беру екені баршамызға аян. «Қараңғы жерде келе жатқан адамға нұр беретін кітап» деп бағаласам қате айтпаған болар едім», – деп лебізін жеткізді.
Сондай-ақ, Араб ұлтының өкілі Янгибаев Жұманазар ағамыз да қатысып: «Мен бұл кітапты оқи отыра кітаптың мағынасы мен мәніне толық қанды қанықтым. Мен қазақ халқына зор алғысымды білдіремін. Ұлтым өзге болса да өзім қазақ жерінде болғандықтан, Сіздердің басшыларыңыз менің де басшым, мүфтилеріңіз меніңде мүфтиім. Мен өз тарапымнан кітаптың одан әрі қарай жол тартуын шын жүректен тілеймін. Бұл кітаптың қазақ тілінде шығуы көңіл қуантарлық. Осындай тәлімі терең басылымды басқа да тілдерде шығару қолға алынса нұр үстіне нұр болмақ еді. Өз басым өзбек тіліне аударып, осы кітапты үлгі ретінде өзбек халқына таныстарғым келеді», – деп ағынан жарылды.
Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті: «Кітап жеңіл, түсінікті жазылған екен және біз жастардың көкейіміздегі сұрақтарына толыққанды жауап ала алатындай мәліметтерді оқып отырмын. Бұл кітаптың шығуы, бүгінгі шараның өтуі дін жолында жүрген ағаларымыздың үздіксіз еңбек етіп жатқанының тағы бір дәлелі десем артық айтпаған болар едім», - деп пікірін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы кітаптың таныстыру шарасы жуырда ғана қалалық №6 мектептің үлкен залында білім басқармасының өкілдері және қалалық мектептердің оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен дінтану пәнінің мұғалімдері қатысқан шара өткен болатын.
Аталмыш екі шарада да 100 ден аса «Дін мен Дәстүр» кітабы таратылып, оқырман қолына тиді.
Аллаһ тағаладан аталмыш кітаптың ел ынтымағы мен бірлігіне, асыл дініміздің насихат жолына мол игілігін тигізсін деп тілейміз.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.03.2014
3402
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру