Наурыздың 19-ы күні қаламыздағы «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының мәжіліс залында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптарының дәстүрлі дінімізбен үйлесімді дамуы, Ислам дініндегі адамгершілік, имани құндылықтарымызды насихаттайтын еңбектің бірі деп айтсақ артық айтқандық болмас. Қазақ халқы 1250 жылдан астам уақыттан бері Ислам дінін ұстанып келеді.
Айтулы шараға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының жауапты қызметкерлері, облыстық дін істері басқармасының басшылары, қала имамдары, зиялы қауым өкілдері, ардагер ақсақалдар, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Тұсаукесер рәсімін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Есберген Іңірбайұлы жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған ҚМДБ-ның Маңғыстау бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков жаңа туындының ерекшелігін және бүгінгі оқырман талабына толық жауап беретінін айта кетті. Дөңгелек үстел барысында қонақтар дін мен дәстүрдің сабақтастығы жайлы пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісті.
Жиындағы басты тақырып - мұсылман үмбетінің бір мүшесі болып табылатын халқымыздың әдет-ғұрыптарының басым дені имани ұстанымға негізделген, өйткені дініміз бен дәстүрлеріміз бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Сонау ерте заманнан бүгінге жеткен әдет-ғұрып, салт-сананың негізі мұсылманшылықта жатқанын дәлелдеуді, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіруді көздеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған “Дін мен дәстүр” атты еңбек, міне, осы жайында.
Тұсаукесер рәсімнің қонақтары – өлкеге танымал ұстаздар мен жазушылар да көңілде жүрген күрмеулі сұрақтарға жауап берер аталмыш еңбектің құндылығы жайлы сөз етті, кейбірі өз ұсыныстарын да айтты.
Маңғыстау облыстық орталық
мешіттің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.03.2014
3591
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру