Үсіміздегі жылғы наурыз айының 15-інші жұлдызы демалыс күні болса да, Қобда ауданы және Әлия ауылы әкімшіліктерінің, аудандық мекемелер мен ұйымдардың, мектептер мен құқық қорғау орындарының қызметкерлері Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова ауылындағы «Патриоттық тәрбие орталығына» жиналды.
Бұл жиналыстың ерекшелігі – олар Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Ғұламалар кеңесінің мүшесі, «Сарыағаш» медресесінің директоры Әбсаттар қажы Смановпен, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы, «Ақтөбе» медресесінің директоры Әбдімүтәлі қажы Дәуренбековпен және «Ансар» ақпараттық-талдау орталығының директоры Төлеген Талдыбаевпен кездесті.
Асыға күткен бұл тәрбиелік мәні зор кездесуді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы Елеусінова кіріспе сөзбен ашып, жиналғандарға қонақтарды таныстырды.
Алғашқы сөз кезегін алған «Ансар» ақпараттық-талдау орталығының директоры Төлеген Талдыбаев осы кездесудің мәніне тоқтала келіп:
– Діни ақпарат өте маңызды, – деді сөзін одан әрі сабақтап, – Бірақ, осы ақпаратты жастардың көпшілігі қайдан алып жүр? Мешіттердің имамдарынан ба? Әке-шешелерінен бе? Әрине, интернеттен. Интернетте діни ақпарат өте көп. Егерде сіз балаңызға ұялы телефон немесе компьютер алып берсеңіз, балаңыздың қандай ақпарат алып жатқанын бақылаңыз. Өйткені, әлі де ақылдары қалыптаспаған, діннен хабары жоқ жастар интернет арқылы, әлеуметтік желі арқылы түрлі діни ағымдардың сайттарына кіреді. Өкініштісі, бұл сайттар бақыланбайды.
Интернет – бұл осы әлем емес, виртуальды әлем. Әлеуметтік желіде арнаулы адамдар отырады. Олардың мақсаттары – жастарға түрлі шаблон-сұрақтар қойып, олардың анкеталық мәліметтерін жинап, біздің дәстүрлі Ислам дінінің Ханафи мәзһабына қайшы келетін діни жат ағымдардың сайттарына «жолдама» береді. Өйткені, мұндай адамдардың өз мүдделері бар. Олар қанша адамдарға діни жат ағымдардың сайттарына «жолдама» берсе, соншама қаржы қалталарына құйылады. Мұндай діни ағымдардың уағыздарын интернеттен оқыған жастардың саналары уланып, бірте-бірте халқымыздың салт-дәсүріне, әдет-ғұрыптарына, ата-аналарына қарсы шығып, оларды мүлдем құрметтемейтін болады, – деп, Төлеген Өмірзақұлы кездесуге жиналғандарға бір ой салды.
Былтыр алты ай жаз бойы Ақтөбе облысында болып, жат ағымдарға кіріп, адасып жүрген жастарды дәстүрлі Ханафи мәзһабына қайтару мақсатында кең көлемде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге жеткен тәжірибелі дін маманы Әбсаттар қажы Сманов Ақтөбе өңіріндегі діни ахуалдан хабардар екендігін айта келіп, әрбір отбасындағы діни тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.
– Жастардың жат ағымдарға кіріп жатқандары – мешіт имамдары мен қызметкерлерінің кінәсі емес, – деді Әбсаттар қажы. – Біріншіден, бұл ата-ананың кікәсі. Егерде, ата-анасының Ислам дінінен хабары болмаса, баласының немесе қызының дін туралы сұрақтарына жауап бере алмайды. Сондықтан, балалар өздерін мазалаған сұрақтарға жауаптарды интернеттен іздейді. Жаңа ғана Төлеген бауырымыз интернеттегі діни ақпараттың қалай таратылатынын, оның қандай нәтижеге жеткізетінін толық түсіндіріп берді.
Кейбір намаз оқитын жігіттердің отбастарында да жас жұбайлар арасында түсінбеушілік болып тұрады. Егерде күйеуі тақуа болмаса, яғни намазын уақытында оқымай, кейбір іс-әрекеттері Ислам шариғатына сәйкес болмаса, оны әйелі байқайды да, бірте-бірте күйеуіне қарсы шығып, сөз таластырып, ақырында бағынбайтын болады. Осылайша, отбасындағы түсінбеушілік ушығып, екеуі айырылысып тынады. Егерде күйеуі тақуа адам болса, оның барлық ғибадат-құлшылықтары мен іс-әрекеттері Ислам шариғатына сәйкес болса, отбасы да бақытты болады. Сондықтан, отбасының береке-бірлігі – ерлі-зайыптылардың басты назарында болғаны дұрыс. Өйткені, балалар ата-аналарынан үлгі алады. Жақсы тәрбие көре алмаған балалар интернеттен, жат ағымдардың жетегінде жүрген жастардан үлгі алады. Осыны естен шығармаңыздар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі қажы Дәуренбеков өзіне сөз кезегі келгенде, облыстағы жалпы діни ахуалға тоқтала келіп, былай деді:
– Қазақ жеріне Ислам діні келмеген заманда да, – деді Ә.Қайназарұлы, – қазақ отбасыларында ұл-қыздарын ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар аясында тәрбиелеген. Сондықтан, қазақ даласы Ислам діні келгеннен кейін азғана уақыт ішінде өркениетке тез қол жеткізді. Кеңес дәуіріне дейін қазақ жастары кішкентайынан үлкендердің айтқандарын тыңдап, солардан үлгі-өнеге, тәлім тәрбие алып өсіп, ер жетті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, олар да отбасын құрғаннан кейін, ата-бабаларының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бойынша ұрпақтарын тәрбиелеп отырды. Осылайша ғасырдан ғасырға жалғасқан тәлім-тәрбиенің арқасында, қазақтың ұлан-байтақ жері мен көңілі кең халқын мыңдаған батырлар, Қазақ елінің елдігі мен ерлігін жырға қосқан жүздеген ақындар мен жыраулар, «екінші Аристотель» атанған Әбунасыр әл-Фараби, бүкіл әлемге белгілі астроном, Ұлы Әмір Темірдің (Ақсақ Темірдің) немересі Ұлықбек Мұхаммед Тарағай сияқты данышпан ғұламалар, Қожа Ахмет Йассауидай дін ғұламасы, Құнанбайұлы Абайдай ақын шықты.
Қазақ даласына VIII ғасырдың аяғы мен IХ ғасырдың басында Ислам діні келгенде, халқымыз оны жатсынбай қарсы алып, Ислам шарттары ұлттық салт-дәстүрімізге сай болғандықтан, мұсылманшылық үрдістері ел ішіне тез тарап кетті. Данышпан ата-бабаларымыз дін мен дәсүрді қатар қолдана отырып, жастарды отансүйгіштікке, еңбеккерлікке тәрбиелеген.
Ендігі уақытта Кеңес дәуірінде қалыптасқан «солақай саясаттың» салдарынан ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың озық үлгілерін қайта қалпына келтіруіміз керек. Осы мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да қолға алып жатыр. Жақында баспадан ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші томы жарық көрді. Алдағы уақытта әрбір отбасы ата-бабаларымыздың дінімізге қарсы келмейтін тәлімдік-тәрбиелік мәні орасан зор салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды балаларымыздың саналарына жастайынан сіңіре білсек, жат ағымдар төрімізге шықпақ түгіл, есігімізден де сығаламайтын болады.
Кездесуден кейін қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, асқан ризашылықпен баталарын беріп, ауылдық «Рахман» мешітінде бесін намазын оқып, сапарларын жалғастырды.
Өмірсерік ОРАЗАЛИН,
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.03.2014
4146
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру