Белгілі қайраткер, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазықызы Астанадағы Әзрет сұлтан мешітінің әйел жамағатымен кездесу өткізді. Қашанда қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, халықтың жоғын жоқтап жүрген халық қалаулысымен кездесуге мешіттің діни сауат ашу курс шәкірттері мен әйел жамағаты түгел қатысты. Ашық-жарқын мінезімен, айтылған әңгімесімен айналасындағыларды бірден баурап алған Оразкүл апайымыз халқымыздың дәстүрі жайлы тереңнен толғады. «Дін мен дәстүр сабақтастығы аясында: Діндегі әйелдің орны» атты басқосудағы басты тақырып та – әйел затының әу бастан-ақ әлемді тербеткен ана екендігінен бастау алды. Қай заманда анасын ардақтап, қарындасын қорғаштап өскен қазақ халқының өнегелі тарихындағы, дінмен сабақтасқан дәстүріндегі сан алуан салт-ғұрыпты санамалап берген Оразкүл апайымызға жиылған жұртшылықтың алғыстан басқа айтары да қалмады.
Ақжаулықты апаларымыздың көзіне жас үйіріп, қыз-келіншектердің көңіліне ой тастаған кездесуден барлығы да әсерлі қайтты. Қара халықтың мұң-мұқтажын арқалаған депутат апайымызға ақжаулықты апаларымыз ақ баталарын жаудырып, еңбегіне сәттілік тіледі. Кездесу соңында ғибратты отырыстың естелігі ретінде жиылған жамағат суретке түсіп, қолтаңба алып жатқандар да болды.
muslim.kz
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру