Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар облысында "Дін мен дәстүр" кітабының тұсаукесері өтті

14.03.2014 3926 0 пікір

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабын Керекулік мұсылман жамағаты үлкен ризашылықпен қарсы алуда. Аталмыш кітаптың тұсаукесері «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұйымдастыруымен  С.Торайғыров атындағы облыстық орталық әмбебап кітіпханада өтті.

Тұсаукесер рәсіміне облыс орталығының зиялы қауым өкілдері -ғалымдар, ардагерлер,студенттер, мешіт жамағаты, «Әбу Бәкір Сыддық»медресесінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты. Рухани-мәдени  іс-шараға  ҚМДБ-ның өкіл имамы Н.Исенов жетекшілік жасады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің  профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрышев Айтмұхамбет Қасымбайұлы, облыстық «Ертіс дидары» газетінің бас редакторы, елімізге танымал ақын Арман Қани, облыстық  Мұсылман  әйелдері лигасының төрайымы Максилова Бақыт Шаханқызы, ардагер журналист Тастемханов Өскенбай, еңбек ардагері Елюшенко Василий, Шарипов Қайыркен, Ағманова Бақытжамал, Демесінов Махмет, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Тоғайбек Бекімұлы, облыстық орталық әмбебап кітапханасы директоры  Жиенбаева Майя Әбдірахманқызы, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірті Дәулетов Азамат қатарлы көтеген адамдар «Дін мен дәстүр» кітабына қатысты   өз ойларын ортаға салды.

Рухани шара соңында айтыскер ақын Оразбек Саяхат «Дін мен дәстүр» жинағының тұсаукесер рәсіміне арналған өлеңін домбыраға қосылып орындап, академик А.Тұрышев пен Мұсылман  әйелдері лигасының төрайымы Максилова.Б жинақтың тұсаукесер лентасын қиды.

Тұрышев.А.Қ (филология ғылымдарының докторы, профессор):

Қазіргі таңдағы қоғам ішіндегі иман жолы болған дінімізге қатысты жастарымыз түсінбей жүрген кейбір олқылықтардың орнын толтыруда бұл кітаптың маңызы өте зор.Оны оқып, көңілге тоқитын кітап. Дәстүрімізді дінмен сабақтастырып, шариғи үкімдермен айқындалған, қасиетті Құран аяттары, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерімен дәйектелген. Осындай еңбегімен халықты діни білім нәрімен сусындатып жатқан Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазретке ризашылығымызды білдіреміз. 

Ұлағатты ұстаз Феруза Қабышқызы: «Дін мен дәстүр» жинағы тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген мол табыс. Бұл жинақты барша қазақ жұрты, әсіресе жастардың оқығаны дұрыс. Енді бізге, дін мен дәстүрдің біртұтастығын сақтау жолында аянбай жұмыс жасау  ғана қалды. Текті бабаларымыз қалдырған аманатқа адал болайық! Сонда ғана толыққанды ұлт болып қалыптасамыз деп ойлаймын.

Дәл осындай шара осы күні Екібастұз, Ақсу қалаларында да болып өтті.

 Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру