12 наурыз. Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшелері жоспарланған жұмыстарын онан әрі жалғастыру үстінде. Топ мүшелері Ершат Оңғаров, (ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Исламтанушы, теолог PhD докторы), Оралхан Сейдманов (Алматы қалалық орталық мешітінің найб имамы, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты) және ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов қалалық № 31 мектеп-гимназиясында болып, қала мектептерінің директорлары және тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында исламтанушы, теолог PhD докторы Ершат Оңғаров алдымен ұстаздар қауымына діни басқарма тарапынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының құрылу мақсатымен таныстырып өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының биылғы жылқы жылын «Дін мен дәстүр» деп атағанын да жеткізді.
«Дін мен дәстүрдің сабақтастығы аясында елімізді аралап түрлі мекеме ұжымдарымен, зиялы қауым өкілдерімен, ұстаздармен, мешіт жамағатымен кездесу өткізіп, дәстүрлі исламның жолын ұстануға шақырып, жат ағымдардың жетегінен абай болу керектігін ақпараттандыру үстіндеміз. ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын сүнниттерміз», -деп еліміздегі мұсылмандардың жолын айқындап берді. Олай болса, еліміздің тұрақтылылығы үшін қоғам болып, әрбіріміз елімізге, ұрпағымызға жанашырлық таныта отырып бірлесе жұмыс жасағанымыз жөн», - деді Ершат Ағыбайұлы.
Мұнан өзге Е.Ағыбайұлы бүгінгі күні жағадан алып жатқан жат ағымдардың зияндылығы мен сыртқы сипаттарына да тоқталып кетті.
Кезекті сөз алған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов жергілікті ақпараттық насихат тобы тарапынан атқарылған іс-шараларға тоқталды.
«Құрметті ұстаздар қауымы! Бұл кездесу баршамызға ортақ мәселе. Бүгінгі еліміздің тыныштығы баршамыздың жасап жатқан қызметіміздің нәтижесі деп білеміз. «Білім мен тәрбие егіз» атты бағдарлама аясында биыл қалалық Білім департаментінің келісімімен біраз мектептерді аралап, жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткіздік. Атап айтқанда, 36 мектепте 4700 оқушымен кездесу өткізілді. Нәтижесі өте жақсы деп білемін. Өз тарапымыздан осы кездесуге ат салысып жатқандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Кездесуіміздің де мақсаты – сіздермен бірлесе отырып балаларымызды дұрыс тәрбиеге бастау және өмірлеріне дұрыс бағыт-бағдар көрсету», - деді бас имам Наурызбай Тағанұлы.
Сөздің түйіні, Астана қаласында РАНТ тарапынан өткізіліп жатқан кездесулер өзіндік пайдасын тигізіп, тыңдаушыларды тұщымды ақпараттармен әсерлендіру үстінде.
«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.03.2014
3641
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру