Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер-әйелге парыз», - деген. Шындығында білімнің кәусарынан сусындап, дүнияуи әрі діни іліммен қуаттану әрбір мұсылманға қажет.
Әсіресе, бүгінгі уақытта кейбір қандастарымыз діни білімнің негізін дұрыс қалыптастыра алмауынан мақсаты бөлек, көздегені басқа ағымдардың жетегіне ілігіп кетуде. Дінде сеніміңді дұрыстамасаң тағы болмайды. Өйткені, сеніміне селкеу түсірген жандардың ұлттық салт-дәстүріне қарсы келіп, өзін қоғамнан оқшаулап жатқаны көңілімізді күпті етуде.
Қуанарлық жәйт, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, діни басқарма тарапынан атқарылар шаралардың бағытын айқындап берді. Сондай-ақ, Бас мүфти әрбір имамның кем дегенде бес шәкірті болу керектігін де айтып, жамағаттың діни сауатын көтеруге баса назар аударып келеді.
Бүгінгі күні ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов қала мешіттеріндегі діни сауат ашу курстарының және жамағатқа айтылар уағыз-насихаттың жүйелі жүргізілуіне аса мұқияттылықпен қарау үстінде.
Жуырда бас имам Н.Тағанұлы әрбір сәрсенбі күні ақшам намазынан кейін мешітке келуші жамағатқа «Ақида» дәрісінен сабақ беруді бастап кетті. Дәріс үстінде таухид іліміне тоқталып, мән-маңызын жамағатқа түсіндіріп беруде.
«Алланың жолында жүріп, Жаратқанның разылығын алу үшін және әзәзіл шайтанның жолына еріп кетпеу үшін бізге таухид ілімі керек. Имани біліміміз күшті болса, бізді ешкім алдап, арбауына түсіре алмайды. Сол үшін сенімді дұрыстап, бұрыс түсініктен алыс болу үшін сіздермен «ақида» дәрісін бастаудамыз», - деді бас имам Н.Тағанұлы алғашқы дәріс күні. Айта кетейік, бас имамның жүргізген бірнеше дәрісінен жамағат та әсер алып келеді.
Сонымен қатар, «Нұр Астана» мешітінде күнделікті бесін және ақшам намаздарынан кейін жамағатқа найб имамдар тарапынан түрлі тақырыптарда уағыз-насихат айтылып келеді. Бұл жұмысбасты жамағаттың сауатын арттырып қана қоймай рухани нәр алуына өзіндік әсерін бермек.
«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.03.2014
3743
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру