Ақпан айының 16-күні Қарағанды облыстық орталық мешітінің әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) дүниеге келген айына орай, жылдағы дәстүр бойынша, Мәуліт салтанатын ұйымдастырды. Игі шара Қарағанды қаласы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Шымылдық түріліп, Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамы Дархан Кәрсембайдың шақырған азанымен басталған рухани кеш жалғасында Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, сәлемдер жолданды. Қарағанды облыстық орталық мешіттің Бас имамы, Қарағанды өңірі бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы уағыз айтып, халықты мерейлі мерекемен құттықтады, бата беріп, дұға жасады. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жұмабеков Бейсенбай Қуанышұлы да, арнайы жиналған бауырларды мерекемен құттықтады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан келген қонақ Әзірет Сұлтан мешітінің бірінші найб имамы Қуат Ерғалиұлы саралы сөз саптап, келген жамағатқа хадистермен сабақтастыра отыра Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайлы уағызбен бөлісті.
Нұрлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қиямет күнінде маған ең жақын болатындарың – ең көп салауат айтқандарың»,-дейді.Мәуліт мейрамында мына дүниені түнектен арылтушы адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммедке (с.ғ.с.) №1 мешітінің найб имамы Ермахан Оралбай, Теміртау мешітінің найб имамы Олимбек Әлібеков мәуліт оқып Тәттімбет өнер колледжінің шәкірттері салауат айтты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Дін - насихат» деген. Олай болса, асыл дінімізді насихаттауға тек дін мамандары емес, барша мұсылман баласы да жауапты. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда айтыскер ақындарымыз да дініміз Ислам жайлы шұрайлы өлеңдерімен халықтың жүрегіне жол тауып, әсерлі сөздерімен ізгіліктің насихатшысына айналды.
Қарағандылық ақындар – Әділов Тілеген, Айтбай Жұмағұлов, Ақанов Мақсат пен Дидар Қамиевтердің Мәуліт мерекесіне арнайы бірігіп айтқан мадақ жырлары да салтанаттың көркін қыздырды. Ұтымды ұйқастары да пайғамбар өсиетімен үндесіп, өзінше қабысып жатты. Ат сүрінгенше сөз тапқан мұсылман қазақ үшін айтыс өнерінің жөні бөлек. Талантты ақындардың ғибратты өлеңдеріне тәнті болған жұрт алғыстарын жаудырып, ду-ду шапалақ ұрды.
Сахна төріне шыққан танымал «Сәт» тобының орындауындағы «Көнеміз ғой», «Жылама», «Мінәжат» және т.б. әндері көпшілікке көп ой салғаны анық. Содан соң жыр моншақтарын тізбелеген мешіт бүлдіршіндері, кіші болған жасына қарамай, біршама үлкенге үлгі болды.
Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жол алған дін мен дәстүр сабақтастығы өткізілген рухани кештен де көрініс тапты. Мәуліт мерекесінің ерекшелігі де осында болар.Қоңыр дауысты күмбірлеген домбыраның үнімен бұл кеш қазақи нақышта өтті. Тәттімбет өнер колледжінің шәкірттері бір адамдай, Құрманғазының «Балбырауын» күйін шерткенде, көңіл шіркін, бір серпіп қалды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.02.2014
4268
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру