Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көкшетауда өткен мәуліт мерекесі (ФОТО)

18.02.2014 4203 0 пікір

Бүкіл әлемге нұрын шашып, үмметін надандық қараңғылығынан ислами жарыққа  шығарған пайғамбарлардың ұлысы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) дүниеге келген Мәуліт айы облысымызда кең көлемде аталып өтілді. Осы мерекеге орай «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Рәшит Әкімов,  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев қатысып сөз сөйледі.   

Аллаһ тағаланың ең сүйікті үмметі болған пайғамбарымыздың туған айын атап өтуге арналған бұл жиынға Ресей Федерациясының Сібір округі бойынша мүфтиі, Омбы қаласының бас имамы Бота Бакулин де қатысып, ақмолалық мұсылман жамағаттың осы мейірімділік айында жасаған барлық ізгі амалдарының сауаптан болуын тіледі.

Діни әндер шырқалып, тәрбиелік мәні бар көріністер көрсетілген шара барысында осы ай аясында өткізілген түрлі спорттық сайыстардың жеңімпаздары мен хақ дініміз исламның өркен жаюына қолдау көрсетіп отырған  кәсіпкерлер арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл күні  қорғансыз, жетім балаларды асырап алып отырған отбасыларға  да  «Зекет» қорының атынан спорттық құрылғылар табыс етілді.

Шараны қорытындылаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі,  Көкшетау қаласындағы Науан Хазрет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин жаратылысы да, мінезі де көркем, адамдардың ең кәмілі, теңдессізі саналатын пайғамбарымыздың туған айы, шапағат айында тілеген тілектер мен ізгі ниеттердің қабыл болуы мен Жаратқанның елімізге тыныштық, жұртымызға бірлік пен береке беруін тіледі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру