Мешіттегі салтанатты мерекені облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек ашып, бас қосудың жайына кеңінен тоқталды. Содан кейін сөз құрметті қонақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан қажы Тұрдыбаевқа берілді.
Дін саласында айтарлықтай еңбек сіңіріп келе жатқан және жоғарыда аталған мешітке үнемі жанашырлық танытып, ақыл -кеңес беруден жалықпайтын білімді азаматтың айтары да мол екен. Сондықтан оның тағылымды уағызы мен ой-пікірлерін Қостанайлық қалың жұртшылық барынша ұйып тыңдады.
Ол алдымен барша жерлестерімізді ұлы пайғамбарымыздың туған күні яғни, Мәуліт мейрамымен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына бақыт, шадыман-шаттық, молшылық әрі ізгілік тіледі. Оның ғибратты пайымдаулары жұма намазына жиналған бауырларымызға қай жағынан болсын берері мол болды.
Осынау жұма күнгі басқосуда Алматыдан келген қонақты айтпағанның өзінде, есімдері елге танымал, бүкіл өмірлерін елімізге адал етуге арнаған қажылар, облыс орталығына жақын қалалар мен аудандардың бас имамдары да қатысты.
Мерекенің екінші бөлімі сенбі күні Қостанай шаһарының көркін келтіріп отырған еңселі әсем ғимарат яғни, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театырында одан әрі жалғасты.
Бұл өнер ордасының сахнасы да ерекше безендіріліпті. Алдымен, дін қайраткері Сейіт Нұрқанов Құран оқыды. Содан кейін Қостанай облысы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков жиналған қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтай отырып өңірдегі ислам дінің өркендетуге байланысты және мешіттердегі атқарылған игі істер жөнінде жұртшылықты хабардар етті.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев та қостанайлық ағайындарға мейрамға қатысты ең ізгі лебіздерін білдірді. Ол Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен найб мүфти Серік қажы Ораздың жерлестерімізге деген ең ыстық сәлемін жеткізді.
Сондай-ақ облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек көпшілікке осы мереке қарсаңында облыс орталығындағы үш жоғары орны мен Марал ишан мешіттінің ұйытқы болуымен спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізілгендігін тілге тиек етті.
Басқосуда осы жарыстың жеңімпаздарына арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шығармашылық бәйге жүлдегерлері де марапатталды.
Осы аталғандармен қатар, мереке құрметіне Қостанай шаһарындағы күн көрісі төмен отбасылары мен көмекке мұқтаж жандарға екі тонна ұн және басқа да қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Мәуліт мерекесіне арналған жиында шырайлы Шымкент қаласынан келген «Асыл мұра» өнер орталығының әртістері тәрбиелік-тағылымдық жағы мол қойылымдарды жұртшылыққа ұсынды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.02.2014
3516
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру