Ақтөбе облыстық «Нұр-ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен 13 ақпан күні Ақтөбе қаласы «Жастар сарайында» Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с ) мәуліт мерекесі аталып өтілді.
Мәуліт мерекесі «Өнегелі өмір» атты Алла Елшісінің (с.а.с) баға жетпес өнегелі өмір жолы, көркем мінезі мен мінсіз тұлғасынан сыр шертетін бейне баянмен шымылдығын ашты. Кешті Ақтөбе өңіріне танымал мәдениет қайраткері – Орал Байсеңгір жүргізді. Жүргізуші сөз кезегін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы – Әбдімүтәлі Қайназарұлына берді. Өкіл имам жиылған қауымды мәуліт мерекесімен құттықтап, Адамзаттың асыл тәжі (с.а.с) жайлы баяндама жасады. Имам өз баяндамасында Әз Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен, ата-тегі шежіресінен сыр шертіп халықты сусындатты.
Іс-шараның негізгі тұсы болып саналатын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолы мен көркем-мінез-құлқын дәріптейтін «Мәуліт оқу рәсімін», облыстық «Нұр-ғасыр» мешітінің наиб имамы – Елемесов Руслан, Ақтөбе қалалық мешіттің Бас имамы – Бақытбек Тәжімбет және қари Қартабаев Саламат бастаған Ақтөбе медресесінің шәкірттері зор ықыласпен оқыды. Тыңдарман қауымның жүрегі елжіреп, Пайғамбарымызға с.ғ.с деген сүйіспеншілігі мен сағынышын орындарынан тік тұрып құрмет көрсету арқылы білдірді.
Елімізге танымал дәстүрлі әнші Әділбек Сариннің шәкірті Дастан Қабылов ұстазыың «Таң сәріде Аллаға...» атты жырын тарту етті.
Сонымен қатар өңірімізге белгілі әнші Асхат Тарғынов және Маңғыстаудан ат арытып арнайы келген Сәрсенбай жырау Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат айтып, сәлем жолдаған ғибратқа толы илләһи әндерімен жиналған көпшілікті бір серпілтті.
Мәуліт кешіне облыстық дін істері басқармасы директоры – Бауыржан Есмахан мырза да қатысып, халықты құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Кештің шымылдығы Әз Пайғамбарымыз (с.а.с) жайлы «Соңғы намаз» фильмімен түсірілді. Кештің соңында "Нұр-ғасыр" мешітінің ұстазы - Қошқарова Кенжегүл мен мешіт кітапханашысы - Бейбіт апайдың ұйымдастыруымен ҚМДБ тарапынан жарық көрген кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар "Нұр-ғасыр" мешіті әйел кісілер жамағаты өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын жиналған жамағатқа сатылымға шығарып, түскен қаражат мұқтаж жандарға жұмсалды. Сондай-ақ кешке жиналған қауымға "Нұр-ғасыр" мешіті асханасында ас берілді.Мерекеге жиналған дүйім жұрт қимастықпен қош айтысып тарқады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешіті баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.02.2014
4088
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру