Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дін мен дәстүр сабақтастығы» насихатталуда

13.02.2014 4272 0 пікір

Бас мүфтиіміздің 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы ел мұсылмандары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Сол секілді Маңғыстау жұртшылығы үшін үлкен серпіліс тудырды. Өйткені дін мен дәстүрді бір-біріне қайшы қойып, ел арасында алауыздық тудыруды қалайтын жандар дінге орасан зиян тигізіп жүр. Ондай жандар қазақтың көнеден бері ұстанып келе жатқан дәстүрлерін мансұқтап, бидғатқа санап, кейбір жастарды ата салтына қарсы шығаруда. Осы орайда Бас мүфтидің үндеуін барлық имамдар қолдап, уағыз барысында дін мен дәстүрдің сабақтастығын айтып өтуде.

Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков 11 ақпан күні Жаңаөзен қаласының іргесінде орналасқан Теңге ауылының мәдениет үйінде сағат 10:00-де тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты. Бас аяғы 350-дей кісі қатысқан келелі жиын өтті. Өкіл имам жиылған жұртшылыққа асыл дініміздің құндылықтары жайында уағыз айтып, жастарды түрлі діни ағымдардан сақтануға шақырды. Кездесу барысында өкіл имам дін мен дәстүрдің бір-біріне қайшы келмейтінін дәлелдермен түсіндіре келе,  Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабын таныстырып өтті. Өкіл имам қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді. Сөз соңында Теңге ауыл әкімі Мақсұмов Үбенге және Теңге ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Али Жақсылыққа аталмыш кітапты тарту етті.

Сол күні түстен кейін Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Рахат ауылындағы №18 мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуді ауыл әкімі Исаберген Сейтжан Кенжеғұлұлы жүргізіп отырды. Мектептің белсенді оқушыларымен болған кездесу барысында өкіл имам С.Сейтбеков имандылық жайында насихат айтып, дін мен дәстүр сабақтастығын ашып түсіндіріп өтті. Кездесу соңында «Дін мен дәстүр» кітабын Рахат ауылының әкімі Исаберген Сейтжан Кенжеғұлұлына тарту етті.

Маңғыстау облыстық орталық
мешіттің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру