Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сыр өңіріндегі Мәуліт кеші (Фото)

11.02.2014 4467 0 пікір

Жылдағы дәстүр бойынша пайғамбарымыз Сыр өңірінде жан сарайымызды рухани қуаныш пен нұрға бөлеген Алла тағаланың елшісі Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың дүниеге келген күні – Мәуліт мерекесіне арнайы ұйымдастырылған кеште Қызылордалық жамағат Алланы ұлықтап, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтты. Шара аймағымыздағы ең үлкен Қызылорда қалалық Нартай Бекежанов атындағы драма театрында өтті. Ине шаншар жер қалмады деген осы екен, салтанатты шараға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, қала тұрғындары, барлығын қосқанда 1000 – нан аса адам жиналды.

Кеш шымылдығы Пайғамбарымыз (с.ғ.у) өнегелі өмірінен мағлұматтар беретін  видеороликтен басталды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, Құран оқылды. Қызылорда облысының Дін істер басқармасының басшысы Бақытжан Камалов Жарылхасынұлы және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов ағаларымыз сөз сөйлеп, өздерінің ізгі лебіздерін имамдардың атқарып жатқан  іс – шараларына өз ризашылығын білдірді. Дінге бет бұрып жатқан жамағаттың көбейіп жатқандығын тілге тиек етті.

Келесі сөз кезегі ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық  «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров барша  жиналған жұртшылықты аталмыш меркемен құттықтап,  облысымыздағы діни ахуалдың жақсарып келе жатқандығын, «Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жайында, оның айтқан өсиеттерін, ғибратқа толы ғұмырын өскелең ұрпаққа насихаттап, Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айту, оның үмметті болғанымызды мақтан тұтуымызды насихаттады.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде кім менің есімімді еститін болса, маған салауат айтсын, сәлем жолдасын. Кім маған бір салауат айтатын болса, Алла Тағала оған он салауат айтады, он күнәсін кешіреді, оның дәрежесін көтереді», – дейді. Сондықтан исі мұсылман қауым осы айда көбірек салауат айтып, сәлем жолдайды», – деген болатын. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолы қанша ғасыр өтсе де ескірмей, керісінше ғасырдан-ғасырға жалғасып, ғалымдар мен түрлі сала мамандарын таң қалдыруда.

  Рухани кеште Сыр өңірінің мақтанышы Марат Сүгірбаев және Шымкент қаласы «Асыл мұра» өнер орталығының әншісі Бекзат Сәкенұлы сынды азаматтар иллаһи әндерін шырқады. Діни әндер өлеңдер оқылып, шараның шырайын  одан әрі әрлендіретін  көріністер мен қойылымдар қойылды. Атап айтар болсақ, Н. Бекежанов театрының әртістері «Мөңке бидің түсі» атты тақырыптағы қойылымы көпшіліктің көңілінен шығып, көздеріне жас алды. Сондай – ақ «Асыл мұра» өнер орталығының әртістері «Шын достық», «келуі қойылымын сахналады. Республикаға танымал  айтыскер ақындарымыз Мұхтар Ниязов, Ержеңіс сынды бетке ұстар азаматтар қазіргі дініміздің қоғам алдындағы беделінің түсіп бара жатқандығын, сақалдыдан шошынып, орамалдыдан безінетінімізді жырларына арқау етті.

Жыл бойы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) салған сара жолмен, асыл дініміз Ислам дінінің өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосып, аянбай қызмет еткен имамдарда елеусіз қалмады. Қызылорда облысының ауданы бойынша «Үздік жыл имамы»  Қазалы ауданы «Жаңқожа батыр» мешітінің бас имамы Қайрат Дәуіржанұлы, ал Қызылорда қаласында Тасбөгент кенті «Құддыс ишан» мешітінің бас имамы Садықов Жеңіс «Үздік жыл имамы»  болып марапатталды. Үздік жыл имамдарына отбасымен бірге шипажайға демалуға жолдама берілді. Ал «Белсенді имам» номинациясы бойынша Титов кенті «Мүбарак» мешітінің бас имамы Төлепбергенов Жандос, Төретам кенті «Жәрімбет» мешітінің бас имамы Пулатбеков Убайдулла, Ақай кенті «Мүсірәлі Сопы Әзіз» мешітінің бас имамы Нұрғалиев Аяған, Жаңақорған ауданы орталық мешітінің бас имамы Омаров Садулла марапатталды.

Келген қауымға мешіт тарапынан  діни басылымдар сыйлық ретінде үйлестірілді. Өкіл имам Талғат Омаров асыл дінімізге шынайы қызмет етіп жүрген жергілікті мешіт жанашыры, демеуші азаматтарды өзінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.

 

«Ақмешіт-Сырдария» мешітінің
Баспасөз хатшысы Ескендір Әсел
Фото тілші Исмайлов Фархат

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру