Дана халқымыз: «Жетім көрсең жебей жүр», - деген ұлағатты терең бойына сіңірген. Ортасындағы жетім – жесірлерін ауқатты жандар қанатының астына паналатқан. Құран Кәрімде: «(Ей Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы (яғни, жетімдерді тәрбиелеп өсірген жақсы, жетімнің әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген жақсы). (Әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі»,- деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): « Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға-іні) боламыз», — деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Имам Ибн Мажә риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» — деген. Осы орайда, халық арасында да кеңінен айтылып жүрген асыл сөздердің бірі «жетімді қуантсаң жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» - деген. Бірде Пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді. Оған Алла елшісі (с.ғ.с): «Жүрегіңнің жұмсауын, сөйтіп арманыңа жетуіңді қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің», – деген. Сондай-ақ хадистердің білдіруінше, «Тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісімен тең болады екен.
Жесірін жасытпаған, жетімін жылатпаған қазақ халқы, қашанда жетім ақысына үлкен мән берген. Бүгінде бір ғасырлық тарихы бар Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің ұжымы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қаламыздағы балалар үйіне ас берді. Балғын балдырғандарға екі дүниенің сардары болған асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тағылымды өмірінен, өнегелі істерінен ғибраты мол уағыздар айтылып, сыйлықтар үлестірілді.
Алла баршамыздың жасаған игі амалдарымызды қабыл еткей!
Алпамыс Өтепберген
Қызылорда қаласындағы "Айтбай" мешітінің бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.02.2014
3932
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру