Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Астанада ақылдастар алқасы құрылды

06.02.2014 4492 0 пікір

Алғашқы рет Астана қаласындағы «Нұр Астана» орталық мешітінің жанынан ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі Наурызбай қажы Өтпеновтің бастамасымен ақылдастар алқасы құрылды. Алқаның құрамына елге еңбегі сіңген, қоғамда ойып алар орны бар беделді кісілер топтастырылды.

Атап айтқанда, ақылдастар алқасына қоғам қайраткері, Республикалық «Қан сонар» аңшылар қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрім, академик, профессор, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлер кеңесінің төрағасыТұрсын Ғабиденұлы және ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов кірді. 

Міне, осы алқа мүшелері ақпанның 6-күні осы «Нұр Астана» орталық мешітінде бас қосып, алғашқы кездесуін жасады. Онда ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай Тағанұлы жаңадан құрылып жатқан алқаның алда атқарар мақсат-мүдделерін таныстырды.

«Құрметті ағалар, сіздердің халық арасында алар орындарыңыз әрине, бөлек. Бүгін сіздердің бастарыңызды Алла үйінде қосудағы мақсатымыз - Елбасының жолдауы аясында елдегі діни тұрақтылыққа жұмыла жұмыс жасап, жастарды түрлі жат ағымдардан абай болуына атсалысу.  Осыған орай Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін мен дәстүрге қайшы көзқарас ұстанатын, қоғамға лаң салып, бүлік тудырып жүрген жат ағым өкілдерін табанды түрде даналық жолымен мүфтият төңірегіне топтасуға күш салу, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жұртымызды ізгілікке, бірлік пен ынтымаққа шақыру және қайырымдылық  шараларды жиі өткізу, қамқорлық акцияларын ұйымдастыру секілді бағыттарды айқындап берді. Осы жолда сіздердің ақыл-кеңестеріңіз де бізге аса қажет», - деді бас имам Наурызбай Тағанұлы.

Бас имамның игі бастамасын құп алған ақылдастар алқасы да орнымен құрылғандығын атай келіп, өзара төраға мен орынбасарды да шешіп алды. Бірауыздан ақылдастар алқасының төрағасы болып академик, профессор, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім тағайындалса, төраға орынбасарлығына Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов шешілді.

Аталмыш алқа мүшелері алдағы кезеңде де бас қосып, алда атқарылар іс-шаралардың бағдарын жасайтындығын алға тартты. Отырыс соңында «Нұр Астна» орталық мешітінің бас имамы Н.Тағанұлы мешіт жанынан құрылған алқа мүшелеріне ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Кәделі сый ретінде «Дін мен дәстүр» және «Үміт сәулесі» атты кітаптарды тарту етті. 

«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру