Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: мешітте өткен Мәуліт мерекесі (ФОТОРЕПОРТАЖ)

05.02.2014 4350 0 пікір

Алматы қаласы Орталық мешіті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасы аясында әйелдер жамағатына арналған Мәуліт рухани кешін өткізді.

Осы іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып, ұстаздарға бағыт-бағдар берген Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет кешке жиналған жамағатты мүбәрәк Мәулітпен құттықтап, насихат айтты. «Дін – бұл насихат. Мәулітті сіздерге арнап ұйымдастырудағы мақсатымыз –  пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) салихалы өмірінен ғибрат алып, осы жердегі өткізілген игі істен өздеріңіз тәрбиелеп отырған өскелең өрендеріңіз өсиет алсын. Мейірімділік, жанашырлық, инабаттылық қайырымдылық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп, рухани құндылықтармен қуаттансын деп тілеу. Осы Мүбәрәк айда жасаған қайырымды, ізгі шараларыңызды Құдай қабыл қылсын. Сіздердің бастарыңызды қосып, ынтымақ бірліктің жаршысы, білімнің бұлағы болып жүрген, осындай рухани кешті ұйымдастырып, атсалысқан ұстаздарымызға Алла разы болсын!» - деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Аталмыш кеште Мәуліт шәріп оқылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылды. Келген дүйім жұрттың алдында Орталық мешіттің ұстазы Эльмира Бұхарбаева құттықтау сөз сөйлеп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәулітін атап өтудің тарихына тоқталып, уағыз-насихат айтты. «Биылғы 2014 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазірет «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Ислам дінінің құндылықтары салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымызбен сабақтасып қазақ мәдениетін байыта түсті. Біз салт-дәстүрімізді жандандырсақ, ата дініміз исламды жандандырған боламыз.  Сондықтан, бүгінгі кеште имандылық, ибалық пен инабаттылыққа толы ана тәрбиесін, қазақтың қыз ұзату салтын театрландырылған көрініс арқылы назарларыңызға ұсынамыз», – деп шағын кештің басты ерекшелігі дін мен дәстүріміздің үйлесімділігін көрсету екендігін еске салды Елмира Серікбайқызы.

Рухани кештің бағдарламасы барысында сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірбаянын жақын таныстыратын викториналық ойын өткізілді. Жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды. Жиналған жұрт Мәуліттің құрметіне жайылған дастарханнан дәм татты. Мәдени ізгі шарадан рухани нәр алған нәзік жандар ризашылықтарын білдіріп жатты.

 

Алматы қаласы
Орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру