Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар, Маңғыстау, Орал, Сәтбаев қалаларындағы мәуліт мерекесінен ФОТОРЕПОРТАЖ

03.02.2014 5132 0 пікір

Павлодардағы мәліт

Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында адамзаттың ардақтысы болған хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с)-тің туылған күніне арналған Мәуліт тойы жылдағыдай үлкен аншлагпен мерекеленді.  Мың кісілік өнер сарайында  әдеттегідей  ине шаншар жер қалмады. Ақ шағаладай  киіндірген  балдырған немерелерін ерткен  ақ сақалды аталар, ақ жаулықты аналар ертерек келіп алдыңғы қатарларға жайғасып жатса,  ақ сәлде, шапанымен келген  аудан, қала имамдары да той көркін еселей түсті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасиетті рух шарифіне бағыштап Құран оқумен ашылған сахна, арықарай арнай осы мерекеге арналған бейне роликпен жалғасын тапты. Келесі кезекте  облыс әкімінің орынбасары Өрсариев Арын Амангелдіұлы жиналған қауымды мүбәрак Мәулітпен құттықтады.

Сондай-ақ ҚМДБ-ның өкілі Тұрдыбаев Камалжан Бекбосынұлы Мәуліт мерекесінің қадір-құрметі, тойлаудың маңызы, қажеттілігі туралы аз да болса саз уағыз айта келе Ертістің Павлодар өңірінің мұсылман халқына жолдаған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының мерекелік ыстық сәлемін жеткізді.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исенов құттықтау сөзінде, өткен 2013 жылғы атқарылған іс-қызметтердің негізгілерін қысқаша таныстырып, «Дін мен дәстүр» жылы болып жарияланған 2014 жылдың мақсатына тоқталып өтті.  

Сахна төрінен 2013 жылғы іс-қызметінің нәтижесі бойынша әріптестері арасынан елеулі табыстарымен көзге түскен  Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла Жандарбекұлы  «Алғыс хат», 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталса, дінімізді насихаттау, діни жаңалықтар, имандылық тақырыбындағы сұхбаттар, мақалалар,  уағыздарды халыққа тұрақты жеткізіп тұруда мешіттерге барынша қолдау көрсетіп келген өңірлік «Сарыарқа самалы», «Шаһар», «Ертіс дидары» газеті, облыстық радио редакциясы, қалалық «Ирбис» телеарнасы ұжымдарына да алғыс хат, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Алла Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, асыл Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) лайықты үмбет болуға нәсіп етсін!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Маңғыстауда Мәуліт мерекесі

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған айы құрметіне Маңғыстау жұртшылығы да «Мәуліт» мерекесін жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Жыл сайынғы үрдіске айналған мәуліт мерекесі биылғы жылы ерекше өтті. Өкіл имам Смайыл Сейтбеков ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған айына орайластырып, 13 қаңтар күні қалалық мешітте 500 кісіге арнап дастархан жайып, мәуліт оқытып, жиылған жамағатқа уағыз айтып, артынан аудандық, ауылдық мешіттерде де мәуліт кең көлемді аталып өтілуде.

Облыстық деңгейдегі мәуліт мерекесі ақпан айының 1-ші жұлдызында қаламыздағы сыйымдылығы 700 орындық Н.Жантөрин атындағы драма театрда жоғары деңгейде өтті. Жамағаттың көптігі залға симай дәлізде тамашалауға мәжбүр болды. Діни басқарманың тапсырысымен жасалған видероликпен ашылған мәуліт кешінде қасиетті Құран оқылып, артынан өкіл имам Смайыл Сейтбеков жиылған жұртшылықты ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан құттықтап, жиылған жұртшылыққа Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі жайында уағыз айтты. Кеш барысында саханлық көрініспен қатар діни әндер орындалып, кеш соңын Хазіреті Біләлдің (р.а.) соңғы азаны жайында уағызбен аяқталды.

Жиылған жұртшылыққа демеушілер арқылы «Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы», «Шапағат шамшырағы», «111 сұраққа Хазіреті Мұхаммед» атты кітаптар таратылды.

 

Маңғыстау облыстық
мешіттің баспасөз қызметі

Ақжайық елінде мәуліт тойланды

Адамзаттың асыл тәжі болған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның туылған күні, яғни Мәуліт мерекесі Ақжайық елінде, облыс орталығындағы қазақ драма театрында ұлттық нақышта болып өтті.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні-Мәуліт мерекесіне орай  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігі облыстағы барлық мектеп оқушылары мен студенттері арасында «Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-жер бетінің ең ұлы тәлімгері, тәрбиешісі», «Мұхаммед және ғылым», «Ғибратқа толы ғұмыр» атты тақырыптарға шығармалар бәйгесін облыстық басылым беттеріне жариялаған болатынбыз.

Барша мұсылман асыға күтетін шарапаты мол бұл мейрамға жамағат көп жиналды. Ұлық мерекені Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Мейрамбек Абдрахманов қасиетті құран кәріммен ашты. Дәстүрлі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі имамы Руслан Сұлтанов, облыстық істер басқармасының басшысы Талғат Нығметов құттықтау тілектерін жеткізді.  

Араб елінен келген "Орал" медресесінің ұстазы Мұхаммед Нажи Шушан пайғамбарымызға салауат оқыды. Қазақ халқының қуанышы мен шаттығын жырға қосқан  Республикаға танымал жас ақындары Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев жырдан шашу шашып, ұтқыр сөздерімен көрермен көңілінен шыға білді. Жиылған қауымға "Кім кінәлі" жайында слайд көрсетілді. "Шаңырақтың құтын кіргізген намаз"атты сахналық қойылымды жас өнерпаздар ойнады.

Шығармашылық бәйгеде ІІІ-орынды жеңіп алған Жәнібек ауданы, Талов ауылы, Ғ.Сарбаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ізбасар Салимов, ал екінші орынды БҚГА-ның студенті Айдана Хамидуллина, Айнұр Базарова жеңіп алса, бірінші орынды алған Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2 курс студенті Алпамыс Файзолла қанжығасына байлады. Жеңілпаздарға  алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарды  сыйлады,-облыс имамы Руслан Тыныштықұлы.  Жыл бойы имандылық жолында аянбай қызмет еткен облыстық мешіттің найб имамы Самат Алибаев, Орал облыстық орталық мешітінің ұстазы Ринад Акимов, Орал қалалық мешітінің найб имамы Махамбет Мұханғалиев, Тулбаев Мұхаммед –Гариф мешітінің бас имамы Қажымұқан Гилманов, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов, Теректі аудандық мешітінің бас имамы Халықбек Сыдықов ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілі имамы Руслан Сұлтановтың алғыс хатына ие болды.

Мәулет мерекесінде  әсем әндер, жыр-термелер және иләһи әндер шырқалды.Қазақ елінің келешегі кемел, болашағы нұрлы болғай.

          

Нұрлан Қабыкеш
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы.

 

Сәтбаев қаласында Мәуліт мерекесі аталып өтті 

Қаңтар айының 31-і жұлдызында Сәтбаев қаласының Шымболат Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында Мәуліт мерекесі аталып өтті.

Діни кешті Сайлаубек Темірлан Қасиетті Құранмен ашты. Ақын Төлеген Жаманов Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өнегелі өмірі жайында арнау айтты. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Серік Иманбай қала тұрғындарын Мәуліт мерекесімен құттықтады. ҚМДБ-ның Жезқазған аймағы бойынша өкілі Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өнегелі өсиеттерін жамағатқа жеткізді. Мешіт имамдары мен шәкірттері Пайғамбарымызға (с.а.у) араб тілінде салауат оқыды. «Аллаға мадақ», «Пайғамбарға салауат» секілді әндер шырқалып, «Арақтың зияны», «Анашым» монологтары оқылды. Діни көріністер көрсетіліп, халық керемет рухани нәр алды.

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Серікбайұлы, мешіт жанашыры Мұрат қажы Жағыппаров және Сәтбаев қаласының мәдениет бөлімінің басшысы Қанат Жанділдәұлы сияқты дін жанашырларына алғыс хаттарды, «Дін Ислам діңгегім» атты тақырыпта шығарма жазудан озып шыққан үш жеңімпазға 1-орын 35000, 2-орын 25000, 3-орын 15000 тенгені Жезқазған аймақтық мешітінің өкіл имам Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы табыс етті. Жамағат Қалалық әкімшіліктің Орталық Мешіт асханасында ұйымдастырған асқа шақырылып 300-ден астам адамға ас берілді.

Жезқазған аймағы
Сәтбаев қаласы баспасөз қызметі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру