Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тікелей эфирде «дін мен дәстүр» хабары

01.02.2014 4037 0 пікір

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігімен Павлодар облыстық радиосы арасында  2014 жыл бойы  «Дін мен дәстүр» тақырыбында тікелей эфир арқылы хабар жүргізіп тұруға келісім жасалды.  Осы екіжақты келісім бойынша бұл арнайы хабарлар әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері қазақ және орыс тілдерінде бір  сағат уақытпен жүргізіліп келеді.  

Осы жұмада  «Дін мен дәстүр»тікелей эфир хабарына «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Бердібек Оянған қатысып, журналист Махаббат Кәмесханмен «Құран-Алланың сөзі» немесе «Құран оқудың артықшылығы» тақырыбында бір сағат мөлшерінде уағыз-насихат айтты. Сонымен қатар тыңдарман қауымнан телефон арқылы келіп түскен 5-6 түрлі сұрақтарға да тұщымды жауаптар берді.

Наиб имам Бердібек Оянған қасиетті Құран хикметтері туралы кеңінен әңгімелей Құран оқыған кезде ұстанатын әдептер туралы тыңдарман сұрақтарына былайша жауап берді:

  - Құран оқуға ниет еткен адам тек ғана Алланың разылығы үшін оқуы керек. Құран кәрімді ұстау үшін таза қол керек болғаны сияқты, оны оқу үшін де таза жүрек (көңіл) керек.

   - Дәретті болып, таза жерде құбылаға қарап, тізерлеп отыру керек! Алла Тағала Құранда: «Оны тап – таза болғандар ғана ұстайды» (Уақиға – 79)

 -Құран кәрімді оқитын кезде Әғузу және Бисмилләні толық айтып бастау керек!

-Мағынасын білсе де, білмесе де байыпты болып оқу керек!

- Әр аяттың ақысын беру керек, яғни азап аятын оқыған кезде қорқып, Аллаға сыйыну керек, рахмет аяттарын әуестеніп, мадақтау аяттарын оқыған кезде көңілмен тәсбих етіп оқу керек!

 -Құран кәрім оқыған кезде бойында рия, яғни мақтану, басқаға көрсету деген сияқты сезімдер оянса немесе намаз оқып жатқан адамға кедергі болса, ақырын дауыспен оқу керек!

 -Құран кәрімді тәжуидке (Құран кәрімнің дұрыс оқылу ережелеріне) сай және әдемі дауыспен оқу керек, бірақ әуендетпеу керек! (Әуендету – әріптерді, калималарды бұзып әуенге салу деген сөз. Әуендеткен кезде әріптер бұзылатын болса харам, әріптер бұзылмаса мәкрух болады. Халеби кітабында былай делінген: "Құран кәрімді әуенге салып оқыған имамға ұйып оқылған намазды қайтадан оқу керек.")

 -Ғапылдықпен оқымай, көңілі ояу болып оқу керек және оқыған кезде басқа нәрселерді ойламау керек!

Алла Тағала бізге берген үлкен нығметі Құранды шын ықыласымызбен оқып, оған амал қылып, екі дүниенің бақытына жетуімізді, Құранның шапағатына бөленуімізді баршамызға нәсіп етсін. Әмин!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру