2010 жылы ашылып, өткен жылдың соңына дейін жұмыс жасаған «atyrau-islam.kz» діни сайт ақпан айынан бастап «islam-atyrau.kz» болып өз жұмысын қайта жалғастырады. Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.
Қасиетті айда БАҚ өкілдерімен жүздесіп, Мәуліт мерекесімен құттықтаған облыстың бас имамы Батыржан Берденұлы «жаңалықтың жаршысы» атанып кеткен журналистер қауымын бірігіп қызмет етуге шақырды.
- Алдымен сіздерді мүбәрак Мәуліт мерекесімен облыс имамдары атынан шын жүректен құттықтаймын! Мәуліт – «туылған сәт» дегенді білдіреді. Бұл – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның туылған айы. Бізге Пайғамбарымыз туылған кезде байқалған ерекше құбылыстарды, мұғжизаларды айту, болмаса тыңдау, үйрену өте сауапты іс. Сондықтан, бұл түнді қасиетті Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түн деп бағалайды.
Бүгінгі брифингті өткізудегі мақсат – дін тақырыбына қалам тербеп, осы саланың прблемаларын көтеріп жүрген журналистермен танысып, бірігіп атқарар жұмысымызды жоспарлау. Атырау облысындағы қызметімнің басталғанына көп уақыт өтпесе де республикалық және жергілікті баспасөз құралдарымен байланыс нығайып келеді. Соның ішінде діни тақырыпта қалам тербеп жүрген журналистер – Сіздерге үлкен жауапкершілік артылып отыр, - деген ҚМДБ-ның өкілі Батыржан Берденұлы әрі қарай журналистер тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
Баспасөз брифингі аймақтағы бүгінгі діни ахуал, имам-молдалардың біліктілігін арттыру, кадрмен қамтамасыз ету, жастардың дінге деген көзқарасы, басқа да көптеген тақырыптар аясында өрбіді. Облыстық діни сайттың жабылып қалуы да сөз етілді.
- Жуырда белгілі себептерге байланысты қызметін тоқтатқан «atyrau-islam.kz» сайты «islam-atyrau.kz» болып қайтадан жұмысына кіріседі. Бүгінде сайт жаңа үлгіде жасақталуда. Сіздердің көкейлеріңіздегі сұрақтарыңызға жауап, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз осы сайттан көрініс табатын болады. Бәріміз де қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығы үшін қызмет етудеміз. Сондықтан, жоғарыда айтқанымдай, сіздерді бірігіп қызмет етуге шақырамын, - деп брифингті қорытындылаған ҚМДБ-ның өкіл имамы Батыржан Мансұров БАҚ өкілдеріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабын, журналистердің қаламы жүйрік болсын деген ниетпен қойын дәптер мен қалам және «Иман» журналын тарту етті. Кездесу соңы дастарқанға ұласты.
Кенже БАҚЫТ.
Атырау облысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
31.01.2014
4341
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру