Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Дін насихат» дегенін баршамыз жақсы білеміз. Сол себепті исламды дұрыс насихаттау арқылы өзгелердің иманға келуіне себеп боламыз. Ал мешіт жамағатына күнделікті уағыз насихат айту арқылы діни сауаттарын арттырып, дұрыс құлшылық етулеріне мүмкіндік жасау керек. Дініміз үйретумен ғана кемелдікке жетеді. Әркім өз бетінше дінді үйрене алмайды. Үйренуге талпынғанымен фиқһ пен ақидаға қатысты мәселелерді толыққанды меңгере алмайды.
Сондықтан имамдарға бұл тұрғыда көп еңбек ету қажет деп ойлаймыз. Маңғыстау облысына тағайындалған өкіл имам Сейтбеков Смайыл қызметіне кірісе сала, орталық мешітте шам мен құптан арасында күнделікті уағыз айтуды қолға алды. Әрине уағыздың басым көпшілігін өзі айтуда. Сонымен қатар Бас мүфтидің тапсырмасына орай мешіт жамағатының ынтымақ пен бірлігін арттыра білу үшін әр дүйсенбі сайын ауыз ашар ұйымдастыруды қолға алды. Жүз кісіге дастархан жайылып, дәм таттырып, астың артынан өкіл имам жиылған жамағатқа уағыз айтуды жолға қойды. Осы үрдістің басталғанына 3 апта болды.
Мұндай насихаттан әйел жамағаты да қалыс қалмау керектігін ескерген өкіл имам жексенбі күні сағат 12:00-де мешітте қыз-келіншектер үшін осылай дастархан жайып, мешіттің әйел ұстадарына уағыз айттыруды қолға алды. Иншаллаһ осы жақсы үрдіс жалғасын табады деп сенеміз.
Өкіл имам мешіт тазалығын қолға алуда
Маңғыстау облысына жаңа тағайындалған өкіл имам Смайыл қажы Сейтбеков қызметке кірісе сала мешіттің тазалығынан бастады. Кәсіпкерлерді ұйымдастырып, мешіт ішін әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Мешіт іші күнделікті жамағаттың көп келетін құлшылық мекені болғандықтан тазалықты талап етеді. Дініміз ислам тазалық иманның жартысы деп бұйырғандықтан өкіл имам да ісін тазалықтан бастап кетті.
Жаңаөзендік ақсақалдар өкіл имамға ақ баталарын берді
29 қаңтар күні Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков Жаңаөзен мешітінің жұмысымен танысу және қала имамы ұйымдастырған мәуліт кешіне қатысу үшін іс сапармен Жаңаөзен қаласына барды. Өкіл имамды Жаңаөзендік ақсақалдар қала әкімшілігі алдында жылы ықыласпен қарсы алды. Өкіл имам Жаңаөзен қаласы мен қала маңындағы ауылдардың ақсақалдар кеңесінің төрағаларымен танысып, әңгімелесті. Ақсақалдар имамға ақтілектері мен өз ұсыныстарын айтып ақ батасын берді. Ақсақалдарды толғандырып жүрген мәселелердің бірі жат ағымдардан жастарды сақтандыру, екіншісі ел арасындағы дүмше молдалардың әрекетіне тосқауыл қою. Өкіл имам алдағы уақытта аталмыш ұсыныстар бойынша жұмыстанатынын тілге тиек етті.
Түстен кейін «Жастар сарйында» мәуліт кеші өтті. Мәулітке Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары да қатысып, жиылған жұртшылықты мәуліт мерекесімен құттықтады. Өкіл имам жиылған жамағатқа Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегелі өмірі жайында уағыз айтты.
Маңғыстау облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
31.01.2014
3832
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру