Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мәуліт айының келуіне орай облыстық орталық «Нұр-ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен облыстық деңгейде азанды көркем айтудан байқау өтті.
Адамзатты Жалғыз Жаббар Иемізді ұлықтап, Оның сүйікті құлы әрі Елшісін дәріптеуге, күллі мұсылманды намазға шақыратын, тыңдаған адамды рахатқа бөлеп, керемет әсерге сыйлайтын осынау азан байқауына ауа-райының қолайсыздығына қарамай облыс бойынша 20 үміткер қатысты.
Азанды көркем айту байқауына қатысушы үміткерлерге мынадай талаптар қойылды:
- Азан сөздеріндегі әрбір әріптің дыбысталуына (махражына) мұқият болу;
- Азан сөздерін тәжуид қағидаларына сай айту;
- Дауыстың көркемдігі;
- Азанға (тарихы т.б) байланысты қосымша сұрақтар.
Азан байқауына қатысқан 20 үміткердің 6-уы екінші кезеңге өтіп, өзара сынға түсті. Екінші кезеңге өткен қатысушыларға азанға байланысты қосымша сұрақтар қойылды. Мәселен, алғашқы азаншылар кімдер, азанның тарихы мен мән-мағынасы, қазіргі кездегі азан мен иқаматтың сөздеріне байланысты пікірталастар және дәлелдері, намаздан басқа азан айтылатын жағдайлар т.б.
Нәтижеде азанды көркем айту байқауына төрелік еткен әділқазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
- Бас жүлдеге Ақтөбе қаласына қарасты Жаңақоныс ауылы «Бақытжан» мешітінің атынан қатысқан – Байзулин Төлеген есімді азамат ие болды.
- І орынға Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы елдімекені «Досжан хазірет» мешіті атынан сынға түскен – Бекпанов Нұрбол лайық деп танылды.
- ІІ орынға Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы елдімекені «Досжан хазірет» мешіті атынан сынға түскен – Сағызбаев Шәймерден есімді үміткер ие болды.
- ІІІ орынға Ақтөбе облысы Хромтау аудандық орталық «Нұр» мешіті атынан қатысқан – Жанаділов Мұрат есімді үміткер лайық деп танылды.
Осы аты аталған байқаумжеңімпаздары ағымдағы жылдың 9-ақпан күні Ақтөбе қаласы «Жастар» сарайында өткізілетін Әз Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәуліт мерекесінде мақтау грамотасымен және қаржылай сыйлықпен марапаталатын болады.
Облыстық «Нұр-ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.01.2014
4377
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру