Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Еліміздің қала-аудандарында мәуліт тойлануда (ФОТО)

27.01.2014 4838 0 пікір

Семей шаһарында өткен Мәуліт

Семейлік мұсылмандар қалалық мәдениет сарайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) арналған мәуліт мерекесін  зор салтанатпен атап өтті. Мерекелік шараға алдын ала құлақтанған шаһар тұрғындары мол жиналды. Салтанатты жиынға ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкілдігіне қарайтын барлық мешіттің қызметкерлері мен бас имамдары да келіп қатысты.     Мерекелік кеш шымылдығын алдымен ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы Алтыбай Мақсат ашып, Жаратушыға мақтау, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айтудан бастаған өкіл имам көпшіліктің басып келген қадамдарының сауаптан жазылуына тілек білдіріп, Алла елшісінің сипаттары, оның адамзат өркениетіне әкелген ұлы жаңалығы жайлы уағыз айтты.                                                                  

Аймағымыздың өкіл имамынан соң көпшілік алдында сахнаға көтерілген Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева жұртшылықты осынау маңызды мерекемен құттықтады.                         

Осыдан соң көрермендер назарына «Дариғай» жастар театрының өнерпаздары әзірлеген музыкалық композиция ұсынылды. Имандылық иірімдерін дөп басып көрсетуде дініміздің уағызын сахналық көріністер арқылы сомдау – бүгінгі жұртшылықтың жүрегіне жол табудың да ерекше тәсілі. Бұл тарапта театр ұжымы әзірлеген қойылымдар өте ұтымды шықты деуге болады. Зал толы көрермен мазмұны бай, ой салатын, тәрбиелік мәні ауқымды қойылымдарды жылы қабылдады.  

Жиынның қорытынды сәтінде Алтыбай Мақсат сөз алып «Жыл имамы» атанған өңіріміздегі дін қызметкерлерін Мақтау қағазымен марапаттап, ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Ержан Малғажыұлы хазреттің «Дін мен дәстүр» кітабін тарту етті. Айта кету керек, өкіл имамның бұл құрметіне аудан орталықтарынан шалғайда жатқан, мешітті ұстап тұру қиынға соғатын ауыл молдалары ие болды. 

Алтыбай Мақсат сондай-ақ, рухани-танымдық кеш өткізуге жәрдем жасаған «Дариғай» жастар театрының директоры Амангелді Бахтинов мырзаға және театр ұжымына мерекені өтуіне демеушілік жасаған азаматтарды  Алғыс хатпен марапаттады.

Семей орталық мешітінің
баспасөз қызметі


 

Петропавл қаласында өткен Мәуліт мерекесі 

Ағымдағы жылдың 26 каңтар күні СҚО-ның орталығы Петропавл қаласында Мәуліт мерекесіне орай кеш ұйымдастырылды. Аталмыш игі іс-шара облыстык Н.Погодин атындағы драмалық театрда өткізіліп, оған қала, аудан имамдары, Дін істері басқармасының жетекшісі Зейнуллин М.Б., Ресей Федерациясы Азия бөлігінің Сібір өңірі бойынша наиб мүфтиі Әміржанов М.Н., зиялы қауым және жергілікті тұрғындар қатысты.

Кеш шымылдығы Құран аяттарын оқумен ашылып, екі дүниенің сардары, Аллаһ Тағаланың сүйікті құлы Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) арнап салауат-шарифтер айтылды.

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, "Қызылжар" орталык мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жиналған қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтап, айтулы мерекенің мәні мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар өңір имамының Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен сыр шерткен ғибратты мысалдары жұртшылыққа рухани нәр берді.

Бұдан соң көрермендер ғасырлар бойы халқымыздың иманын күшейтіп, рухын биіктете түсуге өлшеусіз үлесін қосып келген  тәрбие құралы, қазақы пәлсапа мен данышпандықтың көзі болған айтыс өнерін тамашалады. Асыл дініміздің кұндылыктары мен Аллаһ елшісінің өмірбаянын акындык шеберлікпен жеткізе білген айтыскер ақындарға халық риза болды. Мерекелік шара барысында сондай-ак діни жыр-термелер орындалып, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драмалық театрының әртістерінің арнайы дайындаған қойылымы  көрермендердің көңілінен шықты. Сондай-ақ жас бүлдіршіндер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерін оқып, мадақ өлеңдерді айтып берді. Олар кішігірім сыйлықтармен марапатталды.

Мәуліт мерекесіне жиналған қауымға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» кітабы және арнайы жасалған буклеттер таратылды. Мереке соңында орталық мешіттің асханасында барша мұсылмандарға және арнайы шақыртылған ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға  мерекелік дастархан жайылып, ас берілді.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің
 баспасөз қызметі

 

Жезқазғанда Мәуліт мерекесі аталып өтті

Жезқазған қ. Қаңтар айдың 26-сы жексенбі күні сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (С.Ғ.С.) туған күні – Мәуліт мерекесі аясында  қала тұрғындары мен қонақтары «Серке Қожамқұлов» атындағы қазақ сазды-драма театрында атап өтті. Мәуліт – Мұхаммед (С.Ғ.С.) пайғамбардың дүние есігін ашқан күн. Құран Кәрімде: «Алла мен Оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Барша иманды қауымды оған салауат айтуға үндейді.» - делінген («Ахзап» сүресі, 56-аят). Салтанатты мерекелік шараның тізгінін елімізге танымал айтыскер ақын, дін жанашыры Жаманов Төлеген ағамыз қолына алып, көркем сөз мәйегін тамыза отырып жүгізді. Жиналған халыққа осынау діни іс-шараның баршамызға ортақ екенін тілге тиек етті. Мәуліт мерекесі сауат ашу курсының шәкірті Темірлан Сайлауұлының Құран Кәрімнің аяттарын оқумен басталды. Жиналған жамағатқа Жезқазған қалалық ішкі саясат ММ-нің бөлім басшысы Мереке Батырбекқызы және қалалық маслихаты тарапынан депутат, білім меценаты Алтынбеков Бакзат Қомарұлы құттықтау лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның Жезқазған аймақтық өкіл имамы Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өнегелі өмірі, еліміздің ауызбіршілігі мен басшыға бағыну жайында тартымды уағыз-насихаттар айтты. Іс-шараның негізі болып саналатын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (С.Ғ.С.) өмір жолы мен көркем-мінез-құлқын дәріптейтін «Мәуліт оқу рәсімін» Жезқазған қалалық мешітінің наиб имамдары Абылай Айқынұлы, Дәулет Дүйсенұлы, мешіт азаншысы Ержігіт Мамытұлы және сауат ашу курсының шәкірттері ерекше ықыласпен оқып, тыңдарман жамағатқа айтарлықтай әсер қалдырды. Рухани кеш барысында Пайғамбарымызға салауаттар рет-ретімен айтылып жатты. Алматы қаласынан арнайы келген республикаға танымал әнші Сержанәлі Әлібек Пайғамбарымыздың (С.Ғ.С.) Алланың алдында да ерекше құрметке ие екендігін жеткізген тартымды өсиет уағыздарын Иләһи әуендерімен тағылымды жеткізді. Қаламыздың «С.Қожамқұлов» атындағы сазды-драма театрының әртістерінің сомдауымен жергілікті халық арасында өзекті де, жанға бататын жастардың жат ағымға санасының улануы, соның салдарынан шет елдерге «Жихат» деген жалған ұранмен кетіп қаза болуы жайындағы «Қақпан» деген көрінісі жиналған халықты толғандырды. Қалалық музыкалық колледжінің ұстазы Садуақасов Жалғас ағамыз және студенттері, сауат ашу курсының шәкірттері Алланы ұлықтап, Пайғамбарымызға (С.Ғ.С.) сансыз салауат айтып, сәлем жолдаған ғибратқа толы толғау-терме, видео ролик көрінісі, тамаша әуендерімен жиналған көпшілікті бір серпілтті. 24 қаңтар күні аймағымыз бойынша Мәуліт айының құрметіне ұйымдастырылған шығарма бәйгесі және-де 25 қаңтарда аймақтық «Ахмет ишан Оразайұлы» атындағы мешітінде Құран жарысы өткізіліп, барлығы қорытындыланды. Бүгінгі кеш барысында Құран жарысыннан топ жарған ІІІ-орын иесі Сүлейменов Ғанибек, ІІ-орынды иеленген Рамазанов Айбек және шығарма бәйгесінің ІІІ-орын иегері Абенов Өмірлан, ІІ-орынды Руслан Мейрамбекұлы және І-орын алған Әлжаппар Әселге сыйлықтар, қаржылай жүлделері табыс етілді. Ал Құран жарысының бас жүлдесіне ие болған Қыдырбеков Олжасқа арнайы сыйлықтар «IPhone 5s» ұялы телефоны табыс етілді. Алланың үйі мешітіміздің көптеген жұмыстарына, іс-шараларды ұйымдастыруда қолқабыс жасаған, қайырымдылық шараларына көмек қолдарын созып, қаржыландырған кең жүректі, демеуші кәсіпкерлер мен дін қызметкерлеріне Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен Дәстүр» атты кітабтары, алғыс хаттар мен сый-сияпаттар Жезқазған аймақтық өкіл имамы Қабылбек Әліпбайұлы атынан табыс етілді. Жалпы, адамзаттың ардақтысы, пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.С.) өнегелі өмірі мен Алла жолындағы ғибратты істері, мұсылман жамағаты үшін қашан да үлгі болып қала бермек. Оған арнап салауат айтып, үлгі алуымыз, оны мадақтауымыз – бүгінгі үмметіне қасиетті міндет болмақ. Имандылық пен мейірімділікке шақыратын маңызы зор мерекенің мақсаты да осы болды.

ҚМДБ-ның Жезқазған аймақтық өкілдігінің
баспасөз қызметі

 

«Нұр Астана» мешітінде өткен мәуліт мерекесі

Қаңтардың 25-күні «Нұр Астана» орталық мешітінен діни сауат ашып жүрген апа-әжелер, аналар, қыздар «Мәуліт» айының құрметіне арнайы дастархан жайып, ұлық мерекені ерекше қарсы алды.

Аталмыш мерекелік дастарханға ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов және мешіттің найб имамдары қатысты.

Алдымен бас имам Наурызбай Тағанұлы мешіттен сауат ашып жатқан барша әйел кісілерді мәуліт айымен құттықтады. Мұнан кейін мәуліт айында салауат айтудың артықшылығы, әйел жамағатының діндегі алар орны және білім алудың маңыздылығы тақырыптарында уағыз-насихат айтып өтті.

Игі шара соңында апа-әжелер ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Өтпенов Наурызбай қажыға өздерінің ризашылығын білдіре келіп, дін үшін жасап жатқан қызметіне абырой мен табыс тіледі.

Аллаға шүкір, бүгінгі күні «Нұр Астана» орталық мешітінде үлкенді-кішілі 60-тан аса әйел кісілер дәріс алып, ілімнің кәусарынан сусындау үстінде.

«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі

Исатай ауданында тойланған мәуліт

Қасиетті Мәуліт мерекесі аудан орталықтарында жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Соның айғағы 23-ші қаңтар күні облыстың Исатай ауданының Аққыстау елді мекеніндегі «Зинеден Құрасұлы» мешітінде өткен Мәуліт мейрамы.  

 

Пайғамбарымыздың /с.ғ.с./ туған күні Мәуліт мерекесіне ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Мансұров Батыржан Берденұлы осы шараға қатысуы үшін арнайы келді. Ауданға атбасын тіреген өкіл имамды  Исатай ауданы әкімнің орынбасары Мәди Рахымұлы қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Өтеғалиев Мәди мырзаның қабылдауында болған өкіл имам Батыржан Берденұлы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  «Дін мен Дәстүр» атты кітабын сыйға тарту етті. Кездесуден кейін ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Б.Мансұров «Жалын» мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынға қатысты.  

Мәуліт шымылдығын «Зинеден Құрасұлы» мешітінің имамы Құрметқали Бақтығұлов Құран оқумен ашты. Жиналған жұртшылықты құттықтап, сөз алған Исатай ауданының әкімінің орынбасары Өтеғалиев  Мәди Рахымұлы Мәуліт мерекесінің құндылықтары мен маңызына тоқталып: «Бүгінде дәстүрлі және діни мерекелерді жоғары деңгейде атап өтудің  келешек ұрпағымызға тәрбиелік тәлімі мен берері мол, маңызы зор» - дей келе, қалыптасқан бағытымыздан ауытқымай, ата-бабаларымыздың жолынан таймауға шақырды.  

Содан соң сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Берденұлы жиналған жамағатты мәуліт мерекесімен құтықтап, Алла Тағалаға айтқан мақтаулар мен пайғамбарға жолдаған салауаттарды Жаратқан қабыл етуін тілей отырып:

- Мәулітті атап тойлауда сүйікті елшінің (с.ғ.с.) ғибратқа толы өмір жолы мен өнегелі істерін еске алып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтудың тәрбиелік, адамгершілік маңызы өте зор. Мәуліт өткізудегі басты мақсат Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны мен асыл қасиеттерін халыққа жеткізіп, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысынан үлгі өнеге алу. Ендеше мәулітті ерекше атап өту – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға деген сүйіспеншілік махаббатымызды арттыра түссе керек. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.у)-ды барлық жаратылыстан артық сүю уәжіп» - деді, өкіл имам.

Рухани шарада Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны туралы бейнефильм көрсетіліп, мектеп оқушылары Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат пен илләһи өлеңдер айтып, күй тартты.

250-ге жуық аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысқан Мәуліт  шарасы баршасына рухани азыққа айнала бермек.

Атырау облыстық «Иманғали»
орталық мешітінің баспасөз хатшысы

 

Орал қаласындағы өткен мәуліт 

Ардақты Елшіміз Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған айы Мәуліт мерекесі басталғалы   қазақ елінде тойлануда. 

Орал қалалық Мұхаммед-Гариф Түлбаев мешітінің бас имамы Қажымұқан Ғилмановтың бастамасымен мешіт жамағаты болып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған күніне орай ақ дастархан жайылды.

Алдымен Қасиетті құран кәрімді мешіттің найб имамы Әзілхан Бисенғалиев оқып, келген жамағатқа   мешіттің бас имам Қажымұқан Елтайұлы ардақты пайғамбарымыз бен  мәуліт жайында уағыз айтып, жиылған қауымды өзіңе баурап алды.  

Шара соңында сөз алған  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов  барша мұсылман жамағатын  мәуліт мерекесімен құттықтады.

Осындай игі шара Теректі аудандық мешітінің бас имамы Халықбек Сыдықовтың бастамасымен мәуліт мерекесі болып өтті. Оған Орал қалалық мешітінің найб имамы Бейімбет Дүйсенәлі мен ҚМДБ қарасты «Орал» медресесінің шәкірттері  қатысты. Медресе шәкірттері иләһи әндер шырқап, ақындар жырдан шашу шашып, барша қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.   

Нұрлан Қабыкеш,
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру