17 -ақпан. Алла тағала "Ахзаб" сүресiнің 21-аятында: "Расында сендер үшiн Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада (Мұхаммед пайғамбарда ) әлбетте тамаша өнегелер бар", - десе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендердiң ешбірің менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше (кәміл) иманды бола алмайды», - деген.
Иә, әлемге бақыт сыйлап, жарық сәуле көрсете білген пайғамбарымыздан әлем мұсылмандары үлгі алып қана қоймай, өмірін өнеге тұтары хақ. Мұсылманның да өмірдегі басты мақсаты пайғамбарымыздың сүннетіне сай өмір сүру.
Екі дүниенің сардары болған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесі де келді. Елімізде мәуліт айын түрлі іс-шаралар шеңберінде атап өту үрдіске айналған. Міне, ардақты пайғамбарға деген сүйіспеншілік пен құрмет мәуліт айында онан әрі өз жалғасын табуда. Жылдағы үрдіс бойынша Астана қаласы мешіттерінің дін қызметкерлері жамағатпен бірге «Мәуліт шәриф» оқуға ниет білдірген болатын. Осыған орай қасиетті жұма күні «Нұр Астана» орталық мешітінде, «Әзірет Сұлтан» мешітінде, Шейх Кунта қажы» мешітінде, «Төлебай мешітінде, «Әл-Ғани» мешітінде жұма намазының алдында барша жамағатпен бірге өз заманында Мәдина қаласының мүфтиі болған Жағфар әл-Барзанжидің жазып қалдырған "Мәулид ән-наби" кітабынан арабша нұсқада мәуліт оқылып, пайғамбарға салауат айтылды.
Өйткені, Алла «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Әлбете Алла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған салауат және сәлем жолдаңдар» - деп бұйыруда.
Әрине, мәуліт оқудағы ниет пайғамбарымыздың өмірбаянын мұсылмандарға жеткізу. Осы мақсатта Имам Жағфар әл-Барзанжи "мәулид ән-наби" атты еңбегінде пайғамбарымыздың ата-тегі, ата-анасы, анасының пайғамбарға жүкті болуы, әкесінің ерте дүние салуы, пайғамбардың туылуы, ер жетуі секілді оқиғаларға тоқталады.
ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов мәуліт дұғасын жасап, жиналған жамағатқа, еліміз бен жерімізге бақ-береке тіледі. Сонымен қатар, мәуліт айының құрметі үшін «Нұр Астана» орталық мешіті мен «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұмаға келген жамағатқа арнайы құрма және Алла Елшісінің қоштасу құтпасы таратылды. Сондай-ақ, «Әл-Ғани» мешітінде елу кісіге арналып ақ дастархан жайылып, ас берілді.
Мәуліт айындағы сауабы асқан іс-шаралар мұнан әрі де мешіттер тарапынан жалғасымын тауып, халыққа ұсыныла берері сөзсіз.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.01.2014
3826
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру