Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау облысына жаңа өкіл имам тағайындалды (ФОТО)

28.12.2013 5753 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бұйрығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы болып Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы тағайындалды.

Маңғыстау облысы бойынша тағайындалған жаңа өкіл имамды Мағыстау облысының әкімі А.Айдарбаев қабылдады. Бас мүфтидің тапсырмасына орай жаңа тағайындалған өкіл имамды ҚМДБ-ның Мешіт істер бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы таныстырып, облыс әкіміне Бас мүфтидің ыстық ықыласпен айтқан үлкен сәлемін жеткізе отырып, күні кеше өткен тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған лебізін жеткізді. Еліміздің ынтымағы мен бірлігі жолында атқарылатын діни, рухани ағартушылық жұмыстың маңыздылығын ескере отырып, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің шешімімен қызметтік сұранысқа байланысты өкіл имамның ауысқанын тілге тиек етті. Тағайындалған өкіл имамның білімі мен біліктілігі және тәжірбиесінің мол екендігін таныстырып өтті.

Облыс әкімі А.Айдарбаев жаңа тағайындалған өкіл имамға сәттілік тілеп, алдағы уақытта асыл дінімізге, облыстағы діни ахуалдың, дінаралық татулықтың тұрақты болуына өз тарапынан қолдау көрсететінін айтып өтті.

Облыстық орталық мешітте жұма намазынан алдын Ербол Сағиұлы бірлік, ынтымақ жайында уағыз айтып, жамағатқа ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің ыстық сәлімін жеткізе отырып, Бас мүфтидің бұйрығына сәйкес ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Т.Мырзаевтың ҚМДБ-ға ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын, Маңғыстау облысы бойынша жаңа өкіл имам болып Сейтбеков Смайылдың тағайындалғанын жеткізіп, өкіл имамды таныстырды. Жаңа өкіл имамға асыл дінімізді насихаттауда аянбай қызмет етуін тапсырды. С.Сейтбеков жамағат алдында Бас мүфтидің өзіне тапсырған дін аманатын абыроймен атқарып, сенімін ақтауға бар күш жігерін салатынын жеткізді.    

Республикаға танымал, Маңғыстау жұртшылығы арасында сыйлы Алдазимова Бибіжамал Мәлікқызы жергілікті жамағат атынан және өз отбасы атынан алғысын білідіріп, қазақи дәстүрімізге сай Т.Мырзаевтың иығына шапан жауып, жеңіл авто көліктің кілтін сыйға тартты.

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы 2005-2011 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, 2011-2013 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

 

ҚМДБ-ның Маңғыстау
облыстық мешіттің
баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру