Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

2014 - Дін мен Дәстүр сабақтастығын насихаттау жылы

19.12.2013 4704 0 пікір

18-19 желтоқсан күндері Алматы қаласының Мекке мешітінде өткен жылдық есеп беру жиналасында екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша 2013 жылда қайрымдылық шараларына көптеп көңіл бөлінгендіктен бұл жыл «қайрымдылық көрсету жылы» деп қорытындыланды. Ал, екінші мәселе бойынша 2014 жыл  «Дін мен Дәстүр сабақтастығын насихаттау жылы» деп белгіленді. Аталмыш жиынға Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, қала мешіттерінің бас имамдары қатысты. Бас имам Н. Есмағанбет алқалы жиынды қысқаша кіріспе сөзбен ашқан соң,  имамдар жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін берді.  

Имамдар биылғы есеп беруде белсенділік танытып, бір жыл бойы атқарылған істерді 5 минутқа сыйдыруға тырысты. Мешіттердің дені жылдық есепті түрлі-түсті кітапшалармен қатар, кейбірі өз есептерін слайд нұсқасында ұсынды.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, биыл мамыр айында Алматы қаласында Әл-Мәдина және Мекке мешіті жамағатқа есігін айқара ашып, қалалық мешіттердің саны 32-ге жетті. Ал Тамыздың 3-күні Қадір түнінде  Төле би мешітінде жаңа намазхана пайдалануға берілді. Осындай кеңейту жұмыстарының құрылысы Нұр, Аманқұл ата мешітінде де қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар қаламызда Бекет ата, Нұр, Таугүл, Сұлтан қорған және өзге де мешіттерінде ішкі және сыртқы әрлеу, кілем ауыстыру, су құбырын тарту, дәретхана мен жылу жүйесін жаңарту, қоршауларды сырлау, жерге тас төсеу секілді көптеген жұмыстар жасалды.

Қайырымдылық іс-шаралары бойынша қасиетті Рамазан айы мен Құрбан айт құрметіне «Орбита» және Таугүл-3 мешіттерінің ұйымдастыруымен  №63-ші және №104 бағыттағы автобустары  бір күн бойы халыққа жол ақысыз тегін қызмет жасады. 9-мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласының имамдары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, оларды мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстады.  

20-тамыз күні Алматы қаласындағы «Фэмили» саябағында Әуезов ауданының әкімшілігі мен ауданның мешіттері (Ақсай мешіті, Таугүл мешіті, Қалқаман мешіті, Мүзаммил мешіті) бірлесе отырып, Республика бойынша өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Әуезов ауданының мешіттері аудандағы аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға және жетім 100 балаға мектеп формасын табыстады.

Сондай-ақ«Музәммил» мешіті 255-отбасына, «Райымбек батыр» мешіті 30 отбасыға, «Таугүл-3» мешіті 115 отбасыға, Қалқаман мешіті 6 отбасыға, Мырзахмет мешіті 125 отбасыға, Әскер ата және басқа да мешіттерде көп балалы отбасыларға, мүгедек  азаматтарға азық-түлікпен және ақшалай көмек көрсету акциялары өтіп, жалпы саны Алматы қаласы бойынша ірі қайырымдылық іс-шаралары 10 612 000 (он миллион алты жүз он екі мың) теңгені құрады.

        Рамазан және Құрбан айт мерекесінде атқарылған іс-шаралар бойынша Алматы қаласының мешіттерінде күн сайын 50-350 жамағатқа ауызашарлар дастарханы күнделікті жайылды. Тек қана Алматы қаласында жалпы саны 100 мыңнан астам адамға ауызашар берілді. Құрбан айт мерекесін халқымызға, әсіресе жасөспірім бүлдіршіндерімізге сезіндіру мақсатында қала мешіттерінде  ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Жалпы қала бойынша құрбандыққа шалынған 15 тонна мал етінен құрбандық иелері 1/3 – ін алып, қалған 9 тонна  ет мұқтаж жандарға  мерекелік базарлық ретінде үлестірілді.

        Оқу-ағарту саласындағы іс-шаралар бойынша білікті мамандар ұстаздық етіп, діни және қоғамдық сабақтардан 60 сағат дәріс жүргізіліп, сертификаттар табыс етілді. 2013 жылы Алматы қаласында қазақ тілі және орыс тілінде  сауат ашу курстарында  жалпы саны 4543 шәкірт бітіріп шықты. Ал жазғы лагерьде  жалпы 1420 шәкірт діни сауатын ашты. Сонымен қатар ҚМДБ қолдауымен Алматы қаласында асыл дініміздің құндылықтарына қатысты 22 тақырыпта әр-түрлі бейне және үн таспалармен уағыздар жинағы басылып, еліміздің барлық өңірлеріне 50 000 данамен таратылды.

Жыл бойы атқарылған жұмыстардың  қорытындысы бойынша Әуезов ауданы ең үздік деп танылып,  Таугүл-3, Төле би, Орбита, Музәммил, Аманқұл ата мешіттері ең үздік мешіт деп анықталды.   Кездесу соңында бас имам 2014 жылда бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасына орай «Дін мен Дәстүр» бағытында жұмыс істеуге шақырды. Осы бағытта түрлі конференция, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу, мешіттердің жанынан қазақ тілін үйрететін курстар ашу жөнінде ұсыныстар айтылып, әр имам келер жылға нақты тапсырмалар алды.

 

Әсет БЕКТҰР,

Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру