Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Егемендік елдігімнің белгісі

18.12.2013 5555 0 пікір

Тәуелсіздік - еліміз үшін айтулы әрі орны ерек ұлық мереке. Осы азаттық үшін қазақ халқы ғасырлар бойы әрбір арайлап атқан таңын қайғы-қасіретпен, түрлі зұлматпен, ауыз айтуға бармас зобалаңмен өткізді. Азат ел болып, өз алдына туын тігіп, өзгелермен терезесі теңдей ғұмыр кешу бақытын олар аңсады, армандады, Алладан тіледі, осы жолда күресіп бақты. Талай ұлыларымыз, асылдай азаматтарымыз бен рухты қыздарымыз осы жолда жанын пида етіп, құрбан болды. Құдайға шүкірлігі, бүгінде қазақ елі бабалар аңсаған, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.  

Биыл өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанымызға 22 жыл толды. Бұл сан айтуға аз көрінгенмен, осы аралықта талай белестерді бағындырып, халықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында жетістіктеріміз молайды. Бастысы, тіліміз, дініміз, ата салт-дәстүріміз арамызға оралды.

Өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, тәуелсіздікке тәуба жасап, егемендігімізді онан әрі баянды ету бүгінгі ұрпақ еншісі. Аталмыш мәні терең мейрам қарсаңында ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпеновтің бастамасымен мерекелік дастархан жайылды. Онда «Нұр Астана» орталық мешітінің тұрақты әрі белсенді жамағаттары,  мешіт ұстаздары мен шәкірттер сондай-ақ, жуырда қалалық «С.Ғылмани» мешітіне бас имам қызметіне келген Жұманазар қари Садырханов болды.

Дастархан басында сөз алған «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай Тағанұлы бүгінгі тәуелсіздіктің оңай келмегендігін, оның қадір-қасиетін бағалап, қарыштап дамып келе жатқан елімізге әрбір азамат хал-қадірінше және өз мүмкіндігіне қарай үлесін қоса алатындығын, сонымен қатар, арамызды ажыратуды қалайтын ағымдардан сақ болу керектігін аят-хадистер негізінде түсіндіріп, тұщымды уағыз-насихат жасады.

Өткен кезеңнің қиындығын көріп, бүгінгі тәуелсіздікке тәуба деген қариялар жағы да қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған қазіргі күнімізді бабалардың ерен батырлығы екенін еске салды.

Мағыналы отырыс соңында ел үшін еңіреп, тәуелсіздік жолында жандары езіліп өткен бабалар рухына арналып Құран оқылып, сауабы бағышталды. Сондай-ақ, күн сайын дамып, өркендеп, өсіп келе жатқан еліміздің ертеңі үшін де дұға-тілек жасалды.

«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі    

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру