Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Жастар және дін» тақырыбында семинар өтті

09.12.2013 4924 0 пікір

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы 5 желтоқсан күні облысымызға қарасты Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл селосында аудандық Ішкі саясат басқармасы мен ауылшаруашылық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілген «Жастар және дін» атты семинарға қатысты.

Аталмыш іс-шараға сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Жакенқызы, Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Бектемиров А.Х., аудан прокурорының көмекшісі БекқожаевА.А., Ішкі істер бөлімінің басшысы Искаков Ж.Е., Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысы Сарсымбаев Н.Ш., аудандық  «Қожахмет хазрет» мешітінің бас имамы  Шакенов О.А., ауыл молдалары, аудан мектептерінің және ауылшаруашылық колледжінің мұғалімдері мен оқушылары, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Семинар аудандық Сәкен сері атындағы мәдениет үйінде өтті. Семинарды ұйымдастырушылар бастап, сөз кезегін облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлына берді. Облыс имамы жиналған жастарға асыл дініміздің мәні мен мағынасына тоқталып, құндылықтарын тереңнен ашықтай түсті, сондай-ақ  бұл семинардың басты мақсаты болған экстремизм мен терроризмге діни сипат беру тұрғысынан да көп мағлұмат берді. «Мемлекеттің негізгі тірегі, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері сендерсіңдер, жастар. Ертең еліміздің арқа сүйер азаматтары болатынына сенемін. Ал діні, тілі, мәдениеті жоқ елдің болашағы болмайды. Сондықтан да дінді дұрыс түсінуге, яғни діни білім алуға тырысыңыздар, сонда ғана ақ пен қараны ажырата аласыздыр», - деп, діни сауатсыздықтан туындап отырған кейбір жайттарға тоқталып өтті.

Семинар барысында лаңкестік әрекеттер, теріс ағымдар жайында  бейнефильмдер көрсетілді. Әр бейнефильмнен кейін пікір алысу, ой қосу болды.

Жалпы, қорытындылап айтсақ семинар жоспарланған күн тәртібі бойынша атқарылып, сәтті аяқталды. Имамдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан ислам дінінің мәні мен мағынасы, экстремизм мен терроризмге түсінік, асыл дініміздегі әйелдің орны, ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы, жастардың қоғамдағы рөлі, еліміздің заңнамаларындағы дін мәселелері кеңінен сөз болған кездесуде жиналған  студенттер  көп жайттардан хабардар болды деп есептейміз. Себебі, бағдарлама барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды. Білімді мамандардың айтқан сөздері мен пікірлерін ұйып тыңдаған зал толы жастар бұл жиыннан терең мағыналы ой түйгені сөзсіз.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру