Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасымен биыл еліміздің барлық имамдары сынақтан өтуде. 4-ші желтоқсанда Атырау облысында да алғаш рет дін қызметкерлерінің аттестациясы болып өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерінен құралған комиссия қала, аудан, ауыл имам-молдаларының білімдерін тексеріп, біліктіліктерін сараптамадан өткізді. Сынаққа облысымыздағы имамдардың барлығы қатысты. Бұл сынақтың негізгі мақсаты-елімізде діни экстремизм мен өзге ағымға тосқауыл қою, барлық имам-молдалардың білім-танымын арттыру болатын.
Комиссия мүшесі болып ҚМДБ-ның дін істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы, ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ-ның іс басқарушысы Ербосын Бектұрсынұлы келді. Имамдарға құран оқу ережелері бойынша тәжуид, мұсылман баласының сенімі тұрғысынан ақида, түйткіл мәселелерде шарғи үкім шығаратын фиқһ ғылымдары мен әкімшілік жүйе бойынша сауалдар билеттер арқылы, сонымен қатар ауызша да сұрақтар қойылып сауаттылығы тексерілді. Осы күнге дейін ұзақ уақыт арнайы семинарлардан өтіп, дайындалып келген Атыраулық имамдардан сүрінгендер болмады. «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Мансұров:
-Діни басқарманың алдына қойған негізгі жұмыстарының бірі имам-молдалардың сауатын жетілдіріп, оларды қайта сараптаудан өткізу арқылы діни қызметтің сапасын арттыру. Әлбетте мемлекетімізге сауатты, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кез келген діни мәселені байыппен, байсалдылықпен шешуге тырысатын білімі мен білігі толысқан имам-молдалар қажет. Бұл сынақ баршамызға сабақ екені рас, елімізде түрлі діни ағымдардың пайда болуына байланысты, балық басынан шірімес үшін алдымен имамдарымыздың өзі халықты игілікке, жамандықтан сақтануға, исламның тура жолында жүруге, кейінгі толқын жастарға дұрыс білім алуға шақыру үшін, бұл сынақ өз негізін табады,-деген пікірін білдіре отырып, алдағы уақытта да имам-молдалардың біліктілігін арттыратын арнайы семинарлар болатындығын жеткізді.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз хатшысы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.12.2013
3945
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру