Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау имам-молдаларының аттестациясы болып өтті (ФОТО)

04.12.2013 4581 0 пікір

Маңғыстауда алғаш рет дін қызметкерлерінің аттестациясы болып өтті. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының өкілдерінен құралған комиссия  маңғыстаулық  қала, аудан  және ауыл имам-молдаларының білімдерін тексеріп, біліктіліктерін сараптамадан өткізді.

- Еліміздің бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отырған шара Оңтүстік Қазақстан облысынан соң Маңғыстауда өткізіліп отыр. Басты мақсатымыз – жергілікті жерлердегі имам-молдалардың ой-өрісін бақылау, білім деңгейлерін тексеру. Кәсіби біліктілігін арттыру қажет болған жағдайда оларды арнайы курстарға  бағыттау. Маңғыстау имам-молдаларының жалпы деңгейі жақсы екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бүгінгі сараптама қорытындысы соны көрсетті,- дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы шариғат фатуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, комиссия төрағасы Сансызбай қажы Құрбанұлы.

Маңғыстауда діни басқармаға қарасты 18 мешіт болса, оларда 21 имам және наиб имамдар қызмет етеді. Сараптамадан  олардың  барлығы да өз білімдерін дәлелдеп,  сүрінбей өтті. 7 имам «Нұр мүбарак» университетінің түлектері болса, қалғандары Орал, Ақтөбе, Алматы және Шымкент медреселерін бітірген. 

- Маңғыстаулық 21 имамның барлығы да сынақтан сүрінбей өтті. 1 имам ғана аттестацияға қатыса алмады, ол қазір Түркияда курста оқып жатыр. Қалғандары кәсіби жоғары білімін көрсетіп, сынақ сұрақтарына жауап бере алды.  Дегенмен, қазіргідей жаңашыл заманда біліктілікті арттыра беру керек. Сондықтан да комиссия шешімімен бірқатар дін қызметкерлерін білім жетілдіру оқуларына жіберетін боламыз,-дейді Маңғыстаудың  бас имамы Тыныштық қажы Мырзаев.

- Аттестация сынақ түрінде өтті. 6 сұрақ қойылды. Рас, сұрақтар күрделі, бірақ, бізге таныс. Бұрын имамдар білімін бұлайша тексеру болған жоқ. Діни басқармадағы нағыз діндарлардың бізге келіп, әрі сынақ алып, әрі білімдерімен бөлісулері құптарлық, -дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хаснияз.

Сынақ барысында мешіт қызметкерлеріне  құран, ақида, тәжуид, фикх, ислам тарихы және әкімшілік жүйе бағытында сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, имамдармен психолог маман жұмыс істеп, олар  жат ағымдарға еріп, адасып жүрген жандардың көкірек көзін ашуға қатысты сауалдарға да жауап берді. Осыдан соң маңғыстаулық имам-молдалар семинарға қатысты.

Анар Шамшадинова,
Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің
баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру