Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ақмола облысына жұмыс бабындағы іс-сапары кезінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Дін және дәстүр» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі.
Дінбасы осы сапары аясында Көкшетау қаласында салынып жатқан жаңа мешіт құрылысымен жан-жақты танысқан Бас мүфти бұл іргелі діни құрылысқа жақсы бағасын берді.
Сонымен бірге, жергілікті телеарна журналистеріне сұхбат берген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қасиетті дініміздің асыл құндылықтарын жаңғыртуда істеліп жатқан іс-шаралар жайын тілге тиек етті.
- «Терезені ашсаң, таза ауамен бірге, шаң-тозаң да кіреді» делінеді шығыстың бір даналық сөзінде. Тәуелсіздік алып, есік-тереземізді айқара ашып едік, азаттықтың ыстық лебімен бірге, суық жел де бері өтіп, жанымызды жауратты, - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жастар алдында жасаған баяндамасында. – Шыны керек, ол кез ақ-қараның ара жігін ажырату қиындау соққан шақ еді. Небір мысық тілеу миссионерлердің табалдырығымызды аттап, төрімізге озғанын да жасыра алмаймыз. Әсіресе, исламның атын жамылған теріс ағымдар жастарды жетегіне ертіп, дегеніне жетті.
Қарап отырсаң, сол теріс ағымдарға ұрынған жастарымыз негізінен ана тілін білмейтін, ата дәстүрінен де ада жандар еді. Уахабтық ағымдағылар өзінікін дұрыс, басқаныкін жоққа шығарады. «Мен ақылдымын, қалғаны надан» деген түйсікте болады. Бұған жастарымызды да кінәлай алмаймыз. Себебі, қазіргі мешіттерде намаз оқитындардың дені жастар. Ал, сәждеге жығылған аға буын өкілдерінің қарасы аз болғандықтан, оларды жетектейтін ешкім болмады. Сосын да олар өзгенің жетегіне тез түсіп кетті.
Міне, діни басқарма бүгінгі таңда осы бағытта жаңа бағдар жасап, өзге ағымда жүргендерге араша түсіп, санасы әзірге жат қылыққа уланбағандардың таным-нанымын ата-баба діні жолымен насихаттауға ден қойды. Бұл өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлеріміздегі шариғатқа қайшы емес тұстарын кеңінен дамытуға негізделеді, - деп атап көрсетті Дінбасы өз баяндамасында.
Конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, республикалық дінтанушылар қауымдастығының мүшесі, тарихшы Ғалымтай Төлепбергеновтер барша қоғамды толғандырып жүрген жайларды ортаға салды.
Сенатор Жабал Ерғалиев арам ниетті миссионерлердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, жан-дүниемізді тонап, рухымызды жұтаңдатып жатқанын қынжыла жеткізді. Сондықтан ұлттық ынтымағымызды жарастырып, жаңа діни сана қалыптастырудың маңызды тұстарына жан-жақты тоқталды.
Ол: «Есігін қымтап алып, теріс ағымдарын насихаттағандарға үйір болғанша, есігі айқара ашық Алланың үйлеріне бір сәт бас сұғып, жанымызды тазаласақ екен» деп түйінді сөзін айтты.
Шынында, біз жастарымызды ізгі істерге көмектесіп, күнә жасамауға, жақсылыққа жәрдемші болуға уағыздауымыз керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің Арафа тауында тұрып айтқан соңғы хұтпасындағы: «Уа, мұсылмандар, сөзіме құлақ қойып зерделеңдер. Мұсылман мұсылманға бауыр. Алла – жалғыз, бәріміз – Адам атаның ұрпағымыз» дегенін әркез есте ұстағанымыз абзал.
Конференция соңында аталған оқу орнының бір топ ұстаздары мен студенттері сөз алып, осындай діни іс-шаралардың маңызды екенін тілге тиек етсе, университет ректоры Сағынтай Елубаев Дінбасыға өз ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінде жұма намазына қатысып, жиналған жамағатқа уағыз айтты.
Қазақтың киелі бір өңірі – Көкше жеріндегі Дінбасының бұл сапары тағылымдылығымен есте қалды. Оның уағыз сөзін естіген ел ерекше әсер алды ғой деп ойлаймын. Себебі, қасиетті дінімізді дамытуда ұлттық салт-дәстүрлерімізден де алшақтап қалмай, тең ұстау керектігін ұдайы айтып жүрген Дінбасының бұл даналығы бүгінгі күні барша қауымға үлгі-өнеге тұтар басты арна болатыны сөзсіз.
Бақыт Смағұл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.11.2013
4627
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру