Еліміз өз азаттығын алып, қасиетті дініміз де ортамызға оралып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқандай көрінеді. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан асыл дініміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктету де бүгінгі күннің ең басты талабы іспеттес. Әсіресе, дін насихатында жүрген дін өкілдеріне жүктелер жауапкершілік әсте жеңіл емес.
Біреу етегімізден тартып, енді бірі аяғымыздан шалып, асыл дінімізге күйе жаққысы келіп, қаскүнемдіктің арбауына түскендердің де қарасы азаймай отырғанда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер, күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар» (Мәида сүресі) деп Қасиетті Құран сөздерін ту етіп ұстаған имам-молдалардың асып-тасығандардың аптығын басу үшін қаншама тер төгіп жатқанын көресің.
Қасиетті Көкшенің әсем табиғаты бар Бурабайдың баурайында ұйымдастырылған төрт күндік семинар тақырыбы да қасиетті дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеуге арналды. Бұл алқалы басқосуға Ақмола облысының барлық аудан, ауылының имам-молдалары қатысып, мол тағылым алды.
Алдыменен, бурабай жеріне келген дін қызметкерлеріне аудан ікімі Нұркенов Нұрлан Жаңбыршыұлы арнайы келіп, өзінің ілтипатын білдірді. Одан кейін семинарға қатысушыларға арнап кіріспе сөз сөйлеген облыс имамы Қанат Қыдырмин шынайы мұсылманшылықтың қадір-қасиеті неде екеніне жан-жақты тоқталды. Қазір еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы ислам дінін кеңінен дамытудың аса маңызды екенін айтып, имамдардың қызметіне жаңаша сипат беру аса қажеттігін міндеттеген еді.
Облыс имамы Қанат Қыдырмин өзінің дәріс сөзінде имамның сипаты болуы керектігіне кеңінен тоқталды. Неге десеңіз, бүгінгі қоғамымызда теріс ағымдарын желеу етіп, «бүйректен сирақ шығарып» жатқаны ащы да болса шындық. Сондықтан ислам дінінің тағылымын терең көрсету үшін қазіргі имамдар білімді ғана емес, мінез-құлыққа да көркем, іскерлігі де басым, ізгілік те бойынан табылуы аса қажет. Себебі, имамдар исламның берік тірегі іспеттес.
Имам-молдалар алдында, жақында да құрылған «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Қанат Алшынбаев – «Құран», «Ақида», Науан Хазрет атындағы орталық мешітінің наиб имамы Серік Халықов – «Фиқһ», «Хадис», ұстаз Болатхан Қуанған – «Сира» тақырыбында дәрістер оқыды.
Онда адамдарды теріс ағымдардың жетегінен арашалап қалу үшін Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудың мәселесі жайлы ой қозғалды. Себебі, біздің арамызда жанжалдың шоғын қыздырғандар да жетіп жығылады. Ал оған ақылдың суын себудің орнына, жаулық іздегендер діннің берекесін кетіреді. Шыны керек көп адамдар қорыққан нәрсесінен қашады, ал Аллаһтан қорыққан адам ғана Оған жақындай түсетінін ескермейміз. Демек, біздің имам-молдаларымыз Құран аяттарынан сусындап, ілім-білімді исламды уағыздаудың негізіне айналдыру қажет сияқты.
Мешіт қызметкерлері алдында Көкшетау Ш.Уәлиханов атындағы университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Шешендік өнер» деген тақырыпта баяндама жасады. Әдебиетші ғалым шешендік өнердің шеберлігін имамдар уағыз айтқан кезде пайдаланса, діни ілімнің де құндылығы артатынын атап көрсетті.
Сонымен бірге Науан Хазрет атындағы орталық мешіттің наиб имамы Ғалымжан Төлепбергенов жер-жерден келген имамдарды қазіргі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы әкімшілік-ұйымдық жұмыстар жөнінде хабардар етіп, слайд арқылы діни басқарманың соңғы жаңалықтарын тілге тиек етті.
Бурабайда өткен семинар діни қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатуға үлкен септігін тигізді. Төрт күнге созылған бұл басқосу кезінде ислам дінін насихаттау үшін қандай жұмыстар атқару керектігі жөнінде де ой түйілді. Облыс имамы Қанат Қыдырмин осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан Бурабай ауданының имамы Тоқсанбай Шәріповке өз алғыс хатын табыс етті.
Бақыт Смағұл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.11.2013
4192
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру