Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін өкілдері Қостанай өңірінде болды

22.11.2013 3884 0 пікір

Ислам діні әлемдегі ең адал дін. Сондықтан оған деген көзқарас пен ынта-ықылас та жыл санап артып келеді. Мұны жуырда белгілі дін өкілдері Жолдас Қоспақұлы мен Сансызбай Шоқанов Қостанай облысында арнайы ақпараттық-насихаттық топпен болған кездері тағы да пайымдадық.

Олар бұл сапарларында «Исламның құндылықтары», «Мазхабтар арасындағы айырмашылықтар»,  «Ислам – бейбітшілік діні», «Өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнә», «Мазхаб ұстанудың артықшылығы», «Ислам дініне жат ағымдар» және басқа да тақырыптарда түрлі жүздесулер өткізіп, бұларда келелі әңгіме қозғады.

Мәселен, 19 қарашада дінтанушы, Павлодар қалалық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы өңірдегі оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының және облыстық Марал ишан мешітінің қызметкерлері қатысты.

Мұнда есімі елімізге белгілі Жолдас Қоспақұлы қазіргі таңдағы Ислам дінінің өмірімізде алатын ерекше орнына, жастарымыздың татулығымыз бен ауызбірлігімізге зардабын тигізбей қоймайтын теріс ағымдардан аулақ болуы жөнінде де тілге тиек етті.

Сондай-ақ Сириядағы жағдайға тоқталды. Жиналған қауымның назарын ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге берік болып, үлкен мен кішіні сыйлау, адамгершілік қасиетті ғұмыр бойы ардақтау секілді маңызды тақырыптарды да қамтыды.

Сонымен қатар студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап беріп, өзінің дін саласындағы білімінің тереңдігін, жан-жақтылығын көрсетті. Ол әңгіме барысында КМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жуырда ғана жарық көрген «Дін және дәстүр» деп аталатын кітабын оқуға кеңес берді.

Жоғарыда есімдері аталған дінтанушылар 20-21 қараша күндері облысымыздың Қостанай, Рудный және Арқалық шаһарларында да болып, ондағы мұсылман бауырларымызбен және студент жастармен де жүздесті. Бұл кездесулер өте әсерлі де ғибратты жағдайда өтті.

Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін сол жүздесулердің бір-екеуіне қысқаша тоқталып өтелік. Мысалы, КМДБ-ның пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Шоқанов бастаған ақпараттық-насихат тобының мүшелері Арқалық қаласындағы басқосудың нағыз ұйытқысы бола білді. Осы сапарда аталмыш насихаттық топтың құрамында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов пен Саян Қосжанов та бірге жүрді.

Әңгімеге арқау болған қаладағы УК-161/12 түзету мекемесіндегі, «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітіндегі, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп гимназиясындағы кездесулер де қатысушыларға ерекше әсер етті. Оны ұйымдастыруға қаладағы мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің қосқан үлесі ерекше екендігін айтып өткен жөн.

Сондай-ақ облыс орталығына іргелес жатқан кеншілер қаласы Рудныйдағы осындай екі кездесулер де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оның алғашқысы осы шаһардағы зәулім де заманауи жаңа мешітте өтті.

Екінші жүздесу аталмыш қаладағы елімізге аса танымал оқу орны – Рудный индустриялдық институтының 2 курс студенттерімен «Ислам – бейбітшілік пен ынтымақ діні» атты тақырып та өте маңыздылығымен жұртшылықтың жадында қалды.

Мұнда Павлодарлық дінтанушы Жолдас Қоспанұлы өзіне тән терең білімділігімен әңгіме қозғаса, осы институттың кафедра меңгерушісі Валентина Ломакович пен Рудный қалалық Нұр мешітінің бас имамы  Сейіт Нұрқановтар баяндама жасады.

Осындай басқосулар облысымыздың басқа да аудандарында алдын ала жоспарланғандай жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 

ҚМДБ-ның Қостанай облысы

 бойынша баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру