21 қараша күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров аудан имамдарымен кездесті. Басқосуда жастар тақырыбы, дәстүрлі емес діни ағымдармен күрес, сондай-ақ, үгіт-насихат және оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру, басқа да көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Енді аудан имамдары облыстың бас имамы қойған талаптар мен тапсырмалар үдесінен шығу үшін бірлесіп жұмыстанатын болады.
- Бүгін сіздерді танысу мақсатында және алдағы жұмыстарды талқылау, пысықтау үшін жинап отырмын. Өздеріңіз білесіздер, облыстағы діни ахуалды тұрақты сақтап тұру үшін барлығымыз бірлесе отырып, ауқымды іс-шаралар жүзеге асыруымыз қажет. Бұл жерде тек облыс пен қала имамдары ғана емес, сіздер басқарып отырған 7 ауданның да үлесі үлкен.
Мен бұл қызметке сіздерді алалау не болмаса бөліп-жару үшін емес, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», аймақтың рухани деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстарды бірлесіп жасау үшін келдім. Сауапты да жауапты имамдық қызметтің жауапкершілігінің аса жоғары екендігі де түсінікті. Дегенмен жұртымыз иманды, жастарымыз ибалы болсын десек, ең алдымен өзіміз үлгі бола алуымыз қажет. Сондықтан, бүгін берілетін тапсырмалар мен айтылатын мәселелерге ерекше назар аударуларыңызды сұраймын», - деді басқосуды ашқан облыс имамы Батыржан Мансұров.
Аудан имамдарына бірнеше тапсырмалар да берілді. Атап айтқанда ҚМДБ-ның төл басылымы «Иман» журналы мен республикалық «Ислам және өркениет» газетіне жазылу жайына тоқталды: «Бұл басылымдардың қоғамда қаншалықты маңызға ие екенін айтып жату артық. Екеуі де діни-танымдық бағытта шығады, өздерінің сүйіп оқитын оқырмандары бар. Қазақ халқының рухани жетілуінде, иманының артып, Алла Тағаланы, асыл дінімізді тануда жасалып жатқан жұмыстарға өзіндік үлесін қосуда. Журнал мен газет Ислам дінін енді танып, шариғат ілімдерін жаңа үйреніп келе жатқандар үшін де үлкен көмекші құрал. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан шығатын газет-журналдарға жазылу мәселесіне ыждағаттылықпен қарауды тапсырамын».
Бұдан әрі жиында облыстық «Иманғали» орталық мешіті сайтының деңгейін көтеру жайы сөз болды. Бас имам аудан имамдарына аудандар мен елді мекендерде ұйымдастырылған шараларды, түрлі басқосулар мен жиналыстарды электронды сайтқа жедел әрі сапалы түрде жолдап отыруды міндеттеді. Ақпараттың рөлі артқан бүгінгідей кезеңде бұл жұмыстар жергілікті діни сайттың беделінің көтерілуінің бір жолы екені сөзсіз. Сондай-ақ, бас имам бұл жұмыстардың теріс ағымдардың алдын алуға да үлкен септігі тиетінін жеткізді.
Жиында сөз болған маңызды әрі жауапты келесі мәселе – жастарымызды дәстүрлі емес діни ағымдардың құрығынан сақтап қалу. Бұл тұста да электронды сайттың үлкен маңызға ие екені сөзсіз.
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар бөліміне Атырау облысы бойынша өкіл тағайындалғанын білесіздер. Алдағы уақытта аудан имамдары жергілікті жердегі жастармен тиімді жұмыс жасауы үшін жастармен жұмыс жасайтын осындай маман тағайындау мәселесін қарастыруы қажет. Бұл барлықтарыңызға ортақ тапсырма. Олардың бос уақытында керексіз, пайдасыз істермен емес, қоғамға қажетті жұмыстармен шұғылдануына себеп болыңыздар. Келешегіміз жастардың қолында десек, бұл жерде сіздердің құқық қорғау органдарымен де тығыз байланыста болғандарыңыз үлкен көмек болмақ. Сондықтан, уақытымыздың тығыздығына қарамастан, жас буынның тәрбиесі мен тәртібін ерекше назарда ұстауды тапсырамын, - деді Батыржан Берденұлы.
Сондай-ақ, намаздар арасында айтылатын уағыздардың тақырыптары бекітіліп, бес уақыт намазды міндетті түрде ҚМДБ бекіткен имам немесе наиб имам өткізетін болып шешілді.
Аудан имамдары басқосқан жиында оқу-ағарту жұмыстарын күшейту және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасау мәселелері де айтылды.
- Бұл мәселелерді өткен жолы қала имамдарымен кездесуде де айтқан болатынмын. Біздің қызметіміз үгіт-насихат және оқу-ағарту жұмыстарымен нәтижелі. Әрине, бұл мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Сондықтан, өткізіліп отырған іс-шаралардың жергілікті БАҚ-та жария болуын қамтамасыз етіңіздер. Бас мүфтидің тапсырмасы да осы. Барлықтарыңыздың да қызметтеріңізге табыс тілеймін. Бірлесіп жұмыс жасаймыз деп сенемін! - деді кездесуді қорытындылаған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Б.Мансұров.
Жиын соңынан аудан имамдары өзара ұсыныстарымен бөлісіп, аймақтағы діни ахуалды тұрақты сақтап қалудың жолдарын талқылады.
Аяла ӘДІЛЕТ.
Атырау.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.11.2013
3812
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру