Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Апталық семинар аяқталды

19.11.2013 3493 0 пікір

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исеновтың ұйымдастыруымен ауыл имамдарының білімін арттыруға бағытталған апталық оқыту- семинар жұмысы осы дүйсенбі күні өз мәресіне жетті.

Бұл жолғы семинар Баянауыл ауданы Жуантөбе ауылы мешітінде жүріліп оған сол ауданға қарасты барлық мешіттердің имамдары мен молдалары толық қатысты. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің білімді де білікті имамдарымен ұстаздары, дінтанушылардың құрамында  жүргізілген семинарда ақида, фикһ, иман негіздеріне қатысты негізгі танымдармен қоса бүгінгі таңдағы діни өзекті мәселелер де кеңінен талқыланды. Ауыл мешітінде бір апта болған имамдар ауыл халқымен етене аралсып олардың тұрмысы, көңіл күйі, өмірлеріндегі алаңдап толғандыратын мәселелерімен кеңінен танысып ақыл-кеңестер берді. Ауылдағы 11 жылдық мектептің жоғары сынып оқушыларымен де кездесіп имандылық тақырыбында уағыз-насихаттар айтты.

«Ауыл мешітінде апта бойы күнделікті мешіт жамағаттарының қатысуымен ақшам намазынан кейін басталатын  уағыз-насихаттар мен келелі әңгімелесулер түннің біруағына дейін жалғасып тұрды. Бұл басқосуларда асыл дініміздің құндылықтары мен тылсымдары туралы терең толғаулармен қоса ата-бабаларымыздан бері ұстанып келе жатқан  дін мен ұлт бірлігі, сүннет пен салт-дәстүр үйлесімі, ұлтымыздың біртуар тұлғалары, ел бастаған көсемдер мен қол бастаған батырлар, ақын-жыраулар мен әлемге танылған кемеңгер жазушылар мен ғалымдарымыз туралы да кеңінен әңгімелестік»,-дейді оқытушы-ұстаздар.

Апта соңында облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Жалпы және жастар ісі бөлімінің ұйытқы болуымен ауылдың мәдениет үйінде арнайы бағдарлама бойынша  облыстық Ж,Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының жас актерлері мен әншілері қатыстырылған кеш ұйымдастырылды. Кеште иләһи ән-күйлер орындалып, оған қоса «Екі дос» атты сахналық қойылым ойналды. Бұл кеште ақын Қ.Шармановтың имандылық тақырыбындағы шабытты әңгімелері мен толғаулары да көрермен көңілін мәуелетті.

Ауыл ақсақалдары да кезекпен  ел алдына шығып имамдар мен әншілерге алғыстарын айтты.

Кеш соңында облыс өкіл имамы Н.Ермекұлы апталық семинар жұмысын қорытындылап ауыл халқына өзекжарды насихаттар айта келе, апта бойы білімін жетілдірген ауыл имамдарына арнайы сертификат табыстады.

 

 Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру