Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оралда бір апталық діни семинар басталды

13.11.2013 4186 0 пікір

Кеше «Орал» облыстық орталық мешітте аудан және ауыл имамдарына арналған бір апталық діни сауатты жетілдіру діни семинар басталды. Алланың үйіне жиналған түрлі жастағы имамдар алдында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Султанов пен облыстық дін істер департаментінің басшысы Талғат Нығметов сөз сөйледі. – Құрметті бауырлар, - деді Руслан Тыныштықұлы, – діни семинарға келгендеріңізге көп рақмет! Діни семинар жаз айында өткізіліп, онда имамдар білімін жетілдіруге кеңінен мүмкіндік алды.

Діни семинардың мақсаты - имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру. Жамағат арасында дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын ұдайы насихаттап, теріс ағымдағыларға жол бермеу. Халықтың діни сауатын жетілдіріп, адамдардың бойында имандылық негіздерін қалыптастыру. Діни семинарды ойдағыдай ұйымдастырып, оның нәтижелі өтуіне жан-жақты көмек берген облыс, қала әкімдіктеріне, облыстық дін істері департаментіне, иманды азаматтарға, демеушілерге шын жүректен алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін. Іске сәт, жамағат! Облыстық дін істері департаментінің басшысы Талғат Нығмет екі діни семинар өткізудің алдын ала жоспарланғанын айта келіп, жұмыс барысына қанағаттанғандық сезімін білдірді.

Оның айтуынша, діни семинардың бір айырмашылығы - енді кәсіпқой имамдармен қатар, оған ел ішіндегі әуесқой молдалар да шақырылады. Өйткені қазір өңірде 360 әуесқой молда бар. Сондай-ақ діни семинар барысында дін иелері тек қасиетті Құран-Кәрімнің негіздерін, араб тілін меңгеріп қоймай, психология және риториканы да оқып үйренеді. Бұл имамдардың ел-жұртпен тез тіл табысып кетуіне жәрдемдеспек. – Жаңадан тағайындалған облыс имамы Руслан Тыныштықұлы жас та білімді азамат.

Оның келешекке белгілеген өзіндік жоспары бар. Біз өз тарапымыздан оған жан-жақты көмек көрсетеміз. Барлық дінге ортақ мемлекеттік құрылым болсақ та, сізге үнемі бүйрегім бұрып тұрады. Өйткені нағыз ислам – атадан қалған ардақты рухани мұра, – деді Талғат Рахымұлы. Облыстың бас имамы Р.Султанов жакында «Орал» облыстық мешітке Алматыдан үш дін маманы келетінін хабарлады. Олардың екеуі – сонау Мысыр еліндегі бүкіл ислам әлеміне танымал «Әл-Азхар» университетінің түлектері, шығысқазақстандық 30 жастағы Мұратбек Қыстаубаев пен шымкенттік 26 жастағы Әсет Раманқұлов. Жиын соңында Зеленов ауданы, Дариян ауылының имамы Меңдеш Жақыпов дұға жасады. Нұрлан Саматұлы, ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру