ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Өтпенов қазақы үрдіспен 10-қараша күні мешіт жамағаттары мен шәкірттеріне арнайы дастархан жайып, емен-жарқын кездесу өткізді.
Бас имам жайған дастарханға мешіттің үлкен ақсақалдарынан бастап, орта буын ағалармен қатар мешіттен тәлім алып жүрген жас буын шәкірттер де келді.
Алдымен сөз алған Бас имам Н.Өтпенов Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айта келіп: «Құрметті жамағат, момын-мұсылмандар, ақсақалдар Алла баршамыздың тілегімізді қабыл етіп, баршамызға ауызбірлік берсін. Алла бізге бауырлас жамағат болуды сый етіп берді. Алланың қалауымен осында бас имам қызметіне келдік. Әйтсе де, имамның мойнында жүктелген үлкен жауапкершілік бар.
Ол - хақ дінді халыққа дұрыс жеткізу, адасқандардың алдын-алуға шамамызға қарай үлес қосу. Осы бағыттарда қолымыздан келгенше қызмет қыламыз деп ойлап отырмын. Алланың сіз бен бізге берген бағын бағалап, оның қадірін біліп, бір-бірімізден ажырамай, сыйласуымыз керек. Құрметті жамағат, әртүрлі дін атын жамылған ағымдардан сақ болайық.
Елордада жеті мешіт бар. Білімді сол мешіттерден алып, имамдармен бір болсақ, сонда біздің бірлігімізді ешкім бұза алмас еді», - деп ынтымақ-бірлікте болуға шақырды.
Мұнан өзге Бас имам Н.Тағанұлы бүгінгі қоғамдағы өзекті деген мәселелерді де қамтып өтті. Ақсақалдар мен жастар да өздерін жеке-дара таныстырып, мешітте алып жатқан ілімдерінің пайдалы болып жатқанын екшеп өтті. Сондай-ақ, үстел басында жамағаттар асыл дінімізге жанашырлығын танытып, бас имамға өздерінің жүрекжарды ұсыныс-тілектерін жеткізе білді.
Еліміздің бірлігі мен тыныштығы және егеменді еліміздің бүгінгі бағын ата-бабамыздың аңсаған арманы мен тілеуінің арқасында келгенін айтқан бас имам қоғамдағы түйткілді діни мәселелерді сабырлылықпен, ақылмен,біліммен шешу қажеттігін алға тартты.
Жамағат та, шәкірттер де осындай сый-құрмет көрсетіп бастамашы болған Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлына және мешіт қызметкерлеріне, ұстаздарға алғысын білдіріп, бас имамның жаңа қызметіне табыс тіледі.
Айта кетейік, жайылған дастарханға жүзге жуық кісі келіп қатысты. Олардың басым бөлігі мешіттің тұрақты шәкірттері деуге әбден болады. Себебі, мешіт жанында таңғы, күндізгі және кешкі курстар жамағат үшін аянбай жұмыс жасап, діни мағлұматтардан дәріс беруде.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.11.2013
4025
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру