Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құрбан айт мерекесі ерекше аталып өтуде! (Павлодар облысы)

24.10.2013 3938 0 пікір

Көлемі көктер мен жердей жәннат үшін

Қарапайым түсінікпен айтар болсақ, Ислам дінін қабылдаған кісі өмір сүру мақсатының «Аллаға құлшылық жасау» және Алланың барлық құлдарымен бірге «жақсылықта жарысу» екенін де қабылдаған болып есептеледі. Алла Тағала жақсылықта жарысуды бұйырып: «Раббыларыңның тарапынан болатын кешірімге әрі тақуалар үшін дайындалып қойылған, көлемі көктер мен жердей Жәннатқа қарай асығыңдар»,– дейді (Әли Ғымран сүресі, 133 – аят).

Кімде – кім Раббысының уәде етіп, хабарлап берген нығметтеріне, Жәннатына, мәңгілік рахатқа, Алламен жүздесуге шынайы түрде сенетін болса, Алла ризашылығын алғысы келсе, онда ол соған жетуге асығар еді. Осы тұрғыдан биылғы ұлық мейрам – Құрбан айт құрметіне орай ҚМДБ – ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Ермекұлының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті әрқайсысында 5 – 7 кг аралығында қара мал етін «Құрбан айт қабыл болсын!» деген жазуы бар арнайы қорапқа салып Павлодар қаласы және қала маңы ауылдарындағы көмекке мұқтаж 150 отбасына 8 бағыт бойынша жүріп түгелдей үлестіріп берді.  

Ет салынған қораптарды бір күн ішінде таратып беруге «Мәшһүр Жүсіп мешіті» деген жазуы бар арнайы бешпет киген мешіт жамағаттары мен намазхан жастар қамтылды.

Сонымен қатар «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің жалпы және жастар бөлімінің ұйымдастыруымен «Иманигүл» бағдарламасы бойынша Павлодар қаласындағы «Қарттар үйі» мен «Қайырымдылық үйіне» рухани отырыстар ұйымдастырды. Бұл отырыстарда қамкөңіл жандардың көңілін көтеріп, Алла тағалаға деген сенімі мен иманын  кәміл ететін иләһи ән – жырлар айтылып, таңдаулы күйлер орындалып, шағын айтыстар өткізіліп, ғибратты әңгімелер жүргізілді.  

Мешіт тарапынан жасалған бұл іс – шаралар түгелдей жергілікті баспасөз ақпарат құралдары арқылы насихатталып облыс халқының көңілінен шыққаны сондай, жер – жерлерден ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтқан қарапайым адамдар көптеп хабарласып жатты.

Ендеше баршамыздың шалған құрбандықтарымызды, мұқтаж жандарға созған көмек қолдарымызды, жасаған аз да болса жақсылықтарымыздыАлла

Тағала қабыл етсін дейміз. Әмин.

Құрбан айттағы қуаныштар

Құрбан айт намазы 15 – қазан күні Павлодар облысы бойынша таңғы сағат 8.00 – да барлық мешіттерде жүргізілді. Айт намазынан соң қала шетіндегі құрбан шалуға арналған арнайы орында облыстың өкіл имамы Нариман Ермекұлының Құран оқып, бата беруімен басталған рәсімге қала халқы көптеп қатысып, құрбан шала бастады. Құрбан шалатын орынға жеткізілген қой, сиырдың бағасын халыққа тиімді мөлшерден асырмай сатуға келіскен болатын.

Құрбан шалатын жерге облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен 2 киіз үй тігіліп, мешіт қызметшілері Алланың ризашылығы үшін құрбан шалатын жамағатқа қуырдақ қуырып, дәмді палау жасап, шай қайнатып беріп даяшылық жасады. Сонымен қатар бұл жерде мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында өнер саласында білім алып жатқан студент жастар әсем ән, тәтті күйлермен шашу шашып мереке көрігін қыздыра түсті.

Түскі сағат 13.00 – де «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің үлкен асханасында Құрбан айт құрметіне орай 400 адамға берілген асқа облыс, қала басшыларымен қатар құрметті аталар мен апалар және әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелірі қатысты. Сонымен қатар 5 – 10 жас аралығындағы жетім және жартылай жетім  балалар (барлығы 100 бала) арнайы шақырумен астың құрметті қонағы болды. Оларға облыс әкімі Ерлан Мұхтарұлы мен өкіл имам Нариман Ермекұлы арнайы дайындалған сыйлықтар тапсырды. Әртүрлі ойыншықтарға тола қораптарды алған бүлдіршіндердің жүздері қуаныштан бал – бұл жанды. Әлбетте балалық шақтың мұндай қуаныштары естеріне ұзақ сақталатыны, келер жылғы құрбан айт мерекесін олардың асыға күтетіні сөзсіз.

Құрбан айт құрметіне спартакиада ұйымдастырылды

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамын Кереку халқы үлкен дайындықпен қарсы алып, шат – шадымен қуанышпен мерекелеуде. 

Айт мерекесінен бір күн бұрын Павлодар қаласының Павлодарское ауылында облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітімен облыс әкімдігі бірлесіп арқан тарту, кір тасын көтеру және аяқдоптан (футбол) облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Аяқдоп пен арқан тартуға қатысқан 8 командадан Май ауданының «Қожабек» мешіті, Лебьяжі ауданының «Ғабдул Уақит хазірет» мешітінің дайындаған спортшылары және «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірттері басты орындарды жеңіп алып, алтыннан алқа тақты. Ал 16 келілік шойынды бір деммен 100 рет көтерген Май аудан спортшысы Байгенжеев Әбдіманап бас жүлдені жеңіп алтын алқа тұғырына көтерілді.

Соңында ҚМДБ – ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов спартакиадаға қатысушы спортшылар мен бапкерлерге (барлығы 100 адам) мерекелік ас беріп спортшыларды құрбан айт мерекесімен құттықтады. Өкіл имам өз сөзінде, Алла елшісі (с.ғ.с.) әртүлі спорт түріне қатысқан сахабаларды ынталандырған. Оның үстіне бір хадисте «мықты мұсылман әлсіз мұсылманнан хайырлы» дегені де бар. Ендеше спортпен айналысу Пайғамбардың сүннеті екенін біліп, сол тұрғыда ниет етсе үлкен сауапқа ие болары сөзсіз. Пайғамбарымыз спорт ойындары ішінде адамға, жануарға қиыншылық көрсететін түрлеріне тыйым салған деп жалпы мұсылмандардың спортпен айналысуы өзара ынтымақ пен берекесін арттыра түсетіні туралы уағыз – насихаттар айтты.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру