Күллі мұсылман асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамын атыраулықтар көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Бұл күні Жаратушы Иеміз - Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетуге ұмтылған жүректерде шек болмады.
Атаулы мереке күні атыраулықтарды құттықтауға «Иманғали» орталық мешітіне облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек ШОХАЕВ арнайы келді.
Алғаш сөз алған облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай САДИЕВ мешітке жиылған жамағатқа «Құрбан айт мүбәрак болсын!» айтты.
- Жалпы, дініміздегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақырады. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с): "Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені...", - деген. Негізінен айт - Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүниеге келген. Кейін асыл дініміз мұны діни дәстүрге, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды. Мінеки, содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі Зүлхижжаһ айының оныншы жұлдызында басталып, 3-4 күнге жалғасып келеді, - деді бас имам.
Сондай-ақ, қасиетті күнде жиылған халықты айт мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН Атырауда құрбан айт мерекесі жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіліп келетіндігін айтты.
Одан соң айт намазы оқылып, мешіт ауласында құрбандық шалынды. Айтулы мереке күні қарттар үйі, балалар үйі, аз қамтылған отбасылар мен әйелдерді түзету колониясына құрбандыққа шалынған малдың еті тегін таратылды. Ал Атырау облысының өкіл имамы Амантай САДИЕВТІҢ мұрындық болуымен және «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен «қайырымдылық акциясынан» түскен 1 млн.-ға жуық теңгеге Лесхоз ықшам ауданындағы балалар үйіне қысқы киім-кешектер сыйға тартылды.
Сондай-ақ, мешіт ауласына бүлдіршіндерге арналып аттракционның 9 түрінен ойын-сауық батуттары орнатылып, бүлдіршіндерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Сол секілді тәтті мақта мен тәтті шырын сулар келушілерге тегін таратылды. Ал мешіттің келесі бұрышында спорттық сайыстар өтіп, жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Бұдан кейін мұсылман жұрты мешіт ауласына арнайы тігілген киіз үйден дәм ауыз тиіп, бір-біріне деген ілтипаттарын көрсетіп жатты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.10.2013
3804
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру