Құрбан айттың үш күні де мерекелік рәуіште өтті. Қауан Хазрет атындағы орталық мешіт осы күні үлкенге де кішіге де өз дастарханын жайып, айт шайынан дәм татырды.
«Ақ ниет» дәмханасында қаланың студент-жастары бас қосып, дастархан басында Құрбан айт жайлы имани әңгімеге қанықты. Жиналғандар алдында мешіт қызметкерлері Қ.Алшымбаев т.б. уағыз айтып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жастардың өздері де бүгінгі күннің келелі істері жайлы пікірлерін ортаға салды.
Ал «Голд» дәмханасында бүлдіршіндерге арналып ас берілді. Бұл жолы кішкентай бөбектер ислам дініндегі қастерлі мерекелердің адам тәрбиесінде алатын орны ерекше екендігіне көз жеткізді.
Мешіттегі айт асы
Қасиетті Құрбан айт мерекесі Көкше өңірінде де жан-жақты аталып өтті. Биыл құрбан шалушылар қатары көбейді. Қала тұрғындарына «Әз» мал базары мен «Бижан» ет өңдеу кәсіпорындарында құрбанға шалынатын малды сатып және оның етін мүшелеп, сойып алуға мүмкіндік жасалды.
Сонымен бірге, жергілікті мешіттер Айт мерекесіне арнап әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырды. Мысалы, Красный Яр кентіндегі мешіт асханасында жамағатқа ас берілді. Бұл дәмге Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Барша қауымды құттықтаған қала басшысы Құрбан айттың әр адамға тиер тағылымы жайлы айтып берді. Ал, Парламент депутаты Ж.Ерғалиев өзінің сөзінде қоғамымыздағы діни ахуал жайын сөз етті. Тәуелсіз еліміздің еңсесін биіктету үшін асыл дінімізді де кеңінен насихаттаудың маңызы да әңгіме өзегіне айналды.
Белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабеков өз арнауын айтып, қасиетті Құрбан айттың ұлық мереке екендігіне кеңінен тоқталды. Осы шараны жүргізген ақын Арман Бердалы ғибратты әңгімелерімен жұрттың көңілінен шықты.
Облыс имамы Қанат Қыдырмин уағыз айтып, барша жамағатқа өзінің ізгі тілегін жеткізді. Сөйтіп, ән айтылып, күй шертіліп, имани әңгімеге арқау болған бұл шара Құрбан айт мерекесінің тағылымды екенін тағы бір қырынан паш етті.
Бақыт Смағұл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.10.2013
3776
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру