Қасиетті құрбан айт мерекесінің қарсаңында облысымыздың бірқатар қалалық және аудандық мешіттері үлкен сыйға ие болды. Облыстық әкімшіліктің қолдауымен дін қызметкерлері су жаңа 6 автокөлікке ие болды. Имамдарға деген мұндай үлкен сый облыстың бас имамы Тыныштық қажы Мырзаевтың тікелей атсалысуымен жүзеге асқан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы бұл мәселені шешуге зор еңбек еткен.
«Бипэк-Авто» ЖШС-нің темір тұлпарлары мешіт имамдарына салтанатты түрде табыс етілді. Көліктің кілтін қолға алғандардың қатарында Ақтау және Жаңаөзен қалалары мен Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы және Қарақия аудандық мешіттерінің бас имамдары бар. -Қасиетті құрбан айттың қарсаңында мұндай сыйға ие болып отырғаныма қуаныштымын. Осыған дейін де Алланың ақ жолымен қызмет етіп келдік, дегенмен, көліктің жоқтығы біздің жұмысымызға көп кедергі келтірді. Енді міне, су жаңа көлікпен ел алдындағы, дәстүрлі ислам жолындағы қызметімізді жалғастыратын боламыз. Биліктің мұндай мырзалығын қастерлі дінімізге деген ықылас деп түсінеміз,-дейді Ақтау қалалық мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз.
-Облыс имамдары қазіргідей ақпарат пен жаһандану заманында ислам дінінің өркендеуі мен оның бет-пердесіне көлеңке түспеуі үшін еңбектеніп келеді. Конфессияаралық келісімді нығайту мен діни экстремизмнің алдын алуда, сондай-ақ, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінімізді насихаттауда облыс имамдарының еңбегі зор. Осы кезге дейін Алланың ақ жолына түскен дін қызметкерлері еңбек жалақысын алмай, көліксіз жұмыс жасап келеді. Бүгінгі тарту – олардың еңбегіне деген ризашылық деуге болады. Дегенмен, алдағы уақытта олардың қызметіне деген талап одан әрі күшейетін болады, -дейді облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Тыныштық қажы Мырзаев.
Облысымызда 18 мешіт болса, онда 25 діни қызметкер жұмыс жасайды. Алланың көк үйлері дәстүрлі дінімізді насихаттау мен жастардың діни сауаттылығын көтеру мақсатында қызмет етеді. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, бірқатар игілікті істерге мұрындық болып жүр. Облыстың бас имамының айтуынша, 2014 жылдан бастап дін қызметкерлері тұрақты жалақы алатын болады. Ал, билік пен бизнес өкілдерінің бұлайша мешіт имамдарына су жаңа көліктерді жаппай сыйға тартуы тәуелсіз ел көлемінде сирек кездесетін жәйт деуге болады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.10.2013
4082
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру