Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әрбір мешіт рухани орталыққа айналсын

06.10.2013 3131 0 пікір

 

Қарағанды қаласындағы «Достар әлемі» қонақүйінің конференц залында қала, аудан имамдарымен жүздескен Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өңірдегі діни ахуалдың барысымен танысты. Келелі бас қосуда бас имамдармен етене танысқан дінбасы діндарлар алдында тұрған ұлы міндеттерге айрықша тоқталды.
 
 Мүфти хазірет өз сөзінде: «Әрбір мешіт діни ғана емес, сондай-ақ рухани орталыққа айналсын. Мешіт- мұсылмандардың қорғаны, панасы, ар-ұяты. Арқа төсінде күмбезі көкпен таласқан зәулім де шырайлы мешіттің салынып, халыққа қызмет етуі Елбасымыздың асыл дінімізге жанашырлықпен қарап, қамқорлық танытуының бір көрінісі. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі дініміз бен оның мәдениетімен біте қайнасып келген. Біз жас ұрпағымызды имандылық жолына Ислам діні арқылы түсіре аламыз. Сіздер сауапты да жауапты аманатты арқалап отырсыздар.
 
Сондықтан ықыласты түрде дінге, халыққа қызмет жасауда белсенділіктеріңіз қажет. Қасиетті дініміздің ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелеген құндылықтарын насихаттап, қиналғанға демеу, жүдегенге сүйеу бола білуіміз қажет. Діни басқарма жанынан «Жастар және жалпы бөлім» ашылып, оның бөлімшелері әрбір облыста жұмыс жасай бастады. Оның мақсаты жас буындармен жан-жақты жұмыс жасап, сананы улайтын ағымдардың жүгенсіз істерінен арашалап, дәстүрлі Ислам дінімізді саналы түрде насихаттау. Осыған баршаңыз атсалысып, өздеріңіз де ізденіс үстінде болуларыңыз қажет. Имам халықтың назарында тұратындықтан сөйлеу мәдениеті, уағызды мазмұнды етіп айту, түрлі мәселемен келгендерге көркем мәміле жасау, жамағаттың арасындағы өзара береке мен бірліктің баянды болуы және мешіттің ішкі-сыртқы тазалығы секілді істердің барлығы басты назарда болсын», деді.
 
Зекет қорының жұмыстары да назарға алынып, оны мейлінше дамыту жолдары қарастырылды. Алқалы жиыннан шыққан Бас мүфти Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Түйтеұлымен жүздесіп, өндірісті өңірдің рухани саласы мен діни тұтастық турасында ортақ сұхбат жасады. Жоспарлы іс-сапар барысы қала орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайындағы жастармен кездесуге ұласты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Қуанышұлы жиынды ашып, Бас мүфтидің кездесу мақсатының негізіне тоқталды. Дінбасы елімізде дініміздің өркендеп келе жатқанын Президентіміз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі екендігін алға тартып, ҚМДБ-ның жемісті қызметі, сондай-ақ хақ дініміздің даму барысы жайлы әңгімеледі.
 
Ислам дінінің салауатты өмір сүру салтымыз, қорғанымыз, жүрер жолымыз, тірегіміз екеніне тоқталды. Студенттердің білім алудың алғышарттары мен Қазақстан азаматы деген биік атқа лайық болу қажеттігіне назар аударды. Уақытша сынақтардан сүрінбей, Алланың нәсіп еткен тыныштық пен мамыражай заманның қадірін біліп, шүкіріміз бен сабырымызды ұстануды үндеді. Сондықтан да Жаратқанға жасайтын құлшылық мінажаттарымызды біреуге салмақ салмай жасауға бейімделетін уақыт екендігін жеткізді. Бұдан кейін дінбасы жас ұрпақтың бойына Отансүйгіштік, бауырмалдық қасиеттерді ұялатуда, адалдық пен шыншылдыққа, еңбексүйгіштік пен батылдыққа тәрбиелеуде Ислам дінінің ролін ерекше атап өтті. Студенттер тарапынан қойылған қоғам мен руханиятқа қатысты сауалдарға кеңінен жауап берілді.
 
Руханилық қазынамызды тұнығынан іздеуге бағыт алған кезеңде мұсылман жұртының үмітін арқалаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын бастап, Бас мүфтидің өзінің осылай ел аралауға шығуын жиынға қатысқан қала тұрғындары жалғасып жатқан жақсылыққа балап, рухани сергектікпен тарады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру