اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.
«Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау» деген ұғым ислам дінінде «Ихсан» деп аталады. Бұл ілім де діннің негізгі тірегі саналады. Яғни дінімізде ихсан үш негіздің бірі ретінде қаралады, олар: иман (сенім), ислам (амал), ихсан (шынайылық). Иман жүректегі сенім болса, ислам – сол сенімді іс-әрекетпен дәлелдеу деген сөз. Ал ихсан сол амалдарды ең көркем түрде, таза ниетпен орындауды білдіреді. Айталық, бір адамның намаз оқыған кезде, оны шын ықыласпен Алланың құзырында тұрғанын сезініп оқуы, сол сияқты біреуге көмектесер болса, мақтану үшін емес, шынайы мейіріммен көмектесуі, міне, бұл ихсан іліміне жатады.
«Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдірсе, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі осы – ихсан ілімі. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُون
«Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – дейді («Нахл» сүресі, 90-аят).
Халифа Омар ибн Абдулазиз (Алла оған разы болсын) өз заманында мемлекеттегі барлық уағызшылар мен имамдарға жұма құтпасын осы аятпен аяқтауды міндеттеген екен. Ондағы мақсат апта сайын мұсылмандардың санасына осы 6 қағиданы (3 бұйрық, 3 тыйым) сіңіру еді. Осы дәстүр бүгінгі күнге дейін бүкіл әлем мешіттерінде жалғасып келеді. Алла Тағала бұл бұйрықтар мен тыйымдарды адам баласы ғибрат алсын, дүние мен ақыреттің бақытына жетсін деп ескерту ретінде түсірді.
Имам әт-Табари (Алла оны рақымына алсын) бұл аяттағы ихсанды: «Ал ихсанға (келер болсақ) Алла Тағаланың әділдікпен қатар бұйырған ихсаны – қиындықта да, кеңшілікте де, жан сүйетін (жағымды) сәттерде де және қаламайтын кезде де Алланың бұйырған әмірлері мен тыйымдарына бойұсынуда сабырлық таныту. Бұл – Оның парыздарын (толыққанды) орындау дегенді білдіреді», – деп түсіндіреді. Яғни, ихсан дегеніміз – адамның көңіл-күйіне, өмірдің жеңіл не ауыр болуына қарамастан, кез келген жағдайда Алланың құзырындағы құлшылық міндеттерін айнытпай, тұрақты әрі ықыласпен орындау дегенді білдіреді.
Ислам ғұламалары Құран мен сүннетке сүйене отырып, ихсан ұғымын адам баласының қарым-қатынас шеңберіне қарай негізгі 4 түрге бөліп қарастырады. Олар:
- Жаратушыға деген ихсан (құлшылықтағы ихсан). Бұл – ихсанның ең жоғары және негізгі түрі. Біздің Жаратушы Иемізбен арадағы байланысымыз, яғни құлшылығымыз. Баршамызға кеңінен танымал мәшһүр хадисте Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ихсан деген не?» – деп сұрайды. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَنْ تَعْبُدَ اللَّهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فَإِنَّهُ يَرَاك
«Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, сен Алланы көре алмасаң да Ол мені көріп тұр деген сезімде болуың», – деген (Бұхари, Мүслим).
Ғұламалар бұл хадисті екі үлкен рухани дәрежеге бөліп түсіндіреді:
Алғашқы дәреже: «Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету» (мақамул-мушаһада). Бұл – ең жоғарғы, пайғамбарлар мен әулиелердің, шынайы тақуалардың деңгейі. Бұл деңгейде адам намазға тұрғанда немесе кез келген игі істі бастағанда бұл дүниені мүлдем ұмытып, Жаратушы Иесінің алдында тұрғанын жүрегімен анық сезінеді. Мұндай күйдегі адамның құлшылығында ешқандай алаңғасарлық, рия (көзбояушылық) немесе мақтану болмайды. Оның намазы ләззат пен тыныштық мекеніне айналады.
Екінші дәреже: «Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр» (мақамул-мурақаба). Егер пенде бірінші деңгейдің биіктігіне шыға алмаса, оған міндетті түрде осы екінші деңгейде болу жүктеледі. Мұны «мурақаба» (бақылауды сезіну) деп атайды. Бұл деңгейде адам өзінің әрбір сөзін, әрбір ойын, тіпті қараңғы түнде істеген құпия ісін де Алла Тағаланың көріп, естіп және біліп тұрғанына кәміл сенеді. Осы сезімде өмір сүрген адам адамдар бар жерде де, ешкім жоқ жалғыз қалған сәтте де күнә жасаудан ұялады. Сауда жасаса таразыдан жемейді, жұмыс істесе басшысы көрмесе де адал істейді, өйткені оның басты бақылаушысы – Алла.
Демек әрбір істі атқаруда «Алла көріп тұр» деген ойдың болуы шынайылығымыздың өлшемі болмақ. Адам өзін жақсы көретін жақынының, досының, жұбайының көңілінен шығып, жүрегінен орын табу үшін барын салатыны белгілі. Сол секілді біз де бәрімізді жақсы көретін Раббымыздың ұдайы бақылап, көріп, естіп тұратынын ескеріп, қандай да бір істі, яғни дүниелік не ақыреттік жақсы амалдарды көркем түрде атқарып, Алла Тағаланың разылығына бөленуді мақсат етуге тиіспіз.
- Мәміледегі (адамдармен қарым-қатынастағы) ихсан. Ихсан тек жайнамаздың үстінде ғана қалып қоймайды. Мешіттен шыққаннан кейін сенің өзге адамдармен қалай сөйлесіп, қалай мәміле жасағаның – ихсан деңгейіңнің көрінісі. Алла Тағала Құран Кәрімде Өзіне құлшылық етуді бұйырғаннан кейін, бірден ата-анаға жақсылық жасауды бұйырады. Алла Тағала «Исра» сүресінің 23-аятында:
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا
«Раббың тек Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға ихсан (жақсылық) жасауды бұйырды...», – дейді.
Ата-анаға «уһ» демей, олардың қас-қабағына қарап, қартайған шағында көңілдеріне қаяу түсірмеу – мәміледегі ихсанның шыңы. Сонымен қатар, бұл ұғым отбасындағы жұбайыңа деген жылылықты, балаңа берген дұрыс тәрбиеңді, көршіңмен болған татулықты қамтиды. Сондықтан көркем мінез – ихсанның сыртқы көрінісі. Нағыз ихсан иесі өзіне жамандық қылған адамға кек сақтамайды, қайта оған жақсылықпен жауап береді. Реніштерді кешіре білу, біреудің айыбын жасыру, мұқтаждарға қол ұшын созу – адамдар арасындағы берекені арттыратын ұлы сипаттар. Егер қоғамда әркім өз жақынына ихсанмен қарайтын болса, арамыздан өсек те, алауыздық та жоғалар еді.
- Істегі, кәсіптегі ихсан (қоғамға пайда келтіру). Ислам – тіршілік пен еңбектің діні. Біздің қоғамдағы қателіктердің бірі – дінді тек намазбен және оразамен шектеп, күнделікті жұмысты бұған қатысы жоқ деп ойлау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде былай деген:
إِنَّ اللَّهَ كَتَبَ الْإِحْسَانَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ
«Шын мәнінде, Алла Тағала әрбір істі кемеліне жеткізіп (ихсанмен) істеуді бұйырды» (Мүслим).
Бұл хадис әрбір кәсіп иесіне тікелей қатысты.
- Мұғалімнің ихсаны – басшысы тексермесе де, сыныптағы әр балаға өз перзентіндей қарап, білімді сапалы әрі жүрекпен жеткізуі.
- Дәрігердің ихсаны – алдына келген науқасқа қаражатына немесе таныстығына қарамай, Алланың разылығы үшін барын салып, шипа қонуына себепші болуы.
- Құрылысшының ихсаны – «ертең қирап қалса да маған бәрібір» демей, сол үйде адамдар тұратынын, олардың қауіпсіздігіне Алла алдында жауапты екенін сезініп, цементі мен кірпішін адал қалауы.
- Мемлекеттік қызметкердің ихсаны – халықтың арыз-шағымына салғырт қарамай, парақорлық пен жемқорлықтан ұзақ тұрып, әділдікпен қызмет етуі.
Егер жұмысшы өз ісін «Алла көріп тұр» деп сапалы атқарса, ол жұмыс құлшылыққа айналады. Сондықтан кәсіптегі ихсан – бұл мемлекеттің, ұлттың және қоғамның дамуының басты кепілі. Еңбегіміз адал, өніміміз сапалы болуы үшін бізге әр ісімізде ихсан ауадай қажет.
- Жаратылысқа (табиғат пен жануарларға) деген ихсан. Бұл адамның тек Алламен немесе өзге адамдармен ғана емес, өзін қоршаған бүкіл әлеммен, жан-жануарлармен және табиғатпен кемел, көркем мәміледе болуы. Ислам – тек адамзатқа ғана емес, бүкіл әлемге мейірім ретінде жіберілген дін. Сондықтан жаратылысқа ихсанмен қарау – мұсылмандықтың үлкен бір көрінісі. Құран Кәрімде Алла Тағала барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен, үйлесімділікпен (мизанмен) жаратқанын айтады. Табиғаттың тепе-теңдігін бұзбау, өзен-көлдерді ластамау, ормандарды отамау – осы аманатқа қиянат жасамау деген сөз. Жаратылысқа ихсанмен қарау дегеніміз – әрбір ағаштың, әрбір жәндіктің, тіпті ағып жатқан судың да Жаратушыны пәктеп, тасбих айтып тұрғанын жүрекпен сезіну.
Халқымыздың біртуар ойшылдары, ақын-жыраулары осы «ихсан» ілімін, яғни Алланың алдындағы жауапкершілікті жүректерімен терең сезінген және оны кейінгі ұрпаққа өлеңмен, қара сөзбен өсиет етіп қалдырған.
Хакім Абай өзінің қара сөздерінде құлшылықтың құр сыртқы көрінісі емес, жүректің ісі екенін айтқан. Ол отыз сегізінші қара сөзінде: «Алла тағала әр уақытта ішімізде, сыртымызда, не ойлап, не істеп жатқанымызды біліп тұрушы. Олай болғанда, құдайдан қорықпай, адамнан қорыққандық – иманның әлсіздігі», – дейді.
Шәкәрім қажы адамның ішкі тазалығы мен Алладан ұялуын ең басты орынға қойған. Ол өзінің өлеңінде былай дейді:
Көз жұмып, серт түйіп, Алланы дос тұт та,
Сырласып, сыйынып, шын мінәжат қыл артта.
Құдайың бақылап тұрғанын ұмытпа,
Сонда иман бекиді әрбір уақытта.
Шәкәрім атамыз әрбір ісімізде Алланың бақылаушы екенін ұмытпауды «жүрек көзінің ашылуы» деп түсіндірген.
Қисса
Бірде Халифа Омар (Алла оған разы болсын) түнде халықтың жағдайын білу үшін қала аралап жүріп, бір үйдің қасынан өтеді. Үйдің ішінен анасы мен қызының сөйлескен дауысы шығады.
Анасы: «Қызым, тұр да, сүтке су қос, ертең сатып, ақшасын көбейтеміз», – дейді.
Қызы: «Анашым, халифа Омар сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» – деп жауап береді.
Анасы: «Омар қазір ұйықтап жатыр, бізді көріп тұрған жоқ, қорықпай қоса бер», – дейді. Сонда қыздың берген жауабы ихсан мәртебесінің шынайы көрінісі еді: «Омар көрмесе де, Омардың Раббысы көріп тұр ғой!». Омар (Алла оған разы болсын) бұл сөзді естіп, таңданады. Қыздың осындай тақуалығы мен Алланы көріп тұрғандай сезінуіне сүйсініп, кейіннен оны өз ұлы Асымға алып береді. Осы қыздан тараған ұрпақтан кейіннен әділдігімен танылған әйгілі халифа Омар ибн Абдулазиз (Алла оған разы болсын) дүниеге келеді.
Егер адам өмірінің әр сәтін Алланың бақылауында екенін сезініп (ихсанмен) өткізсе, ол тек өзін ғана емес, бүкіл бір ұрпақтың, тіпті қоғамның болашағын жақсы жаққа өзгерте алады. Қиссадағы сүт сатушы қыз кедей сүт сатушының қызы бола тұра, өз заманының ең ұлы әміршісі Омардың (Алла оған разы болсын) отбасына келін болып түсті. Адалдық адамды әрқашан биікке шығарады. Болашақ ұрпақтың қандай болатыны ананың тәрбиесіне, оның жеген асының адалдығына тікелей байланысты. Сондықтан, болашақ ұрпақтың саналы, рухы биік, арлы болып өсуіне және бүгінгі қоғамда шаңыраққа кіріп жатқан ризық-несібенің тазалығына (адалдығына) мұқият болуымыз қажет.
Құрметті жамағат!
Ихсанды түсінудің қарапайым жолы оны «ар-ұжданның биік деңгейі» деп қарастыру. Адам жалғыз қалғанда да адал болса, ешкім көрмесе де әділдік танытса, ол нағыз ихсанға жатады. Бұл ұғым тек құлшылықта емес, күнделікті өмірде де көрінуі тиіс. Мысалы, ата-анаға құрмет, көршіге жақсылық, әрбір тапсырылған жұмысты сапалы орындау, осының бәрі – ихсанның көрінісі. Сондықтан ихсан – адамның ішкі дүниесін тазартуға, әрбір істі көркем түрде атқаруға шақыратын рухани ілім. Ол адамды жауапкершілікке, ықыласқа және шынайылыққа тәрбиелейді.
Ихсанды түсіну өзіңді әрдайым Жаратушының назарында сезіну арқылы өмір сүру деген сөз. Яғни, құлшылықта өзіңді Алланың көріп тұрғанындай сезіну. Құлшылыққа бар ынтаңмен берілу, әрбір істі ең көркем, кемел түрде шынайы ықыласпен орындау. Өйткені мұсылман адам іс-амалын Алланың құзырында тұрғандай сезініп жасаса, ол ісіне салғырт қарамайды, қайта оны толық әрі мінсіз орындауға ұмтылады. Ал егер сен Оны көрмесең де расында, Ол сені көріп тұрғанын, яғни, Алланың сені бақылап тұрғанын, сенің жағдайыңды біліп, әрбір қимылыңды көріп тұрғанын жүрекпен сезіну ихсан дәрежесін көрсетеді.
Қадірлі жамағат!
Тағы да айта кететін мәселе, дінімізде «Тазалық – иманның жартысы» деп айтылған. Адам баласы күнделікті денесін, киімін, тұратын үйін таза ұстау арқылы ішкі жан дүниесін де ретке келтіреді. Тазалықты өз үйімізден бастап, бүкіл қоғамға, қоршаған ортаға тарату бүгін де – әрбір азаматтың міндеті. Табиғатқа, көшеге, ортақ мүлікке құрметпен қарау – шынайы мәдениеттілік пен имандылықтың белгісі.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала көркем (сұлу). Ол көркемдікті (сұлулықты) жақсы көреді. Ол таза, тазалықты жақсы көреді... Ендеше, аулаларыңызды (айналаңызды) таза ұстаңыздар!» – деп тазалыққа үндеген. Мысалы,
Бірінші: қоғамның тазалығы. Бұл әр адамның өзінен басталады. Себебі жеке адамның санасы мен іс-әрекеті – бүкіл елдің айнасы. Өзіміз тұрған ауланы, жүретін көшені, тіпті ойымыз бен ниетимізді таза ұстамайынша, қоғамда жалпы мәдениет пен тәртіптің қалыптасуы қиын. Сондықтан «Ел түзелсін десең – бесігіңді түзе, қоғам түзелсін десең – өзіңнен баста» деген қағида – әрбір азаматтың басты өмірлік ұстанымы болуы керек. Өзгеріс сырттан келмейді, ол ішкі мәдениет пен жауапкершіліктен басталады.
Екінші: айналаның тазалығы. Бұл да әр азаматтың қамқорлығына, ұқыптылығына байланысты. Өйткені біз өмір сүріп жатқан орта – ортақ үйіміз. Табиғатты аялау, қала мен ауылдың, көшелер мен саябақтардың тазалығын сақтау – әрбір саналы азаматтың ішкі мәдениеті мен туған жерге деген шынайы жанашырлығының көрінісі. Бөгде біреудің жинауын күтпей, айналаны таза ұстау – келешек ұрпаққа берілетін ең үлкен тәрбие. Бала сөзді емес, ата-анасының іс-әрекетін көріп өседі. Табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны аялау – әрбіріміздің ел алдындағы азаматтық әрі адами борышымыз.
Үшінші: толық тазалық. Адам әрбір әрекетіне есеп беріп, жамандықтан тыйылып, жақсылыққа ұмтыла білген кезде ғана тазалық орнайды. Адам баласы өзінің әрбір басқан қадамын, айтқан сөзін және іштегі ниетін таразылап оны бақылай алғанда ғана шынайы парасаттылық пен имандылыққа қол жеткізеді. Жүрегі таза, ниеті түзу, ісі адал адам ғана өзіне және айналасына, сондай-ақ бүкіл қоғамға шуағын шашады.
Айналамызды таза ұстап, адал еңбек етіп, имандылықты ту ету арқылы еліміз де, қоғамымыз да көркейе бермек.
Жаратқан Алла Тағала жүрегімізді өзінің дініне бекем етіп, тәнімізді жақсылыққа бағыттайтын ихсанға, жауапкершілікке бекем болуды нәсіп етсін!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
10.07.2026
33
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру