Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 05.04.2024 1840 0 пікір
МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Асыл дініміз мұсылмандардың өзара бауыр, туыс екенін, сонымен қатар бауырмалдықтың өзара ақылары мен міндеттерін бекітті. Осындай дін бауырымызға қатысты міндеттердің бірі – өзара қамқоршы, жанашыр болу.

Мұсылман адам өзгенің басына қиыншылық, қайғы-қасірет келгенде уайымдап, жүрегі ауырып, бар күш жігерін салып жәрдемдесуге, қамқорлық танытуға тырысады. Өйкені бұл Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен көркем үлгі-өнегесі еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 128-аятында:

لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ

«Сендерге өз араларыңнан сондай бір әзиз пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мүминдерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өзгелерге қамқор, жанашыр болумен қатар барлық  мұсылмандардың өзара жанашыр болуын насихаттап:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген  (имам Мүслим).

Мұсылманның мұсылманға деген қақморлығы тек көмек қолын созумен ғана өлшенбейді. Шынайы бауыр ретінде жанашырлық танытуында, өзін ойлағанындай оның да қал-жағдайын уайымдауында, ниеттес, тілекші болуында, қуанышы мен қайғысына ортақтасуында т.б. амалдарында көрініс табады. Бүгінгі жұма уағызымызда мұсылманның өзге мұсылманға деген қомқорлығының белгісі деп танылатын кейбір амалдарға тоқаталатын боламыз:

 

Бірінші: мұсылманның абыройын қорғау

Адам баласының бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі – абырой.  Осыны терең түсінген халқымыз: «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп өсиет айтып, адамның бойында жастайынан ар-намыс, абырой деген сипаттардың қалыптасуына ерекше мән берген. Ата-бабаларымыз ақ батасын бергенде: «Алла абырой берсін!», «Абыройлы бол!» дейтіні де осыдан.

Дінімізде де мұсылманның абыройы аса құрметті саналып, оған нұқсан келтіретін барлық істерге тыйым салынған. Сондықтан мұсылман адам өзге мұсылмандардың абыройы мен намысына құрметпен қарап, оны төгетін сөздер мен істерден сақтанады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 23-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ الْغَافِلَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ لُعِنُوا فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Расында абыройлы, ақ ниетті мүмин әйелдерге жала жапқандар дүние және ақыретте лағынеттелді. Әрі олар үшін үлкен азап бар», – деп айтқан.

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, мұсылман мұсылманның кемшілігін жасырып, жақсылығын асырып, оның ар-намысы мен абыройына барынша қорған, қамқоршы болуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға – харам», – деген (имам Бұхари).

Кейбір ғалымдар: «Мұсылманның абыройын төгу қасиетті Қағбаны қиратудан да жаман», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ رَدَّ عَنْ عِرْضِ أَخِيهِ رَدَّ اللَّهُ عَنْ وَجْهِهِ النَّارَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім бауырының ар-намысын қорғаса, Алла оның жүзін қиямет күні тозақ отынан қорғайды», – деген (имам Термизи).

Ибн Дәқиқ әл-Ғид (Алла оны рақымына алсын): «Мұсылманның ар-намысы тозақ шұңқырларының бір шұңқыры», – деп, өзгенің ар-намысына тиюдің, абыройын төгудің жазасы қаншалықты ауыр болатындығын білдірген.

 

Екінші: сырын сақтау

Сөзге беріктік, сыр сақтай білу, аманат деп тапсырылған хабарды ешкімге айтпау – адамның рухани кемелдігінің көрінісі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 34-аятында:

وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ ۖ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп айтқан. 

Қазақ халқында жамандық пен жақсылықты бірдей бөліскен, өзіндей көрген жанашыр адамды «сырлас» деп атаған. Осыдан «сырластым», «сыр төктім», «сыр ақтардым», «сыр бөлістім», «сыр айттым», «сыр сақтадым» деген сөздердің барлығы ата-бабаларымыздың сыр атаулыға қаншалықты үлкен мән бергендігін көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш дін нәзіл болған уақыттан бастап, сахабаларын сыр сақтауға үйреткен. Өйткені уахидың алғашқы кезеңінде жүректеріне енді ғана иман ұялаған мұсылмандарға дін жаулары зиян тигізбес үшін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаты жасырын болатын. Сахабалардың сол уақытта көрген тәлімі олардың бойларында сырды сақтау, аманатқа берік болу, уәдені орындау, сынды асыл қасиеттердің мықтап орнығуына себепші болды.

Сахаба Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын): «Жүрек – сырды сақтайтын орын. Еріндер – сол орынның кұлпы. Ал тіл – соның кілті. Сондықтан әрбір адам сырдың кілтіне мұқият болсын», – деп өсиет айтқан.

Мұсылман адам сырды да үлкен аманат деп біліп, оған ешуақыт қиянат жасауына болмайды. Өзгенің сырын аманат деп білуі үшін, ол адамның арнайы «бұл аманат» деп айтып, оны ешкімге тіс жармауды өтінуі шарт емес. Ол адам сырын айтқанда өзге кісі естіп қоймасын деп дауысын бәсеңдетіп, сыбырлап айтуы, жан-жағына қарап барып айтуы сынды әрекеттерінен мүмин адам оның сырымен бөлісіп тұрғандығын түсініп, оны аманат етіп сақтауы міндет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا حَدَّثَ الرَّجُلُ بِحَدِيثٍ ثُمَّ الْتَفَتَ فَهِيَ أَمَانَةٌ

«Егер адам бір сөз айтып, кейін жан-жағына бұрылатын болса, онда ол – аманат», – деп айтқан (имам Термизи). Тағы бір хадисінде:

إِنَّمَا يَتَجَالَسُ الْمُتَجَالِسَانِ بِالأَمَانَةِ وَ لَا يَحِلُّ لَأَحَدِهِمَا أَنْ يُفْشِيَ عَلَي صَاحِبِهِ مَا يَكْرَهُ

«Расында, отырыстағы екі адам аманатпен бірге отырады. Олардың бірі жолдасына ұнатпайтын жайтты жария етуі адал етілмейді», – деген.

Адамның жеке басына тән сыр жария болса, сол адамның ар-намысы аяққа тапталады. Ақан сері бабамыз:

Су шықпас қазғанменен тау басынан,

Қазақтың дау кетпейді сау басынан.

Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,

Ер жігіт жаңылады тәубасынан, – деп айтылғанындай, жақын тұтқан адамға айтылған сырды сақтамай, өзгелерге жария етуінің зардабы өте үлкен.

Сондықтан да мұсылман адам өзге мұсылманның сырын сақтап, жасыра білуі нағыз қамқорлық, бауырмалдықтың белгісі.

 

Үшінші: сырқаттанса жағдайын біліп, халін сұрау

Қандай да бір мұсылман науқастанып қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне, сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ

«Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», – деген (имам Бұхари).

Сырқатқа ұшыраған адамның халін сұрау Алла Тағаланың құзырында үлкен сауапты іс болып танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَعُودُ مُسْلِمًا غُدْوَةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُمْسِيَ وَإِنْ عَادَهُ عَشِيَّةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُصْبِحَ وَكَانَ لَهُ خَرِيفٌ فِي الْجَنَّةِ

«Бауырының халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта жемістер дайындалады», – деген (имам Термизи).

Халін сұрап барғанда мұсылман адам науқас адамның қал-жағдайын сұраумен қатар, тәубе турасында еске салып, өсиеттер айтып, ол үшін кешірім тілеп, қасиетті Құранның шипа аяттарын оқып дем салуы, Алла Тағаладан шипа тілеп, дұға жасағаны дұрыс.

Шариғатта науқас адамның жағдайын сұрауға арнайы уақыт белгіленбеген. Бірақ сырқаттанған адамға ыңғайлы уақытты таңдап барған жөн. Барудағы мақсат – ауру адамның көңілін аулау, оған қиындық туғызбау болғандықтан науқастың ұйықтап демалатын, дәрет алатын, ем қабылдайтын уақыттарында немесе тым ерте, тым кеш уақыттарда бармаған жөн.

 

Төртінші: сыртынан игі дұға жасау

Мұсылман адам өзі үшін де, өзгелерге де жақсылық тілеп, дұға етуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресі,19-аятында:

وَاسْتَغْفِرْ لِذَنبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ

«Күнәларыңның кешірілуін тіле. Әрі мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге де кешірім тіле (күнәлары үшін жарылқау тіле)», – деп бұйырған. Бұл аяттарда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне әрі басқа да мүминдер үшін дұға етуін бұйырған.

Қасиетті Құранда және де ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған дұғаларға назар аударар болсақ, мұсылман адам өзі үшін дұға еткеннен кейін өзгелер үшін де дұға етуі керектігі баяндалады. Мысалы, қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 10-аятында:

رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإِيمَانِ وَلاتَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلاًّ لِّلَّذِينَ آمَنُوا

«Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қалдырма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің», – деген дұға айтылған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   хадисінде:

دَعْوَةُ الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ لأخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيْبِ مُسْتَجَابَةٌ ، عِنْدَ رَأْسِهِ مَلَكٌ مُوَكَّلٌ ، كُلَّمَا دَعَا لأخِيهِ بِخَيْرٍ قَالَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ : آمِينَ وَلَك بِمِثْلٍ

«Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені)  оның жанында өкілетті періште тұрып, бауырына жақсылық дұға тілеген сайын өкілетті періште де: «әмин, саған да сол нәсіп болсын», – деп айтады», – деген (имам Мүслим).

Хадистен түсінгеніміздей қандай да бір мұсылман өзге мұсылман үшін дұға ететін болса, ол адам үшін періштелер жақсылық тілеп, дұға етеді. Осыны ескерген мұсылман дұғасында бауырларын да қалдырмай, қамтығаны жөн. Мысалы, Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын): «Мен намаздан кейін жетпіс бауырыма аттарын атап тұрып дұға етемін», – деген екен.

Көптеген ізгі адамдар түнгі намазға тұрып, дұға жасағанда жандарында бауырларының есімі жазылған арнайы парақша болады екен. Біз де өзгелерге тілекші, жанашыр болып, жасайтын дұғаларымызда өзге де бауырларымыз бен жақындарымыз үшін жақсылық тілеуіміз қажет.

 

Бесінші: мұқтаж болса жәрдемдесу

Шынайы бауырмалдық, туыстық адамның басына іс түскенде білінеді.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا وَشَبَّكَ بَيْنَ أَصَابِعِهِ

«Мүминнің мүминге қатысы бір-бірін қатайтып тұрған бүтін ғимарат іспеттес» – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне кіргізіп айқастырғандығы айтылады (имам Бұхари, Мүслим).

Мұсылманның жәрдемге мұқтаж екенін естіген екінші мұсылман жәрдем бергенше асығуы қажет. Ол жәрдем жағдайға қарай кейде қаражатпен, кей жағдайда өзі барып, күш-қауқарымен жәрдем тигізуді қажет етуі мүмкін. Ал кейде ақыл-кеңеспен де болады. Ең бастысы мұсылманның ауыр жағдайға тап болғанын естігенде бей-жайлық танытпай, уайымдап, ниеттес, қамқор болуы қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады», – деген.

Барлығы жақсы кезде жақын тұтып, басына сынақ келген кезде қамқорлық, жанашырлық танытпау мұсылмандыққа жат іс. Абай Хәкім ондайларға:

Жаман дос – көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың, – деп айтқан.

Яссауи бабамыз: «Қам көңілдің қайғысына дауа бол, жолда шаршап шалдыққанға сая бол» деп насихат айтқан. Ендеше, жақынының басына қайғы келген жағдайда мұсылман адам оның сейілуіне себепші болып, өзінің рухани жақындығы мен туыстығын қамқорлық танытуы арқылы көрсетуі тиіс.

 

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала қасиетті Құранның «Шұғара» сүресі, 215-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ

«Соңыңнан ерген мүминдерге жанашыр болып, қанатыңды жай», – деп айтқан. Аят Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаратыла айтылғанымен, ондағы бұйрық барлық мұсылманға тиесілі. Құс өзінің балапанын қауіп-қатерден қорғаған кезде қанатын жайып, оның астына алатыны сияқты, мұсылман адам да өзге мұсылмандарға қомқор, жанашыр, пана бола білуі тиіс.

Алла Тағала қасиетті айда ұстаған оразамызды, жасап-жатқан тағат-құлышлықтарымызды сауаптан жазып, қасиетті қадір түнінде тілейтін дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру