Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСТИҚАМАТ (ДІНГЕ БЕРІКТІК)

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 29.03.2024 2083 0 пікір
ИСТИҚАМАТ (ДІНГЕ БЕРІКТІК)

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Пенденің Жаратушысын танып, ақиқатты мойындап, тура жолға түсуі – Алла Тағаланың берген ең үлкен нығметі. Алайда адам баласының табиғатында әлсіреу, өзгеру сынды сипаттар бар. Осы себепті кей адамдар өзіндік ұстанымынан ауытқып, орындап жүрген құлшылықтарына енжарлық танытып, тастап қойып жатады. Бұлай істеу – қанша уақыт қиналып үй тұрғызып, кейін оны бұзып тастаудың мысалына ұқсас. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 92-аятында:

وَلا تَكُونُوا كَالَّتِي نَقَضَتْ غَزْلَهَا مِنْ بَعْدِ قُوَّةٍ أَنكَاثاً

«Жібін мықтап иіргеннен кейін қайта тарқатып жіберген әйелге ұқсас болмаңдар», – деп ескерткен. Жіпті қанша уақыт машақатпен иіргеннен кейін, оны қайтадан тарқату қаншалықты ақылға сыйымсыз көрінсе, жақсылық амалдардан кейін қайтадан күнәлі іске бет бұру да осыған ұқсас іс. Осы орайда адам баласына қажетті болған сипат – истиқамат. Яғни, дінге беріктік. Дінде берік болу деп – тура жолды тауып, хақ діннің жолына түскеннен кейін, одан оңды-солды ауытқымай, діннің барлық бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан толықтай тыйылуды айтамыз. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 99-аятында:

وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّى يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ

«Өлім келгенге дейін Раббыңа құлшылық ет» – деп, адам баласына соңғы демі шыққанға дейін тағат-құлшылықта болуға әмір еткен.

Әбу Әмр Суфян ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) былай дейді:

قُلْت: يَا رَسُولَ اللَّهِ قُلْ لِي فِي الإسلام قَوْلا لا أَسْأَلُ عَنْهُ أَحَدًا غَيْرَك.قَالَ: قُلْ آمَنْت بِاَللَّهِ ثُمَّ اسْتَقِمْ

Бірде мен: «Уа, Алланың Елшісі! Маған өзіңізден басқа ешкімнен сұрамайтындай ислам жайлы бір сөз айтыңызшы», – дедім. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға иман келтірдім де, сосын тура жолда берік бол», – деді» (имам Мүслим).

Аталмыш хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрақ қойып келген сахабасына екі нәрсені бұйыруда: біріншісі – иман келтіру, ал екіншісі – дінде берік болу.

Сондықтан мұсылман адам дінде берік тұруына ықпал ететін іс-амалдарға назар аударып, мұқият болғаны жөн. Тарқатып айтар болсақ, олар:

 

Бірінші: шынайы ықылас

Амалдарын шынайы ықыласпен орындаған адам шайтанның азғыруынан, түрлі күдікті ойлардан аман болып, дінінде бекем, ізгі істерде тұрақты болады. Жалпы ықылас деп – қандай да бір амалды бір Алланың ғана ризалығын көздеп атқару, одан басқа ешқандай да мақсатты қаламауды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресі, 5-аятында:

وَمَا أُمِرُوا إِلاَّ لِيَعْبُدُوا اللهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلاَةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ وَذَلِكَ دِينُ القَيِّمَةِ

«Асылы, олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған еді. Нағыз тура дін міне – осы», – деп айтқан.

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Істің көптігіне емес, аз болса да ықыласпен істеуге көңіл бөлу керек», – деп ықыластың маңыздылығын айтқан. Жәләлуддин Руми (Алла оны рақымына алсын): «Сенің барлық іс-әрекетіңе ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл алады. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?!» – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

مَنْ فَارَقَ الدُّنْيَا عَلَى الْإخْلَاصِ لِلَّهِ وَحْدَهُ وَعِبَادَتِهِ لَا شَريِكَ لَهُ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، مَاتَ وَاللهُ عَنْهُ رَاضٍ

«Кімде-кім ешбір серігі болмаған Аллаға ықыласпен құлшылық етіп, намазын оқып, зекетін беріп дүниеден өтетін болса, Алла разы болған күйде дүниеден өткен болып есептеледі», – деген (имам Ибн Мәжә).

Пенденің бойына бітетін жақсы мінез, көркем сипаттың барлығы адамның ішкі ниетін жөндеумен, әрбір істі шынайы орындаумен болады. Ықыласты болуды қалаған адам адамдардың көзіне түсіп, белгілі дәрежеге ие болудан, олардың мақтағанын жақсы көруден, өзгелердің көзінде жақсы болып көрінуден нәпсі қалауын тыйып, одан ұзақ болуы керек. Керісінше әрбір ісінде Жаратушыдан ықыласты болуды тілеп, дұға етуі тиіс. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَللَّهُمَّ رَبَّنَا وَرَبَّ كُلَّ شَيْءٍ، اِجْعَلْنِي مُخْلَصًا لَكَ وَأهْلِي فِي كُلِّ سَاعَةٍ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، يا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

«Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Мені және жанұямды әрдайым (әрбір сәтте) дүние және ақыретте ықыласты болуын нәсіп ет! Сен аса жомарт Иесісің!» – деген дұғаны үйреткен (имам Әбу Дәуід).

 

Екінші: ізгі адамдармен бірге болу

Мұсылман адамның дінінде тұрақты, берік болуына әсер ететін келесі амал – ізгі ортамен араласу. Себебі адам ізгі адамдармен бірге болған сайын бойында ізгілік сипаттар қалыптасады, ал жаман ортамен араласса, олардың жаман сипаттары да өз әсерін тигізеді. Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Ат пен есектің қорасы бір болса, мінездес болады», – деген екен. Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 119-аятында Алла Тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар әрі шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйыруы осыдан.  

Демек, мұсылман адам айналасындағы араласатын жандарының ізгі, шыншыл және парасатты, саналы болуына аса мән беруі қажет. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

اَلرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ

«Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!» – деген (имам Термизи).

Әбу Имран (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Бір күні мен Әбу Зәррдің (Алла оған разы болсын) мешітте жалғыз отырғанын көрдім. Одан: «Неге жалғыз отырсың?» – деп сұрадым. Ол: «Жалғыздық – жаман ортамен бас қосқаннан әлдеқайда жақсы, бірақ жақсы орта жалғыздықтан жақсы», – деп жауап берді».

Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 28-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَاصْبِرْ نَفْسَكَ مَعَ الَّذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدَوةِ وَالْعَشِىِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ وَلاَ تَعْدُ عَيْنَاكَ عَنْهُمْ تُرِيدُ زِينَةَ الْحَيَوةِ الدُّنْيَا وَلاَ تُطِعْ مَنْ اَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَنْ ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَيهُ وَكَانَ اَمْرُهُ فُرُطًا

«Таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ жүрегін, Бізді еске алудан қаперсіз болған, әуесіне еріп, ісі шектен асқан біреулерге бағынба», – деп бұйырған.

 

Қисса

Бір салиқалы адам күнде мешітке кетіп бара жатып, жолда күнәлі іспен айналысып отырған таныстарын көреді екен. Көрген сайын оларға насихат айтып, өзімен бірге мешітке барып, намаз оқуға шақырады. Сонда жолда отыратындардың біреуі оған: «Сен біздің өзіңмен бармайтынымызды жақсы білсең де, неліктен бізді күнделікті сенімен бірге баруға шақырасың?» – деп сұрақ қояды. Сонда әлгі салиқалы адам: «Егер сендерді көрген сайын мен өзіммен бірге баруға шақырмасам, сендер істеп отырған істеріңе ортақтасу үшін мені өздеріңе шақыратын едіңдер» – деген екен.

 

Үшінші: рухани дамып отыру

Сахабалар өміріне назар аударар болсақ, ислам келмес бұрын азғындықтың шегіне жеткен қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар, жүректеріне иман ұялағаннан кейін, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген хақ дінді түсініп, күнделікті түсірілген аяттарды бойларына сіңіріп, амал етіп, үздіксіз дамудың арқасында, күллі ғаламға руханият бастауын үйретуші ұлы тұлғаларға айналды. Мұсылман адам да «ораза ұстадым», «намаз оқыдым» деп шектеліп қалмай, кітап оқу, іздену, үйрену, жақсы адамдардан ғибрат алу арқылы әркез рухани даму үстінде болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

مَنْ اِسْتَوَى يَوْمَاهُ فَهُوَ مَغْبُونٌ

«Екі күні бір-біріне ұқсаған адам алданушы», – деп айтқан.

Қай сала болмасын ізденіс пен дамуды қажет етеді. Аз-аздан болса да күнделікті даму жолындағы жеке адам да, ұжым да әркез жеңімпаз болады. Бірде сахабалар Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, қандай іс Аллаға ең ұнамды іс болып саналады?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ұнайтын іс – аз болса да үнемі жалғасын тауып орындалатын іс», – деп жауап береді (имам Термизи). Демек, амалдың саны емес, аз болса да үздіксіз жасалып тұруы маңызды екен. Үнемі, үздіксіз орындалатын амалдардың сауабы арагідік істелетін амалдардың сауабына қарағанда көбірек болатыны туралы имам Ән-Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Аз да болса үнемі орындалатын амалдар арқылы Аллаға бойсұну жалғасын табады. Бұл Алланы еске алу, Оның бақылауын сезіну, Оған ықылас қою және Оған қарай бет бұру арқылы болады. Ал көп әрі қиын амалдар үзіліп, тоқтап қалуы мүмкін. Тіпті үнемі орындалатын аз амалдар дами келе арагідік орындалатын көп амалдардан бірнеше есе асып түседі», – деген.

Мұсылман адам білім алу, күнделікті пайдалы ақпарат іздену, Құраннан жаңа аят жаттау сияқты істер арқылы күн сайын аз-аздан дамып отыруы қажет.  Бір ыдыста ұзақ уақыт тұратын су бұзылып кететіні сияқты, бір дәрежеде тұрақтап қалған адам да рухани әлсірейді. Белгілі бір нәтижеге қол жеткізгеннен кейін, ары қарай ізденбейтін адамды Хакім Абай атамыз: «Әуелі – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады», – деп сынап айтқан.

 

Төртінші: нәпіл құлшылықтарды орындау

Мұсылман адам әрдайым Жаратушысымен байланысын үзбей, ғибадат-құлшылықта болуы үшін, дінімізде парыз етілген амалдардан бөлек, нәпіл құлшылықтардың да сауабы ерекше мол екендігі айтылған.

Нәпіл амалдар дегеніміз – шариғат тарапынан міндеттелмеген, бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыздан бөлек өз еркімен қосымша істеген құлшылықтарды айтамыз. Мысалы, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген: «Расында, адам баласы ақыретте амалдарының ішінде ең бірінші намазы үшін сұралатын болады. Егер ол дұрыс болса, ол пенде құтылып, табысқа кенеледі. Ал егер намаздары дұрыс болмаса, онда ол өкініп қасіретке тап болады. Егер оның парыздарының кемшіліктері болса, Ұлы Алла Тағала: «Менің құлымның парыз амалдарынан кеткен кемшіліктерін толтыратын нәпіл амалдары бар ма екенін қараңдар», – деп бұйрық береді. Кейін оның барлық амалдары осылайша есепке тартылатын болады» (имам Термизи).

Ғалымдарымыз парыз етілген құлшылықтарды қамалға, ал нәпіл ғибадаттарды қамаудың қоршауына теңеген. Себебі қамалдың қоршауы жоқ болса дұшпанға оңай алынатындығы сияқты, шайтан үшін нәпіл құлшылықтардан қол үзген адамға, парыз құлшылықтарды тастатып қою оңай. Осы себепті де мұсылман адам парыз етілген құлшылықтардан бөлек, нәпіл құлшылықтарды орындауға да ерекше ден қоюы тиіс.

Нәпіл құлшылықтар адамның дініндегі тұрақтылығын арттырып қана қоймай, Жаратушымыздың сүйіспеншілігіне де жетелейді. Құдси хадисте Алла Тағала:

وَمَا تَقَرَّبَ إِلِيَّ عَبْدِيْ بِشَيءٍ أَحَبَّ إِلِيَّ مِمَّا افْتَرَضْتُهُ عَلَيْهِ. ولايَزَالُ عَبْدِيْ يَتَقَرَّبُ إِلَيَّ بِالنَّوَافِلِ حَتَّى أُحِبَّهُ،

«Пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі – оған парыз еткен амалдарым. Сонымен қатар пендем Маған нәпіл құлшылықтармен жақындайды да, Мен оны жақсы көретін боламын», – деп айтқан (имам Бұхари).

Нәпіл ғибадаттардың мерзімі шектеусіз. Оны пенде сауап жинау үшін қай уақытта, қашан орындаса да болады. Яғни адам баласы қалаған уақытта, қалаған жерде, қандай жағдайда болсын Алла Тағалаға құлшылық ете алады.

 

Бесінші: дұға жасауда тұрақты болу

Тура жол – адам баласына Алла Тағала тарапынан берілетін үлкен нығмет. Себебі Алла Тағала тура жолға пенделерінің арасынан қалағанын салады.  Қасиетті  Құранның «Бақара» сүресі, 213-аятында:

وَاللَّهُ يَهْدِي مَنْ يَشَاءُ إِلَى صِرَاطٍ مُسْتَقِيمٍ

«Алла қалағанын тура жолға салады», – деп айтқан. Осы себепті де мұсылмандар намаз сайын оқылатын «Фатиха» сүресінде Жаратушымызға «Тура жолға бекіте гөр, одан ауытқыта көрме» деген ниетте:

اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ

«Бізді тура жолға сала гөр!» – деп дұға етеді.

Имам Ғазали орта жолды ұстану, яғни шектен шықпай, күпірлік етпей жүру «қылдан жіңішке, қылыштан өткір» жол деген. «Түзу жолмен жүру оңай емес» дей келе: «Туралықпен жүрудің қиын болғаны үшін әрбір мұсылман пенде күнде бес уақыт намазында «Бізді тура жолға бастай гөр!» – деп дұға етуі керек», – деген (Ихяу улумиддин. ІІІ т., 63-64 бет).

Қасиетті Құранда мұндай мағынада келген бірқатар аяттар бар. Мысалы, «Әли-Имран» сүресі, 8-аятында:

رَبَّنَا لَا تُزِغْ قُلُوبَنَا بَعْدَ إِذْ هَدَيْتَنَا وَهَبْ لَنَا مِنْ لَدُنْكَ رَحْمَةً إِنَّكَ أَنْتَ الْوَهَّابُ

«Уа, Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқыта көрме. Бізге өз қасыңнан игілік бергейсің. Күмәнсіз, Сен мол сый-сияпатқа бөлеушісің», – деп айтылған.

Әсіресе қасиетті Рамазан айында осындай әрі өзге де жақсылық дұғаларды көптеп тілеуге тырысқан жөн.

 

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала баршаларымызға тура жолда тұрақтылық, құлшылықтарымызға беріктік нәсіп етсін. Өйткені тура жолда бекем болу соңғы демімізде періштелердің сүйіншілеуіне себеп болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фуссилат» сүресі, 30-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا تَتَنَزَّلُ عَلَيْهِمُ الْمَلاَئِكَةُ أَلاَّ تَخَافُوا وَلاَ تَحْزَنُوا وَأَبْشِرُوا بِالْجَنَّةِ الَّتِي كُنْتُمْ تُوعَدُونَ

«Расында: «Раббымыз Алла» деп, сосын туралықты ұстанғандар, оларға періштелер түседі де: «Қорықпаңдар және қайғырмаңдар! Сендерге уәде етілген жәннат арқылы қуанышқа бөленіңдер», – дейді», – деп айтқан.

Алла Тағала біздерді имандылықта бекем, құлшылығында тұрақты пенделері қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру