Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫ ҚАУЫМ ЖЕСІР ӘЙЕЛДІ ҚАҢҒЫРТПАЙДЫ

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ muftyat.kz 17.06.2020 10897 0 пікір
ЖАҚСЫ ҚАУЫМ ЖЕСІР ӘЙЕЛДІ ҚАҢҒЫРТПАЙДЫ

Ислам діні – Алланың жер бетіндегі құлдарына мейірімін төгіп, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды, адамдық пен надандықты, адал мен арамды қара қылды қақ жарғандай тура таразылайтын, шүбәсіз туралыққа бастайын дара жол.

 

Құран қайырлы іске үндейді

Құран Кәрім – Раббымыздың адам баласына тура жолды оңай тауып, қамшының сабындай қысқа өмірдің мағынасы мен мақсатын ұғынуы үшін соқырға таяқ ұстатқандай дүние мен ақырет істердің бірін қалдырмай  баяндап беретін, адамзатты кемелдікке жеткізетін, терең мазмұнды, күмәнсіз, айқын нұсқаулығы. Адамзаттың өмірге қадам басуынан бейхабар болған сәтінен бастап, соңғы нәтижеде қандай халде боларынан хабардар ететін бұл мұғжизада, назардан тыс қаларлықтай ешнәрсе жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу, ақыл-парасатымен ізгілікке құмартушы әрбір тұлға үшін, керемет үлгілер мен татымды өнегелер бар. Олай болса Жаратушы Жаббар Иеміздің біз үшін, теңіз түбіндегі асыл жауһарлар іспеттес, сырлы даналықтарына ой жүгіртіп, исламдағы көкейкесті мәселелердің бірі, қазіргі таңда қоғамның қасіретіне айналған, жесір әйел жайында ой қозғамақпыз.

Қасиетті Құранда: «Әрине сендерді қayiп-қатер, аштық және малдан, жаннан, сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед! Сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз» – деді» («Бақара» сүресі, 155-157 аяттар), «Әлде өздеріңнен бұрын өткен қауымдардың бастан өткергендері сендерге келмей тұрып жұмаққа кіреміз деп ойладыңдар ма? Олардың адам айтқысыз көптеген ауыртпалықтарға душар болып, күйзелгені соншалық, пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер «Алланың жәрдемі қашан келеді?» дейтіндей жағдайға жетті. Біле-білсеңдер, Алланың жәрдемі өте жақын» («Бақара» сүресі, 214 аят).

Осы Құран аяттарынан түсінетініміз, Алла Тағала адам баласына нені жазса да, мейлі тіпті оны адам ұнатпаса да пендесі үшін қайырлы, пайдасы бар болған себепті жасайды. Есті адам басына қиыншылық келген сәтте дереу есін жиып, Алланың оған бір жақсылықты қалап тұрғанын есіне алуы керек. Расында Алла сол қиыншылық арқылы құлының күнәларын жояды, дәрежесін көтереді, сауабын арттырады.

 

Хадистен түйер тәлім

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жесір жайлы былай дейді: «Жесір мен міскінге жақсылық жасап көмектесуге ұмтылған әрбір адам Алла жолында барын салып күрескен жанкешті құл секілді және түнінде шаршамай-талмай құлшылық ететін әрі үзбей ораза ұстайтын адам сынды» (Бұхари, Муслим). Яғни Пайғамбарымыздың бұл сөзінінен жесір мен міскіннің жағдайын жақсартып, көмек беріп, қолдау көрсеткен адамның сауабы Алла жолында күрескен және түнінде әрдайым бойынан шаршауды сезінбей тәһәджуд намазын оқитын сонымен қатар үзбей ораза ұстайтын адамның сауабына тең екенін түсінеміз. Хадистен алатын өнегеміз мынадай:

  • Осы секілді сауапты істерді тұрақты түрде жасау нәпсімен және шайтанның азғыруымен күресуді талап ететін іс екендігін баяндайды.
  • Әлсіздердің мұңын жоюға, қиындықтан құтқаруға, мұқтаждығын кетіруге жетелейді.
  • Ислам дініміздің іргесі берік болуы үшін бізді өзара бірлікке, ынтымақтастыққа, әрдайым көмекке дайын болуға, адамдардың бір-біріне қамқор болуына қызықтыруы.
  • Құлшылық барлық ізгі амалды қамтиды.
  • Ғибадат дегеніміз – Алла сүйетін және оған разы болатын іштей я сырттай, жария немесе жасырын жасалатын ізгі істердің барлығына арналған атау.

 

Үммі Сәләмәнің дұғасы

Үммі Сәләмә (Алла оған разы болсын ) анамыздың күйеуі дүниеден өткен кездегі бастан өткерген оқиғасын еске сала кетейік. Ол ешбір адамды күйеуінен артық көрмеуші еді әрі күйеуінің орнын ешкім толтыра алмайды деп ойлайтын. Кейін күйеуі қайтыс болған уақытта Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыртпалық келген кезде осыны айтыңдар деп адамдарға үйреткен дұғасын есіне алады. Ол дұғада: «Расында біз Алладанбыз және оған қайтамыз. Я Раббым! Мендегі бұл қиындықтың қарымын сауаппен қайтар және маған одан да хайырлысын нәсіп ет» деп айтылған-ды. Осыны есіне алды да іштей «менің күйеуімнен артық кім болуы мүмкін» деді. Осылайша Алла Тағала оған Әбу Сәләмәдан артық жар нәсіп ете қоймас деп ойлаған болатын. Бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне еріп, осы дұғаны оқиды. Көп ұзамай Алла оған шәксіз Әбу Сәләмәдан да қайырлы жар нәсіп етті. Ол екі дүние сардарының өзі еді. Міне, Алланың уәдесіне деген мүлтіксіз сенім мен Алла елшісіне бойұсынудың берекеті қандай. Бұдан түсінетініміз, басына қиындық келген адамның әрбірі сол сынақпен күресе білуі қажет және бұл дүниеде ауыртпашылықпен алысқаны үшін Алланың ол пендесі үшін ақыретте нендей сыйлықтар әзірлеп қойғанын естен шығармауы ләзім.

 

Ой салар оқиға

Көкейге қонымды, мысалы мен өнегесі ұштасқан өмірлік оқиғалардан ғибрат алып, жесір мен жетімге жақсылық жасаудың пайдасы жайында мынадай оқиғаны мысалға келтіре кетейік. Араб елдерінен тыс бір елде өзінің күйеуі және бірнеше қызымен кеңшілікте, берекелі кең өмір сүріп жатқан отбасы болады. Бір күні тағдырдың жазуымен ол үйдің отағасы дүниеден озып, әлгі әйел мен кішкентай қыздарының басына кедейлік орнап, жағдай қиындай түседі. Осы жағдайдан кейін әйел қыздарын алып дұшпанның табалауынан сақтанып, аулаққа, басқа қалаға аттанады. Олар шыққан күні күн күрт суып, қалаға әрең жетеді. Келе салысымен қыздарын ескі, құлауға шақ қалған бір мешітке орналастырып, өзі сол күндік азығының қамымен жолға қайта шығады. Жолда екі мәрте топталған адамдардың  жанынан өтеді. Бірінші өткен тобы – сол қаланың мұсылман данышпанының қасына жиылған адамдар екен. Ал екіншісі – сол қаладағы бір маджуси (отқа табынушы) адамның қасына топталғандар. Сәл ой жүгіртіп барып әлгі әйел өз жағдайын айтуға мұсылманды лайық көріп, оған өз жағдайын баяндап: «Мен Әлидің ұрпағынан болған жоғары текті әйелмін, жесір қалдым, балаларым жетім қалды, қазір оларды осындағы ескі мешіттердің біріне қалдырып кеттім, осы түні оларды тамақтандыруды қалап едім» дейді. Сонда әлгілер: «Егер сөзің рас болса, Әлидің ұрпағынан болсаң, онда мұныңа дәлел келтір?» деп оғаш жауап қайтарады. Сонда әйел: «Мен бұл жерде бөтенмін, мені танитын бұл маңда ешбір жан жоқ» дейді. Алайда сенген адамы одан сырт айналады. Осы сәт ол әйелге қатты әсер етіп, ұнжырғасы түсіп, жүрегі қарс айрылып, үмітін үзді де кете барды. Осылайша, екінші топтың ұйытқысы маджусиге де барып қол ұшын созарына соншалық сенбесе де жағдайын айтуды артық санамады. Жақындады да жағдайын баяндады. Өзінің текті ұрпақтан екендігін, бұл қалада ол бөгде жан екенін айтты, бағанағы мұсылманмен болған жағдайды да жасырмады. Осыны естіп бола салысымен әлгі маджуси өз әйелдерінің бірін жіберіп, жесір әйелді қыздарымен қоса үйіне алдыртып, ең дәмді асын ұсынып, ең сапалы киімін кигізіп, қонақжайлықпен, ерекше ілтипатпен үйіне қондырады.

Сол түні әйелді қайтарып жіберген әлгі мұсылман бір түс көреді. Түсінде қиямет қайым келіп, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көріп және сол маңнан тағы бір өте үлкен, жап-жасыл зумруд тастан қаланған, балконы көз жауын алатын жақұт пен інжу тастарынан жасалған және оның биік күмбездері жалтыраған інжу-маржаннан жасалған керемет сарайды байқайды. Артынша «Я Расулалла! Бұл сарай кімдікі?» дейді. Сонда әлгіге «Бұл сарай тек жалғыз құдайға табынатын адамдыкі» мұны естіген ол: «Я, Расулалла! Мен де жалғыз құдайға табынатын мұсылманмын» деп айтады. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса сен жалғыз құдайға табынатыныңа дәлел келтірші. Саған әлгі әйел келгенде сен де оған осылай айтқан едің. Ендеше сен де дәлел келтір» дейді. Осылайша, бұл мұсылман сол бір әйелді жабырқатып, қайтарып жібергеніне қайғырып, ұйқысынан көңілсіз оянады да, сол күннен бастап жүрген жерінде жесір әйелге іздеу сала бастайды.

Бір күні ол әйелдің бір маджусидің үйінде екенін естиді де маджусиді алдыртып «маған жесір әйел мен оның қыздарын бер» дейді. Сонда маджуси: «Олардың берекесі маған бұйырды, бермеймін» деп келіспейді. Діндар: «Мына мың динарды ал да, маған оларды тапсыр» деп екінші рет көндіргісі келеді. Сонда маджуси: «Сенің қалап тұрған нәрсеңе негізі мен лайықтымын, сен түсіңде көрген сарай мен үшін тұрғызылған, жалғыз сен ғана Исламда емессің, Алла атымен ант етейін кеше түнімен сол Әлидің ұрпағынан болған әйелдің алдында отбасыммен бірге Исламды қабылдағанға дейін тыныштық таппай ұйықтай алмадым. Сен түсіңде көргенді мен де көрдім және маған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Әлиден болған әйел мен қыздары сенің қолыңда ма? Мен «иә» дедім, сол кезде Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сені әуелден мүмін қылып жаратқан, мына сарай саған және отбасыңа тиесілі, сен отбасыңмен бірге жәннат иелеріненсің», - деді. Осы оқиғадан кейін әлгі мұсылман арқасына күйініш пен өкініш арқалап, өзінің не нәрседен мақұрым қалғанын жаңа ғана анық аңғарғандай қайғырып кете барды (Имам Заһаби, Китабу әл-Кабаир, 68-69 беттер).

 

Түйін

Міне, жесір мен жетімге жақсылық жасаудың сондай берекелі іс екенін және оны жасаған адамның қандай мәртебеге қол жеткізіп, жемісін қалай көретінін осы оқиға желісі арқылы анығырақ байқадыңыз. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақи қоғамымызға жақсылықтың бұл түрі ежелден жат емес. Қазақ – әлімсақтан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, шариғатына шаң жуытпаған, әділдіктің туын желбіреткен, ет жүрегін елжіреткен дана халық. Ендеше, Алла Тағала баршамызды салихалы құлдардан болуды нәсіп етсін!

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ,

РАНТ мүшесі,

«Һибатулла Тарази» медресесі директорының орынбасары

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру